АймақРесмиСаран

Саранда автобус жасалады

Саран қаласында өнеркәсіптік жаңғыру басталды. Болашақта аталмыш моноқала еліміздегі машина жасау орталықтарының біріне айналмақ. Бұрынғы РТБ зауытының алаңында зәкірлік жобалар жүзеге асырылуда. Автобустар мен арнайы техника шығаратын зауыт салынуда. Жеңіл және жүк көліктеріне арналған автомобиль шиналарының өндірісі жоспарлануда.

Саран қаласындағы үлкен өзгерістер туралы Үкімет отырысында облыс әкімі Жеңіс Қасымбек баяндады.

– Саран қаласында бұрынғы резеңке-техникалық бұйымдар зауыты негізінде Yutong автобустарын, карьер және жол-құрылыс техникасын шығаратын зауыт салу жобасы қолға алынуда. Моноқала үшін зәкірлі жоба болып табылады. Құны – 22,1 миллиард теңге. Бұл алаңдағы екінші зәкірлі жобаның қуаты жылына 3,5 миллион дана автомобиль шиналарын өндіруді құрайды. Жоспарланған инвестицияның жалпы көлемі – 95 миллиардтеңге. 500-ге жуық жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ, индустриялық аймақ пен бизнесинкубатор (Ready Built Factory) құру жоспарлануда. Индустриялық аймақтың жұмыс істеуі одан әрі ШОБ-ты дамыту үшін, оның ішінде, құрамдас бөлшектер мен құрауыштар базасын өндіру бойынша мүмкіндік құруға септігін тигізеді, – деді аймақ басшысы.

Бұл жобаларды іске асыру мультипликативті әсер беретінін атап өтті Жеңіс Қасымбек. Оның айтуынша, инвестициялар шамамен 150 миллиард теңгені құрайды. Болжам бойынша, 2025 жылға қарай Саран қаласында өндіріс көлемі 6 есеге дерлік артып, машина жасау саласының көлемі 2 есеге өседі.

Сондай-ақ, тұрғын үй құрылысы да ұлғаяды деп күтілуде. Қараусыз қалған көпқабатты үйлер қалпына келтіріледі.

Жеңіс Қасымбек өңірдің индустрияландыру қарқыны туралы баяндады. Қазіргі уақытта облыста жалпы сомасы 2 триллион теңгеге 45 ірі инвестициялық жоба іске асырылуда. Индустрияландыру картасына жалпы сомасы 911 миллиард теңге, 13 мыңнан астам жұмыс орнын ашатын 118 жоба енді. 2020 жылға 12 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Олардың алтауы жүзеге асырылды. Қалғандары осы жылдың соңына дейін іске қосылатын болады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button