Бас тақырыпРесми

Алғышарт – аймақ дамуы

Кеше ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ жұмыс сапарымен облысымызға келіп, Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауы турасында өз пікірін білдірді. Облыс әкімдігінде өткен аймақтың актив жиынына өңір басшысы Ерлан ҚОШАНОВ, облыстық мәслихат депутаты, академик Серғазы ӘДЕКЕНОВ қатысты.

Сондай-ақ, жиынға қатысушылар қатарында ардагерлер, ғалымдар, дәрігерлер, ұстаздар, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың, шағын және орта бизнестің өкілдері, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы саласының мамандары, мемлекеттік орган басшылары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері болды.

Өз кезегінде, актив жұмысын аймақ басшысы алғы сөзімен ашып, шара мақсатын тілге тиек етті.

– Өздеріңіз жақсы білетіндей, жуырда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарға өз Жолдауын жариялады. Бұл Жолдаудың басты ерекшелігі – ол әр адамның тұрмыс жағдайын жақсартуға, халықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған. Біз облысымызда Елбасы Жолдауын жүзеге асыру бойынша нақты іс-шараларды қолға ала бастадық. Қазіргі таңда Көшбасшымыздың тарихи құнды құжаты халқымыздың кең қолдауын ие болып отыр. Жолдаудың әлеуметтік айрықша маңызын да айтпай кету мүмкін емес. Алғашқы күннің өзінде бізге Жолдауды қолдауға қатысты мың жарымнан астам тілек-ниет келіп түсті. Мұндай лебіздердің келіп түсуі әлі де жалғасуда. Сондықтан, бүгін осы Жолдауды жүзеге асыру жөнінде өз пікірімен бөлісу үшін еліміздің белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Елбасының сенімді серіктерінің бірі, танымал дипломат, БҰҰ төрағасының орынбасары, Еліміздің Премьер-министрі қызметтерін атқарған, бүгінде ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы – Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы жұмыс сапарымен келіп отыр, – деді Ерлан Қошанов.

Бұдан әрі мінберге ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы көтеріліп, жиынға қатысушылар алдында байыпты баяндама жасады.

– Сөз басында барша қарағандылықтарға ыстық ықыласымды, ерекше құрметімді жеткізгім келеді. Қарағанды – тарихы тағдырлы, қазыналы өлке. Ел өркендеуінде осы аймақтың атқарып келе жатқан рөлі орасан зор. Бүгінде Қарағанды облысы еліміздегі экономикалық әлеуеті аса жоғары аймақтардың бірі саналады. Қасиетті Сарыарқа топырағы ұлтымыздың мақтанышына айналған талай тарихи тұлғаларға тұғыр болды. Қарағанды дегенде осы өңірдің асыл тұлғалары, батырлары мен билері, ойшыл ғалымдары мен дарынды ақын-жазушылары, танымал қоғам қайраткерлері, ел іргесінің берік қалануына өлшеусіз үлес қосқан қарапайым еңбек адамдары көз алдымызға келеді. Бұлардың ғұмырынан ғибрат алып, ұрпаққа үлгі етіп отыру – рухани жаңғыру жолындағы біздің басты борышымыз. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбек жолы да осы өңірден басталуы – тарихи мазмұнға ие. Бүгінде Қарағанды облысының ахуалы – Елбасының ерекше бақылауында, – деп бастады сөзін Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы айрықша маңызға ие. Себебі, бұл Жолдау – отандастарымыздың өзекті мәселелерін, әлеуметтік қамтамасыз етілуі мен әлеуетінің артуын қамтыған халықпен тікелей әңгімелесу іспеттес. Бұл мәселе әр отбасы мен әр азаматты толғандырады. Сондықтан, ел азаматтарының бүгінгі міндеті Президент алға қойған мақсаттарды жүзеге асырып, нақты нәтижеге қол жеткізу екенін алға тартты ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы. Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі – әр мемлекеттік органның, ұлттық компаниялар мен әр басшының мақсаты болмақ. Олардың қызметі де осы бағыттағы тиімді жұмысы арқылы бағаланатын болады.

Тәуелісіздік жылдары елімізде әлеуметтік мемлекеттің берік іргесі қаланған. Шетелдерде Қазақстан аз уақыт аралығында мемлекеттік құрылым тұрғысынан таңғаларлық жетістіктерге жеткен ел ретінде саналады. Халықаралық сарапшылардың айтуынша, Президентіміздің стратегиялық көрегендігі мемлекеттің жан-жақты түрленуінің қозғаушы күшіне айналған. Көп жылдан бері елімізде мемлекеттік жүйенің тиімділігін арттыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп келеді. Қоғам мен экономиканың тиімді жаңғыруына лайықты жағдай жасалуда. Сыртқы қауіп-қатер мен күйзеліске, дағдарыс пен санкциялық текетірестерге қарамастан, Қазақстан табысты және айтарлықтай бәсекелестік қабілеті бар мемлекет ретінде бағаланады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, ел дамуының алдағы он жылына бағдарланған міндеттер тұр. Яғни, мемлекет болашағы бұлдыр деуге болмайды. Қазақстандықтардың әлеуметтік тұрғыда қамсыздануы мәселесі әлі де жалғаса береді. Ал, сапалы жаңа көрсеткіштер мен мақсаттарға қол жеткізу үшін тек талмай тер төгу қажет.

Елбасы Жолдауы азаматтарымыздың әл-ауқатына қатысты кезек күттірмейтін мәселелердің шешімін табуды көздейді. Бұл ретте, Үкімет пен әкімдердің қызметі де осы көрсеткіштер бойынша бағаланады. Бұл туралы Президентіміз өз Жолдауында да нақты атап өткен болатын. Осыған байланысты, ең төменгі еңбекақы көлемін бір жарым есе арттыру мәселелесі да зор маңызға ие. Ол – еліміздегі 1 млн. 300 мың адамға тікелей қатысты болмақ. 275 мың азаматтық қызметкердің жалақысы орта есеппен 35%-ға өседі.

