Қасым АМАНЖОЛОВТЫҢ туғанына – 110 жыл

110 жылдыққа – 110 түп қайың

Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен, Қазақстан Жа­зушылар одағы Қарағанды об­лыстық филиалының ұйымдас­тыруымен дауылпаз ақын Қасым АМАНЖОЛОВТЫҢ 110 жылдық мерейтойына орай ақын атымен аталатын көшедегі ескерткіші маңына 110 түп жас қайың көшеті отырғызылды. Игі шараға облыс әкімінің орынбасары Аб­зал НҮКЕНОВ, Қазақстанның ең­бек сіңірген қайраткері Рымбала ОМАРБЕКОВА, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иеге­рі, ақын Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ, алаштың аймаңдай ақындары Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ, Светқали НҰРЖАН және басқа да зиялы қа­уым өкілдері қатысты.

Бұл идеяның негізі көктемде бүрлеп, жүзеге асырудың сәті күзде түскен. Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, ағаштың сөл бөле­тін кезін күту керек екен. Бұл тағы­лымды шара «Дүниеге келер әлі талай Қасым» республикалық жыр мүшәйрасымен тұспа­-тұс келгенін атап өткен жөн.

Жыр додасына қатысушы еліміздің әр аймағынан келген ақындардың да қолтаңбасы қалды мұнда.

Қайың көшетін табу біраз қиындық тудырған екен. Алайда, об­лыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов, облыстық ішкі саясат бас­қармасының басшысы Ерлан Құсайын, облыстық мәслихаттың депутаты, Ассамблея мүшесі «Имс­талькон­Теміртау» компаниясының директоры Иван Георгиади, қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ләззат Төкен сынды жанашыр азаматтардың қол ұшын беруімен бұл тығырықтан шығар жол табылыпты.

– Қасым – ұлт әдебиетінің ұлы тұлғасы. Қазір басқаша ойлайтын жас ұрпақ өсіп жетілді. Қасымға жаңаша көзқарас керек. Дауылпаз ақынды жұрттың жадына орнықтыру қажет. Осы мақсатта Қарағандыда түрлі шаралар өтуде. Жақында Қасымның үйі ашылады. Қасымның өз елінде осындай ауқымды шараның өтіп жатқанына қуаныштымын, – дейді Ғалым Жайлыбай.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button