Тарих

Тарихты тереңнен танытқан – «Қазақ хандығы»

Қазақстан Республикасының әдебиет пен өнер саласындағы Абай атындағы сыйлыққа ұсынылған шығармаларды қарайтын Мемлекеттік комиссия талқылауының алғашқы іріктеуінен «Қазақ хандығы» тарихи сериалының өткеніне шын жүректен қуаныштымын. Өйткені, осынау үлкен жоба – тарихи сериалды әрдайым қазақстандық кинокартиналарды насихаттауды басты мақсат етіп қойған Қарағанды қаласындағы біздің «Сарыжайлау» кинотеатрының экранынан да, телеэкраннан да көріп, айрықша бір патриоттық және мақтаныш сезіміне бөленгенімді қалай жасырайын. Сондықтан, бұл тамаша кинотуындыны барша көрерменге жеткізуге тырысып, көптеген ұйымдастыру шарасын атқардық.

Ең бастысы, орта буын да, жастар да «Қазақ хандығы» арқылы тарихты тануға зор мүмкіндік алды. Қазақ ханының қандай болғаны, олардың сол кездің өзінде де тәуелсіздік, ел бірлігі мен жердің тұтастығы жолында қалай күрескені аталған фильмде айқын көрсетілген. Тіпті, бір кезде «қазақ мемлекеттілігі болмаған» деген де сөз шыққан. Міне, осындай негізсіз болжам, қаңқу сөзге қайтару берген мұндай тарихи туындының орны айрықша. Әр сериясын көрген сайын, келесі сериясына дейін тарихты тереңнен тани түсіп, хандар мен батырлардың атқарған орасан игі ісінің куәсі боламыз.

Екінші атап өтетін жағдай — фильмге актерлер ансамблінің өте оңтайлы таңдалғандығы. Мысалы, біз жерлесі ретінде бұрыннан тек драма актері ретінде танылып келген Қайрат Кемаловтың киноға алғаш рет түсіп тұрса да, нағыз талант екенін көрсеткенін мақтаныш етеміз. Жәнібек сұлтанды ойнаған, бұрыннан да фильмдерге түсіп жүрген Еркебұлан Дайыров екеуінің тандемі қандай жарасымды және табиғи көрінеді. Қобыланды батыр рөліндегі Арман Әсеновтің өзі – үлкен бір мектеп. Ал, тіпті, бұрын кино өнерінен мүлдем хабары жоқ жастардың да ойыны тәнті еткені рас, мәселен Шахсұлтанды ойнаған қостанайлық азаматты атап өтуге болады.

Қарағанды қаласындағы «Сарыжайлау» мемлекеттік кинотеатрының тарихты танып, өткенді зерделеуге ықпал ететін осынау айтулы жобаны көрерменге жеткізу, көрсету шарасын ұйымдастыру барысында атқарған жұмысы да маңызды, мәнді болды. «Қазақ хандығының» барлық сериясы телеэкранға шықпай тұрыпақ, үлкен тарихи фильмді шығаруда керемет еңбек еткен шығармашылық ұжымды арнайы шақырып, көрермендермен қаншама кездесу өткіздік. Сеанс сайын жастар залда орын болмаса да, картинаны тұрып көріп, қатты қызығушылық білдірді. Облыстың барлық ауданына апарып көрсеттік, ауылдағы мектеп оқушылары мен жастардың бойында патриоттық сезімнің оянуына керемет әсер еткенін айту керек.

Есенберлин романының желісімен сценарий жазушылар қоспасыз, өте бір таза дүниені тарихқа сүйене отырып алған. Тарихтан ешқандай алыстамаған. Режиссер соны әдемілеп, көркемдей білген. Бұл жерде сценарист пен режиссердің мықты одағын байқауға болады, одан кейін актерлер де осал емес. Олардың қайқайсысы да режиссер қойған талап үдесінен шыға білген. Фильм авторлары белгілі жазушы-драматург Смағұл Елубай мен талантты режиссер, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Рүстем Әбдірашов, сценарист Тимур Жақсылықовтың асқан жауапкершілікпен еңбек еткенін аңғарасыз.

Біріншіден, «тырнақ астынан кір іздегендей» шұқылап қарасаң да, «әттеген-ай» дегізетін кемшілік пен олқылық табылмайтын бұл үлкен жоба авторларымен қатар, ойнаған актерлер ансамблінің де, музыкасы мен сурет, дизайн бәрі-бәрі де көрген көзді қуантып, таным мен талғамыңызды өсіретіндігі. Екіншіден, өткен тарихты санада жаңғыртып, бүгінгі Тәуелсіздік атты қасиетті күнге жеткенше, ата-бабамыз қандай «тар жол, тайғақ кешуден» өткенін «Қазақ хандығы» тарихи сериалы зерделеп берді. Бұл жобаның мектеп оқушыларына арналған көрнекі оқу құралы болатындай маңыздылығын атап өту керек деп ойлаймын.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында Қаздауысты Қазыбек би мен Бұқар жырау сияқты ұлттың ұлы тұлғаларының 350 жылдық мерейтойы кеңінен аталып өтіп, әсіресе жастар өткен өнегелі тарихымызға бет бұра бастаған тұста, жазушы І.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясының бірінші романының желісімен түсірілген «Қазақ хандығы» сериалының маңызы өте зор болғанын атап өту қажет.

ҚР Мемлекеттік сыйлығына «Қазақ хандығы» тарихи сериалының әбден лайықты кинотуынды екеніне еш күмәнім жоқ. Бұл менің ғана емес, біздің облыста, аудан мен ауылда осы тарихи жобаны тамашалаған барша көрерменнің пікірі деп білемін.

Рымбала ОМАРБЕКОВА,

қазақ мәдениеті мен өнерінің ардагері,

«Парасат» орденінің иегері,

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері,

Қарағанды қаласы мен Қарқаралы ауданының Құрметті азаматы.

Басқа материалдар

Back to top button