Қарағанды

ОНЛАЙН ТӨЛЕМ немесе жаңа жүйенің жыры

«Наурыз айынан жолақысын арнайы карта арқылы төлейміз» деп күткен халықтың үміті бірден ақталмады. Автопарк басшыларының бос уәдесінің бірі болып шықты. Өйткені, қалаішілік автобустар жаңа жүйеге көшеді дегелі жылдың жартысы өтті. Бірақ, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі жаңа жүйе қыркүйектің 15-інен бастап тестілеу режимінде жұмыс істейді деп отыр. Бұл туралы баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

ЖОЛ АҚЫСЫ ҚЫМБАТТАМАЙДЫ

Кореяның «SMART CARD» жекеменшік компаниясы барлық шығынды өз мойнына алған. Қазір автопарктегі 560 автобустың 350-іне құрылғы қойылған. Жолаушылардың жол ақысын төлеуін қадағалау үшін камера мен арнайы экран орнатылған.

«SMART CARD» төлем карталарын қаланың 50 сауда нүктесінен сатып алуға болады. Алдағы уақытта «Қазпошта» АҚ 48 филиалы іске қосылмақ. Бүгінде облыс орталығында 250 мың данадан астам карта сатылымға шығарылған. Бағасы – 600 теңге. Сатып алған уақытта компанияның ресми сайтына (www.scard.kz) кіріп, тіркеуден өту керек. Және сатып алған жеріңнен сатушыға жүгініп, карта ішіне қажет сомаңды салып аласың. Ал, тестілеу режимі 15 күнге созылады деп жоспарлануда. Қажет болса, тестілеу режимі одан әрі жалғасады. – Жол ақысы өзгермейді. Халықтың әлеуметтік санатындағылар, уақытша ескі жол жүру құжатын пайдалана береді. Әдеттегідей кондукторларға көрсетуі керек. Кейін электронды төлем жүйесі бір арнаға түскенде, жеңілдіктерді пайдаланатын адамдар жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жүгінуі керек. Қазір «Каспий» және «Киви-әмиян» терминалдарынан картаны толтырудың тиімді нұсқалары бойынша әлі де келіссөздер жүргізілуде, – деді қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Ескендір Кабидолла.

ТӨЛЕМ КАРТАСЫНЫҢ ТҮРЛЕРІ

Жолақысын төлемеген жолаушыға 2 АЕК, яғни, 5302 теңге мөлшерінде айыппұл салынады. Тестілеу режимінде құқық бұзған адамға ешқандай айыппұл салынбайды. Жалпы, карта стандартты, оқушыларға, зейнеткерлерге арналған және жеңілдік картасы болып бөлінетін көрінеді. Бастапқыда тек алғашқы екеуі қолданылады. Жеңілдік картасы мүгедектерге, ҰОС ардагерлері, көпбалалы отбасыларға, стипендиаттар мен басқа да мұқтаж жандарға арналған. Мұны әлеуметтік қамсыздандыру және жұмыспен қамту орталықтары ұсынып отыр. Артында «Қарағанды қаласының әлеуметтік қамсыздандыру және жұмыспен қамту орталығы» деген арнайы жазуы бар. Ал, оқушы, зейнеткер мен ересектерге бір түстегі карталар беріледі.

– Жаңа жүйеге үйренуі үшін халыққа біраз уақыт керек. Сондықтан, тестілеу режимін енгізгенбіз. Карта – қауіпсіз әрі өнімділігі жоғары. Алдағы уақытта мұнымен тек жолақысын ғана емес, көлік тұрағы мен басқа да сервистерді төлеу мүмкіндігін қарастырып жатырмыз, – деді «SMART CARD» компаниясының директоры Джейсон Ан.

Газеттің ақпандағы №14 санында жазғанымыздай, әзірге өзгерген ештеңе жоқ. Жаңа жүйе бір ізге келгенше сатып алынған жалпы жол жүру билеті қолданыла береді. Әлі де күрмеуі көп мәселелер жүре-жүре шешілетініне сенейік.

Суретті түсірген автор.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button