15 сәуір – “Қозы Көрпеш – Баян Сұлу” күні

Бүгін – ғашықтар күні. Қазақстанда 2011 жылдан бастап сәуір айының 15-і Ұлттық ғашықтар күні ретінде аталып өтіледі. Ел арасында бұл күнді – “Қозы Көрпеш пен Баян сұлу” күні деп те атайды. Бұл дата ешқандай құжатта көрсетілмегеніне қарамастан, жастар арасында кейінгі жылдары кең танылған. Мереке қазақ лиро-эпостық жырының кейіпкері Қозы Көрпеш пен Баян Сұлудың құрметіне арналған.

Мәңгілік махаббат символы Ғашықтар күнінің Қозы Көрпеш-Баян сұлу күні деп аталуының өзіндік себебі бар. Өйткені қазақ халқында бұл қос жұп – мәңгілік махаббат пен кіршіксіз сезімнің символы болып қала бермек. Қозы мен Баян – XIII–XIV ғасырларда өмір сүрген қазақ эпосының кейіпкерлері болып табылады. Қазақ ауыз әдебиеті тарихында аталмыш жыр ең көне әрі ең көп таралған эпос болып отыр. 

Қозы Көрпеш пен Баян Сұлудың махаббаты

“Қозы Көрпеш – Баян Сұлу” дастаны қазақ халқының ең көне, ел арасында көп тараған жырдың бірі саналады. “Қозы Көрпеш – Баян Сұлу” жыры тек қазақ арасында ғана емес, Совет одағының көптеген халқында да мол тараған. Жырдың бір нұсқасында Қарабай мен Сарыбай аңға шығады. Екеуі құда боламыз деп келіседі.
Кейіннен Қозы жетім қалып, жалқы өсіп, кейін ғана Баян атты қалыңдығының бар екенін біледі. Оны іздеп шыққан сапарында көп қиындықты жеңіп, ақыры қайын жұртына барады. Қозы Сарыбайдың еліне келген соң біраз уақыт тазша болып жүреді. Баянмен кездесіп, оған оңашада өзінің кім екенін білдіреді. Екеуі көңіл қосып табысады. Бірақ олардың сырын Қодар біліп қойып, қайтсе де Қозыдан құтылудың жолын іздейді.
Ақыры қапылыста оны оққа ұшырады. Қозы Көрпештің кегін қуған Баян сұлу Қодарды айламен өлтіреді, ғашық жарының моласына келіп өзін-өзі қанжармен жарып өледі. Кейіннен қос ғашықтық махаббатына дәлел ретінде күмбез қойылған.
Қозы-Көрпеш – Баян сұлу кесенесі қайда орналасқан?

Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданы, Таңсық ауылының маңында халық эпосының басты кейіпкерлеріне айналған – Қозы Көрпеш – Баян сұлу кесенесі орналасқан. Мазар Қазақстандағы ең көне жәдігерлердің бірі болып табылады. Кесененің нақты қай ғасырда тұрғызылғаны күні бүгінге дейін белгісіз. Ғалымдардың кейбірі оны V-X ғасырларда тұрғызылған десе, енді бірі мазардың іргетасы X-XI ғасырларда қаланған дейді.

Күмбездің табаны төрт бұрышты таған түрінде (сырт жағынан ауданы 7,10×7,10 м, ішкі жағынан 3,38×3,38 м), жоғары қарай сүйірленіп, күмбезделіп өрілген. Биіктігі – 11,65 метр, еденінен күмбезіне дейінгі биіктігі 4,35 метрді құрайды. Қабырғасы гранит қалақ тастан сабан аралас балшықпен қаланған, қалыңдығы – 1,86 метр. 

Кірер есігі шығысқа қаратылған. Оңтүстік-шығыс қабырғасында өлшемі 0,7×0,5 метр саңылау бар (қабырғадан 2,3 м биіктікте). Қозы Көрпеш – Баян сұлу мазарының жанында төрт тас мүсін болған. Олардың кескінін ең бірінші болып 1771 жылы Г. Волошин қағаз бетіне түсірген. Тас мүсіндерде үш әйел мен бір ер адам бейнеленген. Халық арасындағы аңыз бойынша, үш әйелдің біріншісі – Баян сұлу, екіншісі – сіңлісі Айғыз, үшіншісі – апасы Айтаңсық, ер адам – Қозы болған екен. Өкінішке қарай, қазір бұл тас мүсіндер жоғалып кеткен. Ел ішіндегі аңыз-әңгіме бойынша Қозы Көрпеш – Баян сұлу мазарын және оның жанындағы тас мүсіндерді Сарыбайдың інісі Тайлақ би жасатқан деп айтылады.

Кесене 1982 жылы Қазақ КСР республикалық маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштерінің қатарына еніп, мемлекет бақылауына алынған. Ал 2013 жылы ШҚО Аягөз қаласында қос ғашыққа арналған ескерткіш орнатылды. 

Дайындаған: Аида РАХЫМҚҰЛОВА,

ortalyq.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.