Жаңалықтар

10. Нұра бойы – дүбірге толы

Қазір нұралық ер-азаматтарды ауылдан таппайсыз. Еркеккіндікті түгел қырда. Егіс науқаны қызған. Жер еміп, дән сепкен ағайынның жарғақ құлағы жастыққа тимейтін ай. Жарты күн сабылып, іздеген жанмен бір қиырда жолықсаңыз, шүкір деңіз. «Жеңгеңіз алдыңыздан шықтыға» балаңыз.

Қыр жігіттері бізді сарыла күтіп, екі көзі төрт бола көлеңкеде отырмасы белгілі. Және еңбек адамымен далада кездескен де өзгеше ғанибет-ау…

1. «Қайнар» ЖШС директоры Сейітжаппар НЫҒМЕТОВ пен тракторшы Талғат МҰСТАФИН егіс даласында.

«СИЫР ӨСІРСЕҢ, «ӘУЛИЕКӨЛ» ӨСІР»

Сапарға шықпас бұрын Нұра ауданы әкімдігімен хабарласқанымыз айтпасақ та түсінікті болар. Әкімдіктегі азаматтар қолдары жеткенше көмек жасады. Шаруашылықтар басшыларына ескертіп, түсер күнімізді белгілеп берді. Алайда, әкімдіктің есебіне қыр тірлігі көнсін бе?! Нұрадан шыға бір сағат өте Қайнарға жеткенде осындағы Сейітжаппар Нығметов ағамызды таппай қалғанымыз содан.

Қарсы алған ауыл азаматтары шай қайнатым уақыт бұрын көргендерін айтып жүр: «Дәу де болса егістікке кетті, келіп қалар». Шаруамыздың созылып кетерінен қауіп қылған бізде де уайым қалың.

Бүгін шалғайға да телефон жеткен дәуір ғой. Абырой болғанда Сейітжаппар ағамыздың телефоны сигнал сезер тұсқа бір сағатқа жетпей іліккені. Иә, егістікте жүр екен…

Сейітжаппар Нығметов – Нұра жұртына қазақтың да кетпен ұстап, тоған қаза алатынын дәлелдеген қазақ. Ертеректе бұл өңірдің билігі қаракөз жігіттерді көбіне егін даласынан аулақ ұстағанын жергілікті халық айтып отырады. Марқұм Мағауия Сембаев ағамыздың да өз аузынан естіген едім. Аракідік болмаса, қазақтың іскер жігіттері осындағы екі-үш қой совхозын басқарудан әріге ұзай алмайтын. Сейтекең – санаға терең сіңген түсініктің астын үстіне шығарған адам. Совхоз тараған тұста «Қайнар» ЖШСін құрып, ауылды асырап отыр.

Серіктестік тек егіншілікпен айналыспайды. Асыл тұқымды ірі қара басын көбейтуге де күш салады. Қазір шаруашылықта 1850 әулиекөл сиыры бар. Бізбен жылы жүздескен Сейітжаппар аға сол сиырлардың жайын білмекке ауылға қайтып келе жатқан беті екен.

Әулиекөл – қазақ климатына бейімделген тұқым. Қостанай облысының Әулиекөл деген ауданында асыл тұқымды сиыр зауыты бар. Бұл тұқым сол зауытта 1962 жылдан бері қолға алынды. Ал, 1992 жылы асыл тұқымды мал ретінде Қазақстанда бекітілді.

Әулиекөл бойында француздың шароле, шотландтың абердин-ангус және қазақтың ақбас сиырының қаны бар. Мал баққан ағайынның айтуынша, әзірге, әулиекөл тұқым қуалайтын дерттен таза. Себебі, жаңа тұқым. Сондықтан, қазақ кәсіпкерлері басқа емес, әулиекөлді өсіруге тырысуы тиіс.

«Қайнарлықтар» екі жыл сайын қан жаңартып отырады. Бұқаларды, тек, сол Қостанайдағы зауыттан алады.

Әулиекөл – етті тұқым. Бұзауы он айда 320 келі басады. 2,5-3 жасында тоннаға жететін алып. Салмағының 62-64 пайызы – таза ет. Дене тұрқы – пропорционалды. Басы – шағын, тоқал. Және генінде еркектік гармондар басым болғандықтан тайыншаларының өзі бұқа сияқты келеді. Жылда ғалымдар тұқымның көрсеткіштері бойынша сұрыптап отырады.

Бұл – XXI ғасырдың сиыры, – дейді Сейтекең, – Қазір жұрт майлы етті жей алмайды. Май техникалық өнімге айналды. Ал, әулиекөлдің селекциясында бір қабат ет, бір қабат май ретімен қоң жинауына баса мән берілген. Тіліп, дүкен сөресіне қойғанның өзінде көзге сүйкімді көрінеді.

