Қазыналы өлке– бақуатты тұрмыс мекені

Бейсенбі күні қарағандылықтардың әл-ауқаты – ел жұртшылығы талқылаған бас тақырыпқа айналды. Қол жеткізген жетістіктеріміз бен бағындырған белестерімізге дос сүйінді…

Ел экономикасының қара нары – көмірлі өлкеде орайын тапқан ауқымды істер баршылық. Ауыз толтырып айтуға тұрарлық жобалар жүздеп саналады. Өндірісі өрлеген, алтын масаққа көмілген дала төсінде мыңғырып мал өсуде. Берекесі артып, дәулеті шалқыған жұрттың тұрмысы – бұл. «Жақсыны көрмекке» деген. Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ аймақтың соңғы тоғыз айдағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы сөз қозғады.

Ел экономикасының

 10 пайызы

 

Ел экономикасының 10 пайызы – облыс еншісінде. Кенді өлке – республика өңірлері арасында минералды шикізат өндіру және қоры бойынша көш басында. Жіктеп айтар болсақ, облыстағы жер қойнауында 9 млрд. тоннадан астам көмір, 3 млрд. тоннадан астам мыс кені, 60 млн. тоннадан астам марганец және 400 млн. тонна мырыш бар. Ұшан-теңіз байлықты игеруде аймақ кәсіпорындары айтарлықтай нәтижеге қол созуда.

Облыс экономикасының барлық бағыттары бойынша өсу көрсеткіштері байқалады. Өндіріс ошақтары технологиялық жаңғырту жұмыстарын белсенді қолға алуда. Елбасы Жолдауынан бастау алған Үшінші жаңғыру мақсаттарына Қарағанды облысында 140 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді.

– Қарағанды облысында соңғы тоғыз ай қорытындысы бойынша экономикалық дамудың барлық көрсеткіштері бойынша өсімге қол жеткізілді. Өнеркәсіптегі өсім 4,1 пайызды құрап отыр. Инвестиция көлемі 258 млрд. теңгені құрап, 3,8 пайызға ұлғайды, – деген облыс әкімі технологиялық жаңғыру – дамудың басты трендтерінің біріне айналғанына тоқталды.

Биыл Қарағанды облысындағы өндіріс орындары ауқымды жаңғыруға кірісті. 4 жүйе құрушы кәсіпорын технологияны жаңартуға 140 млрд. теңге салды. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ жаңашылдықтар нәтижесінде жыл соңына дейін 4,2 млн. тонна болат өндіру қуатын еңсеріп,  өндірісті 9 пайызға ұлғайтуды жоспарлауда.

Ескірген технологиямен жоғары межені бағындыру мүмкін емесі белгілі. Заманауи технология компанияның бәсекелестік ортада алға шығуына мүмкіндік беріп, барлық процестерді оңтайландыруға жол ашады. Кенді қабылдау кезеңінен бастап, дайын болат алуға дейінгі аралық 3 мың құрылғымен бақыланады. Яғни, құрылғылардың мәліметі бойынша өндірісті сандық басқару жүйесі тиімді шешім шығарады.

«Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС-де өндірісті жаңғырту үстінде. Әкім корпорациядағы жұмыстар барысына да тоқталды.

Компания гидрометаллургия технологиясын енгізуде. Биыл кәсіпорын 320 мың тонна мыс өндіріп, былтырғы жылмен салыстырғанда 6 пайызға артық көрсеткішті бағындыруды көздеп отыр.

Сондай-ақ, «Шұбаркөл Көмір» АҚ тау-кен көлігі кешенін басқаратын «Ақылды карьер» жүйесін қолға алуда. Кәсіпорын өнім көлемін 11 млн. тоннаға ұлғайтып, көмірді толыққанды өңдеуді бастады.

Технологиялық жаңғырумен қатар, еңбек ресурсына қатысты мәселелер де жергілікті биліктің қатаң бақылауында.

– Біз осындай ірі нысандардағы техникалық жаңғырту еңбек ресурстарының ағымына әсер ететінін түсінеміз. Жаңғыруға байланысты жұмыс мамандықтарының жаппай қысқартылуы болмайды, – деді Ерлан Жақанұлы.

 

Инвестиция көлемі –

1 млрд. АҚШ доллары

 

Инвестиция – игілік бастауы. Қарағанды облысында сырттан инвестиция тарту бағытында толағай жұмыстар жасалуда. Бұл үшін аймақтағы бизнес-климатты жақсартуға көңіл бөлінуде. Арнайы инвестициялық стратегия құрылды.

