ПікірлерРуханиятТұлға

Темірқазық

Абай даңқы – Алаш көгінде қалықтап жүр. Әрине, әр қазақ баласына ақынның даңқынан гөрі өмірлік салты жақынырақ болуы тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ кешегі мақаласының өзегінен осындай ойдың ұшын аңғаруға болатын сияқты. «Абай – рухани реформатор» деп кесіп айтты Президент. Демек, күллі қазақ баласы Абай әлемін бағдаршам етуі керек.

 

«Абай өнегесінің құны дәуір алмасқан сайын артпаса, кемімейді. Ол баршаға түсінікті әрі күллі адамзатқа ортақ. Оның қара өлең болып өрілген және қара сөз болып төгілген оралымды ойлары әлі күнге дейін өмірлік бағдар болып келеді.

Ұлтының болашағы үшін қам жеген ұлы ойшыл күллі жұртшылықты да махаббат пен мейірімге үндеді. Ақынның осындай адамгершілік қағидаттары еліміздің бүгінгі ұрпақтары үшін де аса қажет» деп қана қойған жоқ, оны қалай жүзеге асырудың жолын да көрсетті. Мемлекет басшысы: «Алдағы уақытта гуманитарлық пәндердің бөлінбес бөлшегі ретінде «Абайтану» курсын оқыту мәселесін қолға алу керек. Жаңа философиялық және саяси ұстаным тұрғысынан «Абайтану» оқулығы мен хрестоматиясын әзірлеу қажет. Сондай-ақ, Абайдың «толық адам» ілімі жан-жақты әрі терең зерттелуге тиіс» деді. Яғни, бұрын «Абайтану» руханият кеңістігінде жүргізіліп келсе, ендігі уақытта оқу орындарында жеке пән ретінде қарастырылатыны ұлтымыздың болашағы үшін аса маңызды.

Абай әлемі, ақыл-ойының көрінісі Алаш ұранды қазақ баласын руханиятқа ғана емес, өркениеттің өріне шығаратын темірқазық екендігі күн өткен сайын айқындалып келеді. Біз Абай рухын үлгі тұтып, соған қарай жақындай түссек, мемлекетіміз де гүлденеді деген сөз. Ол үшін Сұлтанмахмұт Торайғыров айтпақшы «Абайды оқиық, ерінбейік».

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ,

ақын,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Басқа материалдар

Back to top button