Президент мемлекеттік компаниялардағы әйелдердің үлесін 30 %-ға дейін ұлғайтуды тапсырды

Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Ұлттық сенім кеңесінің отырысында мемлекеттік компаниялардағы әйелдердің үлесін 30 %-ға дейін ұлғайтуды тапсырды. Мұндай шешім Қазақстанның рейтингін жоғарылтпақ, одан бөлек, әйелдер бизнесте өзінің лайықты орнын ала алады.

Мемлекет қатысатын мемлекеттік компанияларды басқарудағы әйелдердің үлесі әлі төмен. Бұл тек 5-7% құрайды. Бұл жағдай ел халқының жартысынан көбін құрайтын әйелдердің әлеуетін толық іске асыруға мүмкіндік бермейді, – деді мемлекет басшысы.

Ал, Ұлттық кеңес мүшелері мемлекет қатысатын компанияларды басқарудағы әйелдер үлесін 30% дейін ұлғайту үшін міндетті норманы енгізу туралы ұсыныс жасады.

«Біз бұл бастаманы кезең-кезеңімен жүзеге асыру туралы ойлануымыз керек. Бұл бизнес саласын әйелдер үшін тартымды етеді және Қазақстанның мамандандырылған халықаралық рейтингтердегі орнын көтереді», – деді мемлект басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев статистика бойынша мемлекеттік қызметкер мен әлеуметтік қызметкердің 55% -дан астамы әйелдер екенін атап өтті. Мәселен, мәслихат пен парламент депутаттары арасындағы әйелдер үлесі – 22%, сот жүйесінде – 47%. Сондай-ақ, ел тарихында бірінші рет әйел адам аймақ басшысы болғаны да айтылды. Ол — 2020 жылы наурызда Қызылорда облысының әкімі болған Гүлшара Әбдіхалықова.

Қазақстандағы ведомостваларда бір ғана әйел бар екенін де айта кету керек. Ол — Мәдениет және спорт министрлігін басқарып отырған Ақтоты Райымқұлова.

Өз тілшімізден.