Спорт

Онлайн-бәсеке мәреге жетті

Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ 2003 жылдың 15 қарашасындағы Жарлығымен тамыз айының үшінші жексенбісі – «Спорт күні» деп бекітілген еді. Аталған мерейтой қарсаңында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы қауіпсіздік шараларын сақтай отырып дойбы, жеңіл атлетика мен допты әуеде қалықтатып тебу сынды спорт түрлерінен онлайн-сайыс ұйымдастырды.

Дойбыдан өткізілген турнирге аймақ бойынша 38 спортшы қатысыпты. Олар ересектер мен жасөспірімдер санатына бөлініп, бақ сынаған. Сайыс қорытындысы бойынша ерлер арасында I орынды Андрей Телесов (Осакаровка к.) еншілесе, әйелдерден Мария Костицына (Абай қ.) жеңіп алды. Ал, жасөспірімдер арасынан Бақыт Рахат (Балқаш қ.) және қыздар арасынан Малика Мұқаева (Абай қ.) еншіледі. Ұлдар арасында Бейбарыс Мұқашев (Балқаш қ.) пен қыздар арасынан Софья Рынгач (Абай қ.) жеңіс тұғырынан көрінді.

Кезекті жеңіл атлетикадан өткен сайысқа облыстан 82 ерікті қатысуға өтініш білдірген. Әр спортшы жүгіретін жерінің қашықтығы мен нәтижесін көрсетіп видео түсіруі қажет және олар бастаған уақытын, күнін және өзі жайлы толық ақпаратты төрешілерге жіберуі керек. Сондай-ақ, әр қатысушының телефонында «Strava» қосымшасы болуы шарт. Межелі қашықтықты аз уақыт ішінде бағындырған қатысушы жарыс жеңімпазы атанады. Жас аралықтарына қарай 3 топқа бөлген.

2002 жылғы жасөспірімдер арасында Павел Овцынов (Қарағанды қ.), бойжеткендерден Виктория Сенькина (Қарағанды қ.), 2003-2004 жылғы ұлдардың ішінен Дәулет Берікбол (Қарағанды қ.), қыздардан Ольга Панина (Теміртау қ.) жүгіріп өтті. Ал, 2005 жылғы балалар арасынан Азамат Аденов (Абай қ.), қыздардан Анастасия Цвиркунова (Теміртау қ.) жеңімпаз атанды. Допты әуеде қалықтата тебу сайысына 150-ден астам бейнежазба келіп түсіпті. Түсінікті тілмен айтқанда, допты бір минут ішінде жерге түсірмей аяғымен ойнатып тұруы және қимылды бейнетаспа алдында орындауы керек еді. Және ешқандай жасандылықсыз, монтажсыз көрсетілген мекен-жай бойынша жіберуі шарт. Осы айтылған ойынның тәртібін ескере отырып шешім қабылдаған қазылар алқасы теміртаулық Ислам Жанболатты жеңімпаз деп жариялады. 11 жастағы спортшы талап еткен уақыт ішінде допты 186 мәрте жерге түсірмей тепкен. Исламның футболмен айналысып жүргеніне бір жылдың жүзі болыпты. Допты жанына серік еткеніне шамалы болса да өзінің ептілігі мен еңбекқорлығын көрсете білді. Сайыстың жеңімпаздарына ұйымдастырушылар тарапынан дипломдар мен бағалы сыйлықтар тарту етілді.

Сондай-ақ, мереке қарсаңында 14-17 тамыз аралығында еріктілер тағы бір онлайн турнирге қатысып, бақ сынауға мүмкіндіктері бар. Ерлер белтемірде тартылса, әйелдер кеудені жерден көтеріп сайыспақ. Мұнда 12 жастан бастап 50 жас мұғдарындағы спортшылар қатыса алады. Үміткерлер қимылдарын бейнетаспаға жазып, veronika.ermolaeva.67@mail.ru электрондық мекен-жайына жіберулері қажет. Жас ерекшеліктеріне қарай 3-5 минут аралығы белгіленген. Бейнетаспадағы жазба ешқандай программалардың түзетілуінсіз болуы шарт.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button