– Облыста жобалық сүйемелдеу жұмысы іске асырылады. Яғни, біздің мамандар инвесторды келіссөз кезеңінен бастап, өндіріс іске қосылғанша көмек көрсетіп, сүйемелдейді. Қазір біз нарықты, шикізат базасын, сұранысты егжей-тегжейлі зерттедік. 1 трлн. теңгеден астам соманы құрайтын 80 тауашалы жаңа жобаларды дайындадық. Аталған жобаларды инвесторлар назарына ұсынамыз, – деді аймақ басшысы.

Келешекте бірнеше ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылады. 2018-2020 жылдарға жоспарланған жобалардың қатарында қуаттылығы – 100 МВт, құны – 55 млрд. теңгені құрайтын күн электр станциясы, патрон зауытының құрылысы, құны – 64 млрд. теңге болатын қорғасын концентратын өндіретін тау-кен-байыту комбинатының құрылысы бар.

Бүгінгі таңда Қарағанды аймағында шетелдік инвесторлардың қатысуымен жиырмаға жуық жоба әзірленуде. Бұл жаңа инвесторлар облысқа инвестициялар тартудың жылдық көрсеткішін 1 млрд. доллар көлеміне жеткізуге мүмкіндік береді.

Шағын және орта бизнес – ел тұрмысын көтерудегі басты салаға айналуда. Облыстағы экономикалық белсенді тұрғындардың үштен бір бөлігі осы салада еңбек етеді. Қазіргі уақытта кәсіпкерлік нысандарындағы өндіріс көлемі 20 пайызға артты.

Мемлекет тарапынан барынша көмек көрсетілуде. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша биыл 183 жобаға қолдау жасалды. Нәтижесінде, кәсіпкерлер аймақ экономикасына 24 млрд. теңге табыс құйды.

 

«ЭКСПО-дан» –

тәбәрік

 

Көмірлі өлкеде «ЭКСПО» көрмесінде ұсынылған жобалар қолдау табуда. Мәселен, фин технологиясы негізінде қоқыс өңдеу зауытының құрылысы қолға алынбақ.

– «ЭКСПО-да» ортаға салынған технологиялардың ішінен Қарағанды облысында 31 жоба әрі қарай зерттеп, енгізу үшін іріктеп алынды. Мысалы, Қарағанды үшін қоқысты өңдеудің оңтайлы технологиясын іздестірген едік. Барлық жобалардың арасынан фин ғалымдарының зерттемесін таңдадық. Ол қоқысты қалдықсыз өңдеуді қарастырады. Қазір қалалық коммуналдық қызмет қоқыс өңдеу зауытының құрылысын бастау мүмкіндігін қарастырып жатыр, – деді бұл туралы облыс әкімі.

Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласының өкілдері де бірқатар жобаларға қызығушылық танытып отыр. Нақты айтқанда, екі шаруашылық жаңашыл су үнемдеу технологиясын енгізуге бел шешуде.

Облыста қайта жаңартылмалы энергетика көздерін дамыту шаралары жүзеге асуда. Әзірге, өңірдегі жаңартылмалы энергия көздері жылына 4,6 млн. кВт/сағ. қуат береді. Аса жоғары көрсеткіш емес екені белгілі. Дегенмен, бұл жаңа ауқымды істі бастауы екені анық. Келешекте бұл көрсеткіш арта түседі. Себебі, 2020 жылға қарай 6 жаңа «жасыл энергетика» нысандары іске қосылады деп күтілуде. Аталған энергия көздерінің жалпы қуаты 261 МВт құрамақ. Ақтоғай және Шет аудандарында – 40 МВт-тық, Саран қаласында – 100 Мвт-тық үш күн электр станциялары тұрғызылады.

 

Бизнеспен серіктестік – даму баспалдағы

 

Әлеуметтік саладағы түйткілдерді тарқатуда бюджет қаражатын үнеммен жұмсау назарға алынуда. Елбасы тапсырғандай, бұл бағытта мемлекеттік-жекеменшік серіктестікке бәс қойылып отыр.

– Мемлекеттік-жекеменшік се­рік­тестікті дамыта отырып, қосымша мүмкіндіктерге қол жеткізе аламыз. Бүгінгі таңда облыста 7 млрд. теңгеге 21 жоба жүзеге асырылды. Жыл соңына дейін тағы 9 жобаны аяқтаймыз. Қазір 40 жоба әзірлену үстінде. Медицинада саласында жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан бірнеше проблемалы мәселені жаптық, – деді Ерлан Жақан­ұлы.

Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында облыста бірнеше медициналық жоба іске қосылды. Олар – аллергологиялық орталық, аудандардағы үш гемодиализ орталығы, Жезқазған қаласындағы балаларға арналған нейрооңалту орталығы.

Қарағандыда ересектерге арналған нейрооңалту орталығы ашылды. Сәтімен жүзеге асқан жоба нәтижесінде облыс билігі Жезқазған, Балқаш қалаларында да орталықтар ашуды жоспарлауда. Сонымен қатар, облыс әкімі мемлекеттік-жекеменшік серіктестік арқылы жыл соңына дейін томографтар тапшылығын шешілетіндігін айтты. Саладағы оң өзгерістер де облыс әкімінің әңгімесіне арқау болды. Соңғы тоғыз айда нәрестелер өлімі – 8,6 пайызға, туберкулезден көз жұму көрсеткіштері – 22,6 пайызға, онкологиялық дерттерден қайтыс болу статискасы – 7,8 пайызға төмендеген.

– Елбасының 2020 жылға дейін балабақшалардағы орын тапшылығын жою туралы тапсырмасы бар. Бұл проблеманы келесі жылы жекеменшік балабақша ашу және мемлекеттік-жекеменшік серіктестік арқылы шешуді жоспарлап отырмыз, – деді Ерлан Жақанұлы.

Биыл мектепке дейінгі мекемелерде 2500 орын құрылады. Әкімнің айтуынша, бұл – бюджеттен 6 млрд. теңгеден астам қаражат бөліп, 8 жаңа балабақша салумен тең. Ал, облыс билігі бұл мәселені инвестиция көздері арқылы реттеуде.

 

Елорданың берекелі белдеуі

 

Қарағанды облысы Елорданың азық-түлік белдеуіне енеді. Арқа төсінде жайылған мал,  жайқалған астықтың арқасында Астана жұртының қарны – тоқ, көйлегі – көк. Облыстағы диқандар мен фермерлер астаналықтар дастарқанын астатөк дәммен үздіксіз қамтып келеді.

Агроөнеркәсіп кешенінде ілгерілеу бар. Бұл салада жыл басынан бері 210 млрд. теңгеге өнім өндірілген. Былтырғы он аймен салыстырғанда 7 пайызға өсім тіркелді.

– Биыл 3 мың ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге 12 млрд. теңге көлемінде қолдау көрсетілді. Нәтижесінде, шаруа қожалықтары аймақты толығымен негізгі азық-түлік түрлерімен қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар, облыс Астананың азық-түлік белдеуіне кіреді. Жыл басынан бері елордаға 16 мың тонна азық-түлік жеткіздік, – деді аймақ басшысы.

Қарағандылық фермерлер өніміне сыртқы нарықта да сұраныс зор. Экспорт көлемі 24 пайызға ұлғайды. Мәселен, биыл Біріккен Араб Әмірліктеріне 1200 қозы жөнелтілді. «Евразия Инвест» ЖШС жылқының құрғақ сүтін Еуроодақ елдеріне  экспорттаумен айналысуда. Биыл бұл кәсіпорында мемлекеттік қолдау арқылы жаңа желі енгізіліп, өндіріс қуаты екі есе артты. Нәтижесінде, жаңа 100 жұмыс орны пайда болды.

Мал өсіру қарқынмен жүргізілуде. Үстіміздегі жылы 7,8 мың ірі қараға арналған 900 бордақылау алаңы тұрғызылды. Сондай-ақ, 3 мың адам мүшелікке енген 73 кооператив құрылды. Және келешекте сүт пен ет өңдейтін 11 кәсіпорынды жаңғырту жоспары бар. Сөйтіп, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жыл соңындағы көлемі 246,3 млрд. теңгені құрайды деп күтілуде.

 

Жұмыссыз жандар азайды

 

Он айда облыстағы жұмыссыздық деңгейі 4,7 пайызға төмендеді.

– Жұмыс орнымен қамту мәселесі – әрдайым басты назарда болатын сұрақтардың бірі. Біз жаңғырудың салдары еңбек нарығына да әсер ететініне дайын болуымыз қажет, – деді Ерлан Жақанұлы.