Ірі қараға сұраныс жоғары. Әрісі – Өзбекстан, берісі – ел аймақтарына тірідей жиі әкетеді. Тұқымын өсіріп, көбейту үшін. Мемлекет экспорттық бағдарламаны орындауды тапсырғанда етке де өткізеді. Әулиекөлдің пайдасын көрген «қайнарлықтар» «сиыр өсірсең, «әулиекөл» өсір» деп кеңес береді елге.

2. Сұрыптаушы Елена ГРИЦИНЩИНА «Шахтерское» ЖШС-де жас кезінен тер төгіп келеді.

«БАБЫН ТАПСАҢ, ЖЕР ЖОМАРТ»

«Қайнар» биыл 34 мың гектарға дән себеді. Егіс алқаптарындағы тракторлар күндіз-түні бір тынған емес. «Жаздың бір күні қыстың мың күнін асырайды» деген. Уақытты өткізіп алса, есіл ырзық рәсуә болмақ. Қазір үш бригада жұмыс істеп жатыр. Біреуінде – 40-45 адамнан, жиырмаға жуық трактор бар.

Талғат Мұстафин – осындағы мақтаулы тракторшылардың бірі. Бірінші бригаданың алдыңғы қатарынан көрініп келеді. Бұл – «Қайнар» сапындағы он жетінші көктемі.

Осы жерде тудым, өстім. Қалаға қандай қызық қуып барамын?! Ауылда да ерінбеген адамға жұмыс жеткілікті. Тек, еңбек ет. Мен егіс даласынан кетіп, қалада жұмыс істеу туралы мүлде ойлаған емеспін. Бізде бәрі бар, – дейді кәнігі тракторшы.

Иә, мұнда тұрмысқа қажет дүние түгел тұр. «Қайнар» отбасылық амбулатория, 75 орындық балабақша, спорт кешені мен сауықтыру орталығын тұрғызды. Жұмыскерлерді баспанамен қамту мәселесі де қарастырылған. Жылдар бойы ауылдық клубтың күтімін жүргізіп, таяуда ғана мемлекет меншігіне тапсырды. Серіктестік әлеуметтік саланы толық мойнына алған.

Мұны айтқан Талғат серігі екеуі бір күнде 80 гектарға дән себеді. Ал, жалпы бригада тәулігіне 1200 гектарды игеріп отыр.

Шаруашылықтың техникалық паркін жаңғыртуға жіті көңіл бөлінуде. Қазір бұрынғы бірді-екілі «К-701-лер» болмаса, тракторлардың барлығы жаңа. Ресейлік маркалардан бастап, АҚШ, Канада, Германия тракторлары сай-салада өріп жүр.

Ауылдан 60-70 шақырымға дейін шығып кететін бригадалардың күнделікті халін біліп тұру да жеңіл емес. Ал, Сейітжаппар аға бұл шаруаға мұқият қарайды. Күніне бір аралап шықпаса, елегізіп тұратыны рас.

Кез келген аудиториямен жұмыс істегенде тікелей байланыс болуы тиіс. Қалада тұрып, ауылда шаруашылық ұстайтындардың қылығына таңым бар. «Онлайн басқару» дейді. Ол түбі ұшпаққа шығармайды. Трамп Американы «твиттер» арқылы басқарамын деп, басымен қайғы қазір. Шаруашылық та мемлекеттің шағын моделі. Сен жағдайды көзіңмен көріп тұрмаған соң мәселені дұрыс шешуді де білмейсің. Жермен жұмыс істеймін деген адам жермен тығыз байланыс орнатуы шарт. Бабын тапсаң, жер жомарт, – дейді шаруашылық басшысы.

34 мың гектар егістіктің 29,5 мыңына – бидай, 1,5 мыңына – сұлы, 3 мыңына арпа егіледі. Дән жерге сіңгенше Сейітжаппар ағамызда дамыл жоғы белгілі. Біз қош айтысып, жолға жиналғанда диқан көлігін бір айналып шығып, рульге отырды. Бағыты – ауылдың теріскейі…

3. Картоп алқабында жұмыс қызды.

КАРТОП АЛҚАБЫНДА – ҚАРБАЛАС ТІРЛІК

Шахтер ауылының іші де трактордың гүрілінен азан-қазан күйге енген. Мұндағы халықтың барлығы дерлік «Шахтерское» ЖШС-де еңбек етеді. Яғни, ауылдағы екі кісінің басы қосылса, әңгіме – егіс жайы.

«Шахтерскоенің» жақын жылдары салған екі көкөніс қоймасы бар. Бірі – 8 мың, екіншісі 12 мың тоннаға шақталған. Салқындату, желдету, жылыту жүйесі қосылған қоймадағы картоп-көкөніс үшін алаңдамайсыз. +4-5 градустық температурада күзде кіргізген картобыңыз жаз ортасына дейін бүлінбейді. Серіктестік директорының орынбасары Виталий Прокопты осы қойма маңынан кездестірдік.