Тұрғындар табысының өсуі, сонымен қатар, бизнестің өсуі негізіндегі тұрақты табыс көзі арқылы қамтамасыз етіледі. Бүгінгі таңда нақ осы бизнес арқылы жаңа жұмыс орындары ашылып, қазақстандықтардың басым бөлігін жұмыспен қамтып отыр. Бір ғана шағын және орта бизнесте 3 млн. 200 мың қазақстандықтар еңбек етуде. Бұл дегеніміз еліміздің экономикалық тұрғыда белсенді азаматтарының 37%-ы деген сөз.

Елімізде кәсіпкерлікті дамыту тұрғысында да аз жұмыс жасалып жатқан жоқ. Бұл мәселеге Елбасы да тікелей назар аударып келеді. Биылғы мамыр айында Президент «кәсіпкерлікті жетілдіруді реттеу туралы» Парламент қабылдаған Заңға қол қойды. Мұндағы басты мақсат – кәсіпкерлікті реттеу саласы бойынша заңнамаларды ырықтандыру. Президент өз сөзінде Үкімет пен Парламенттің бірінші кезектегі міндеті қарапайым заттар экономикасын құру екенін де атап өтті. Бұл ретте, нақты назар кәсіпкерлікті кеңейту мен бизнесті әкімшілік қысымнан қорғауға аударылады.

«Бизнестің жол Картасы» 2025 жылға дейін жұмыс жасайтын болады. Яғни, «Жол Картасының» қызметі жалғасын тапты деген сөз. Шағын және орта бизнес үшін салық кешірімі жарияланды. Ендігі кезек – кәсіпкерлерде. Себебі, оларға деген мемлекет қолдауы бірегей сипатқа ие. Халық тұтынатын тауарлар мен азық-түлік өнімдерін кеңінен өндіруші Қытай және санкцияға қарамастан, экономикасы өміршеңдігін танытып отырған Ресей мемлекеттерімен көрші Қазақстан үшін кәсіпкерлікті дамытудағы өзінің нақты мүмкіндігі мен басымдығын айқындау қажеттілігі туындауда. Елімізде табиғи ресурстар сатылымы немесе банк саласындағы операциялар негізінде дәулет құраған бизнесмендер қауымы пайда болды. Бірақ, қазіргі күні алдыңғы қатарға жаңа көзқарасты кәсіпкерлер, нағыз еңбекқорлар шығуы тиіс. Міне, сол азаматтар Қазақстан бизнесінің портретін қалыптастырады. Ондай кәсіпкерлерге бүгінде ең алдымен қолдау жасау қажет.

Қарағанды облысы – ірі өнеркәсіптік аймақ. Алдыңғы орында тұрған қуатты индустриалды орталық. Облыс еліміздегі өнеркәсіптік өндірістің 13,5%-ын қамтамасыз етеді. Бұл ретте, аймақ нақ осы өңдеу өнеркәсібі көлемі бойынша көшбасшылық орында тұр. Ол туралы Президент Жолдауда да атап өтті. Осы тұста, Қарағанды облысы еліміздегі өңдеу секторының 22%-ын қамтамасыз етіп отырғанын да айтып өтуіміз қажет. Еліміздегі өңделген экспорт көлемінің де негізгі бөлігі осы өңірге тиесілі. Яғни, ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының айтуынша, өңіріміздің ел экономикасына қосар үлесі – орасан.

Сонымен қатар, жиын барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда айтылған өзге де басым бағыттарға тоқталып, Үкімет пен Парламент, әкімдер тұрғысынан атқарылуы тиіс жұмыстарға жұрт назарын аударды.

– Жолдауда Мемлекет басшысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы халық арасында кеңінен қолдау тапқанын және қоғамда жаңғыру процестеріне үлкен серпін бергенін атап өтті. Бұл бастаманы жалғастырып қана қоймай, оның жаңа мазмұны мен бағыттарын толықтыра түсу қажет. Бұл бағдарлама – Қазақстанның экономикалық, технологиялық жаңғыру идеологиясына жол сілтеуші. Бағдарлама аясында мемлекеттік тілдің латын әліпбиіне көшуі, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 оқулық», «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Қазақстанның 100 жаңа есімі» және «Жаһандық әлемдегі заманауи Қазақстандық мәдениет» жобалары іске асырылуда. Алайда, тарихымызды зерделей отырып, ата-бабаларымызды қадірлеумен қатар, бүгінгі заманның көрнекті тұлғаларын жадымыздан шығармауымыз қажет. Әртүрлі салаларда жетістікке жетіп, еліміздің серпінді дамуына және жалпымемлекеттік міндеттер кешенін шешуге ықпал етіп жүрген замандастарымыз бен азаматтарымыздың шынайы қол жеткізген жетістіктерін ақпараттық тұрғыда таныту – «Қазақстанның 100 жаңа тұлағасы» атты жобаның негізгі міндеттерінің бірі болып табылады. Бұл жоба Қазақстанның түрлі қызмет салаларында еңбек еткен көрнекті тұлғаларды таныстырды, – деп түйіндеді сөзін Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сөйтіп, жиын соңында өңір дамуына өлшеусіз үлес қосып, еңбегімен ел ықыласына бөленген бірнеше жерлесіміз ҚР Парламенті Сенатының Құрмет грамотасымен марапатталып, ниет білдірушілер Жолдау тұрғысында орамды ойларын ортаға салды.

Рауан ҚАБИДОЛДИН,
«Орталық Қазақстан»

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button