Бұл бағытта «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының үлкен септігі тиюде. Бағдарлама шеңберінде 750-ден астам ауыл тұрғыны 3,6 млрд. теңге шағын несиеге қол жеткізді. Жыл басынан бері 40 мыңға тарта адам екі қолға бір күрек тапты. Шамамен 11 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылды. Мұның тең жартысы – тұрақты еңбек орны.

Облыстың 40 колледжінде маман даярлаудың дуалды жүйесі енгізілді. Нәтижесінде, түлектерді жұмыспен қамту көрсеткіші 96 пайызға дейін өскен. Цифрға түсірсек, тоғыз айда 20 мыңға жуық жас жұмысқа орналасты. Бұдан бөлек, «Жастар тәжірибесі» жобасымен 1057 жас, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасымен 138 жас қамтылған.

 

1605 пәтер –

игілікке

Тұрғын үй құрылысы – қарқынды. Тауық жылының басынан бері 2865 отбасы баспаналы болды. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында да пәтерлер кілті табысталды.

– «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша биыл 340 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі, яғни, 3 мыңнан астам пәтер. Олардың 1605-і кезекте тұрғандарға арналған, – деді Ерлан Жақан­ұлы.

Ауылдық жерлерде 63,5 мың шаршы метр тұрғын үй салынуда. Ал, соңғы үш жылда барлық қаражат көздері есебінен 993 мың шаршы метр тұрғын үй, яғни, 8300 пәтер тұрғызылған. Тұрғын үй құрылысына 108,7 млрд. теңге инвестиция құйылды.

– Шамамен 800 жеке үйдің құрылысы үшін инфрақұрылым жасау басталды. Жеке тұрғын үй құрылысына бір жарым мың учаскесіне арналған тағы 10 алаң жобалау кезеңінен өтіп жатыр, – деді облыс әкімі.

Қарағандының Оңтүстік-шығыс бөлігіндегі жаңа орталық құрылысы қарқынды жүргізілуде. Облыс орталығында жеті 24 қабатты үйлерден құралған «Трилистник» кешені пайда болады. Қазіргі таңда оның іргетасы қалануда.

Бұған қоса, жеке инвестициялар есебінен 12-ден 16 қабатқа дейін созылатын көпқабатты үйлерден құралған «Ұлытау» тұрғын үй кешенінің құрылысы жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, облыста жаңа әлеуметтік нысандардың құрылысы да жоспарланған. Бұлардың қатарына олимпиадалық стандарттарға сай бассейні бар Балалар және жасөспірімдер сарайы, Күрес орталығы, 1250 орынға шақталған Концерттік зал құрылысы енгізілген.

Биыл ауданы 13 мың шаршы метрден асатын облыстық сот ғимаратының құрылысы басталды. Нысан келесі жылы тапсырылуы тиіс

Рухани жаңғыруда

меценаттар үлесі мол

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында құны 13 млрд. теңгеден асатын 400 ірі әлеуметтік жобаны жүзеге асыру жоспары бар. Облыс әкімінің мәлімдеуінше, бұл соманың үштен бір бөлігі – жеке тұлғаларға тиесілі. Қазіргі таңда 120 жоба іске асты.

– Облыста «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру – ол, тек, меценаттардан қаражат жинау емес. Жақсы мысал келтірейін… Жекеменшік оңалту орталығы шеберлік-сынып өткізу үшін ресейлік үздік оңалтушыны шақыртты. Кездесуге, сонымен қатар, мемлекеттік ауруханаларда қызмет ететін 20 дәрігер шақырылды. Нәтижесінде, олар тегін түрде білімдерін жетілдіріп, тәжірибелерін шыңдай түсуге мүмкіндік алды – деді әкім.

Облыс аумағында 2700 тарихи және мәдени ескерткіштер орын тепкен. Оның 1538-і – мемлекет қорғауында. 22 ескерткіш республикалық мәртебеге ие. Яғни, Жошы хан және Алаша хан кесенелері, Домбауыл мазары, Беғазы-Дәндібай, Сангру қорымдары, Басқамыр, Аяққамыр ортағасырлық қалашықтары, Қызылкент сарайы және тағы басқалары мемлекеттің қырағы қорғауында. Аймақтағы киелі мекендердің бірі – Ұлытауда ірі жобаны жолға қою ойластырылуда.