Қазір сұрыптау жұмыстары жүріп жатыр. Тұқымдығын бөлек, азыққа дегенін бөлек шығарамыз. Сұрыпталған картопты, тиісінше, егіске немесе қалаға жөнелтеміз, –дейді Виталий Георгиевич.

Азық-түліктік картоп Қарағанды, Алматы, Ақтөбе, Шымкент қалалары мен ел астанасына жеткізіледі. Күніне – 80-100 тонна.

Шаруашылық 35709 гектарға егін егуді жоспарлап отыр. Оның ішінде, бидай – 32730 гектар. Арпа – 1741 гектарды, сұлы – 526 гектарды, майлы дақылдар 212 гектарды алады. Ал, картоптың үлесі – 500 гектар. Көзделген көлемді игеру үшін күніне 3 мың гектарға – бидай, 40 гектарға картоп сіңіру қажет.

Шаруашылық картопты алтыншы жыл өсіруге бел буып отыр. Алғашқы жылы 130 гектарға салды. Сөйтіп, жыл санап аумағын өсіріп отырды. Былтыр толық жобалық қуатына шықты. 500 гектарға екті. Алайда, өнім күткендегіден аз түсті. Гектарына – 300 центнерден. Бұл бес жылдағы ең төменгі көрсеткіш еді. Сәйкесінше, биыл технологиялық процестерге өзгерістер енгізілді. Тыңайтқыш құрамы, суару жүйесі жаңаша жабдықталды.

Серіктестік картоп өсіруге бірден кіріскен жоқ. Әуелі бірнеше жыл зерттеу жұмыстарын жүргізді. Мамандар, Виталий Георгиевичтің өзі отандық ірі картоп шаруашылықтарына барды, жұмысымен танысты. Шетелге шығып, Еуропаны аралады. Германия, Голландия, Бельгияның өндірушілерінде болды. Қазақ жеріне ыңғайлы технологияны таңдауды ойлады. Екі жылдық зерделеуден кейін неміс техникасын сатып алу туралы шешім қабылданды. Зерттеулер нәтижесінде картоп өсіру ісіне біраз дүниені меңгеріп келді.

Біздің шаруашылықтың дәнді дақылдар бойынша элиталық тұқым шаруашылығы мәртебесі бар. Бұл, әрине, жылдар бойғы тынымсыз еңбектің жемісі. Енді, картоп бойынша элиталық мәртебеге ие болуды көздеп келеміз. Және нақты жоспарымыз да түзелді, – дейді Виталий Георгиевич.

Шаруашылық жыл сайын Еуропадан 60 тонна тұқым сатып алады. Мемлекет тұқымға субсидия береді. Бүгінде «Галла», «Юлинка», «Мадейра», «Балтик роуз» тұқымдарын егуді қарқынмен жүргізуде.

Агроном Дидар Әкішев картоп жерін тұрақты ауыстырып отыратынын айтады.

Жер тозбауы үшін дақылдарды алмастырып отыру қажет. Мәселен, биыл – картоп, келесі жылы – бидай, одан кейін бос жатады. Қайталап отырамыз. Сонда әр өсімдік өзіне қажетті минералдарды алу арқылы жердегі тепе-теңдікті сақтайды, – дейді агроном.

Егіс даласындағы жұмыс қоймадағы қарбаластан мазалы көрінді. Әйтсе де, мұнда да тракторлардың ілгері-кейін қозғалуы шапшаң. Бункерге толтырып алған тұқымы түгесілген трактор егістің бір шетінде тұрған жүк көлігіне тез жетуге тырысады. Көлденең кісімен әңгімелесіп тұрарға уақыт тапшы. Күніне 40 гектарға картоп егу міндеті тұр мойында…

4. Өсімтал «әулиекөл».

ЫНТЫМАҚ ПЕН ЫРЫС МЕКЕНІ

Нұра – көпұлтты мекен. Шұрайлы жер. Отырықшы халық астықты мол өсірген өңір. Дегенмен, бүгінде аудандағы қазақтың да қарасына шүкір дейміз. «90-шы жылдары Қайнардағы бүкіл қазақ тойға жиылып келгенде екі-үш үстелден аспайтын», – дейді Сейітжаппар ағамыз. Қазір ауыл халқының 72-73 пайызын еңсерді. Бұл да Тәуелсіздіктің арқасы. Маңайындағы елге құт болған Нұра бойында бірнеше ұлт тату-тәтті ғұмыр кешуде.

Нұрқанат ҚАНАПИЯ.

Басқа материалдар

Back to top button