– Бұл макрожобаның жанынан біз бірнеше микрожобаларды құрдық. Ұлытауда бір терезе принципі бойынша қызмет көрсететін туристерге арналған қонақ орталықтары ашылады. Ұлытауда қонақтардың ыңғайлы тұрмысы үшін қажетті жабдықтармен қамтылған 50 киіз үйден құралған этно ауыл пайда болады, – деп жоспармен бөлісті облыс әкімі.

Соны жаңалыққа айналған Сарыарқа «пирамидасына» әлемдік қауымдастық ерен қызығушылық танытуда. Мұнда «NationalGeographiс» арнасы арнайы түсірілімдер жүргізген еді. Бұйыртса, ол дүние келер жылы жарыққа шықпақ.

Түйткілді сауалға –

толымды жауап

 

Брифингтің екінші бөлігінде әкім журналистер сауалына жауап берді. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін өңір тұрғындарын көмірмен қамту мәселесі қызықтырды.

– Былтыр облыста 28 млн. тонна көмір шығарылды. Биыл бұл көрсеткішті 30 млн. тоннаға жеткізу көзделіп отыр. Сондай-ақ, аймақта көмір тапшылығы жоқ. «Шұбаркөл Көмірдің» барлық теміржол тұйықтарында көмір еркін саудалануда. Бағасы – тоннасына 10 мың теңгені құрайды. Ал, аудандық жерлерде қашықтығына байланысты баға сомасы әртүрлі, – деді әкім.

Шахан кентінде орын алған апат та журналистер сауалынан көрініс тапты. Естеріңізде болса, былтыр қаңтарда кенттегі тұрғын үйлердің жертөлесіндегі автономды жылу қазандығы жарылып, 9 адам көз жұмған-ды.

– Қайғылы жағдай қайталанбауы үшін тиісті шаралар жүзеге асырылды. Кенттегі 14 жылу қазандығы тұрғын үйден оқшау нысанға көшірілді. Барлығы жаңа. Алайда, облыста мұндай 30 қазандық бар. Бұлардың арасында қауіптілері – тік орналасқан қазандықтар. Шахан кентінде жарылған қазандық та осындай болатын, – деді аймақ басшысы.

Октябрь ауданына Әлихан Бөкейханов есімін беру мәселесі журналистер сауалында көтерілді.

– Иә, Октябрь ауданына Әлихан Бөкейханов есімін беру мәселесі облыста жиі айтылады. Менің ойымша, бұл бастама дұрыс. Қарағандыда Ленин деген көше де бар. Ауыстыратын уақыт келеді деп ойлаймын. Әрине, Әлиханның қайраткерлігін, ұлылығын мойындаймын. Аталған мәселе менің алдымдағы әкімнің кезінде де қаралған. Қазір қарастыру үстіндеміз. Аудан атауын ауыстыру облыс әкімі келіп тындыра салатын іс емес. Октябрь ауданы – республикадағы ең ірі аудандардың бірі. 260 мыңдай халық тұрады. Сондықтан, зерттеу, зерделеу қажет. Қоғамдық тыңдаулар өткізілуі тиіс. Соның қорытындысы бойынша шара қабылданады. Егер, мен келгенде осы жұмыстардың барлығы аяқталып тұрғанда ауыстырып жіберуге болатын еді. Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі» романын оқыған едім. Ол кезде Мағжан, Әлихандардың есімін атауға болмайды. Сол кітапта классик Мағжан Жұмабаевты «халық жауы», байдың құйыршығы ретінде көрсетеді. Санамызға сіңіріп тастады. Бірақ, қазір тәуелсіздік алып, Елбасының қолдауы арқасында бәрі ашық айтылуда. Мәселен, Әлихан Бөкейханов есімі көшелерге беріліп, ескерткіштер орнатылуда. Алаш ардақтыларына құрмет көрсетілуде. Бәрі өз орнына келе жатыр. Біз дұрыс жолдамыз деген ойдамын, – деді аймақ басшысы.

Брифингте әкім әлеуметтік-тұрмыстық салаға сандық технологияның енгізу барысына тоқталды. Сандық технология арқасында облыс тұрғындарының үштен бірі дәрігердің қабылдауына үйден шықпай-ақ жазыла алады. Ол үшін арнайы мобильді қосымшаға тіркелсе жеткілікті. Жыл соңына дейін облыстағы барлық медициналық мекемелер электронды картаға көшпек. Сөйтіп, мамандар қызмет барысындағы қағазбастылықтан құтылмақ.

Нұрқанат ҚАНАФИН

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.