Ресми

1. Жеті қат жер астында: КӨМІР һәм ӨМІР

Төбедегі рельске жабысқан «Феррит» – өгіздей сылбыр. Еріне басады. Қадам сайын әр тұстан сығырайған шамдар бір-бірінен қашықтай түсті. Бастапқыда көзімізге ілікпесе де түшкірініп-пысқырынуымызға «жараған» тозаң да қоюланып келеді. Тек, жайбасар вагондардың маңдайындағы қос тостағаннан тараған сәуле шаңмен шегенделген тұңғиықты тілуге қауқарлы. Оқта-текте штректің бір бүйірінен жылт еткен жарық та көңілімізге медеу. Бірақ, сүйене сенгеніміз – шекеміздегі шам. Топырақты сілки тараған жаңғырықтың ауылына жақын қалдық. Апақтың атын шығарып, Қарағандының атағын асырған көмір. Әне-міне сол көмірге өмірін арнаған қауыммен кездесеміз. Жеті жүз метр жер астында… Шелектеп әкеліп, пешке тоғыта салатын көмірді өндіру ісін көзбен көру – көптен бері көкейде жүрген. Шаруаның қиюы келісті. Тәуелсіздік мерейтойына орай қолға алған «Отыз жылдыққа – отыз репортаж» репортаждар циклінің тырнақалды мақаласын осы көмір тақырыбына арнағанды жөн көрдік. Өйткені, көмір – Қарағанды өңірінің бір тіреуі. Қазақ мемлекетінің түндігінен сызылған түтіннің түзу көтерілгеніне – 30 жыл. Жүздеген ұлт пен ұлыстың қазақ жұртының төңірегіне топтасқанына – 30 жыл. Сондықтан, бұл тойды ескерусіз қалдыруымыз мүмкін емес-ті. Бұл – біздің газеттің ел тойына тартуы деп қабылдаңыз, мәртебелі оқырман.

«Бюрократия – бізге жат»

Жалпы, қалам ұстаған қауымның өндіріске бас сұғуы – шөп ішінен ине іздегеннен қиын. Талай атқа қонғанда тарс жабылған есікке тұмсығымызды ұрып қайтқанбыз. Бұл жолы да шахтаға түсуге бел буғанда көңілімізде үміттен күдік басым болғанын жасырмайық. Және ол әлемдегі алпауыттың бірі – «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның қарауындағы шахта болса. Қағазбастылықпен «су аяғы – құрдым» қыларынан қауіп қылдық.

Бірақ, компанияның баспасөз хатшысы Алексей Агуреевпен телефон арқылы тілдескен соң-ақ қауіп бұлты сейілді. Қас қағым сәтте. Әдеттегідей ресми хат жазуға кіріскен бізге баспасөз хатшысы қысқа қайырды. «Бюрократия бізге – жат. Әкімшілік кедергілерді алып тастадық». Мойындайық, бұл әңгіме кезінде аз уақыттан кейін жеті жүз метр тереңдікте жүретінімізге сенбедік. Алексей Николаевич бастаған команданың жүйелі жұмысының арқасында осы мақаланы назарларыңызға ұсындық.

Қожайынға да кеңшілік жоқ

Қазақстан Тәуелсіздігі тойына арнаған алғашқы репортажды «Қазақстан» шахтасынан жазу мәртебесі бұйырды. Шахтинск қаласының іргесінде жатқан шахтаға таң бозынан ат басын тіредік. Қарсы алатындары белгілі. Алыстан шахтаның копёрі менмұндалаған сәттен-ақ бұл күнді тықырши күткен біз көлігіміздің қарқынына қарқын қостық. Тезірек шахтаға түспесек, бар қызықтан құр қалатын сияқтымыз.

Әйтсе де, жігіттер асығудың реті жоқ екендігін кесіп айтты. Мұнда тәртіп қатал. Компанияның қожайыны рұқсат берсе де, ереже – бәріне ортақ. Тіпті, қожайынның өзі келсе де. Әуелі ел сияқты тиісті тексеруден өтуіміз керек.

Алдымен медициналық орталыққа алып барды. Соңғы үлгіде жабдықталған нысан. Зертханаға пара-пар. Ішіп-жегеніңізді анықтайды. Екі-үш күн бұрынғы ішімдіктің иісі шықса, бар шаруаңыздың қисыны қашты дей беріңіз. Қан қысымын, дене қызуын, көздің көру қабілетін, жүрек лүпілін бір аппарат демде мониторға алып шығады. Ол ақпарат кестеге тіркеледі. Аталған кестеде шахтаға жұмысқа тұрған әр адамның медициналық көрсеткіштері сақталады. Мәңгілікке. Өшіріп, түзету мүмкін емес. Медициналық картаңды жоғалтып, жарты жыл бұрынғы анықтамаңды базадан таппай отыратын дәрігерлер үйренер дүние көп мұнда.

Аз-кем бөгелістен кейін еңбек қауіпсіздігі бөліміне бастап барды. Шахтада жүріп-тұру әліппесін игеруіміз керек. Еңбек қауіпсіздігі бойынша бас инженердің орынбасары Ерғали Есенғарин әліпті таяқ деп танытты.

Әр шахтердің мойнында өзін-өзі құтқару жабдығы жүреді. Міндетті түрде. Интернеттен «самоспасатель» деп терсеңіз, көресіз. Үш литрлік банканың көлеміндей темір құтыда ауа тазартатын фильтр орналасқан. Табан астынан метан пайда болған жағдайда дем тартпастан әлгі құтының қақпағын жұлып алып, ішіндегі түтікті аузыңызға қыстыра қоясыз. Ал, метанды адам сезбейді. Иісі, дәмі, түсі жоқ. Тек, арнайы датчик арқылы ғана. Датчиктен – белгі, түтік – аузыңызда. Өлмейтін адамның әрекеті.

Жеті қат жер асты – алақанда

Шахтаның миы – басқару пульті. Жер астындағы жұмыс қадағаланады. Оқыс оқиға орын алса, шұғыл қимылдауға мүмкіндік бар. Заманауи технологияның жемісі. Камералар орнатылған. Біз барғалы бет алған лава да бұл жерден алақандағыдай көрінеді.

Шахта директоры Владимир Шнель ауысым бастығы Руслан Авдеевпен жұмыс барысын талқылап тұр екен. Шахтадағы жаңашыл жүйе туралы әңгімелеп берді.

2019 жылдан бері шахтада жайғасым жүйесі (орысша – система позиционирования) іске қосылды. Бұл жүйе әр жұмысшының жүрген жерін анықтауға мүмкіндік береді. Яғни, жер астына түскен шахтердің каскасына бекітілетін шамның батареясына чип қойылады. Әркімнің номері бар. Басқару пультіндегі диспетчерге шахтермен сөйлесу қажет болса, датчикке сигнал түседі. Тиісінше, шахтер рация арқылы диспетчерге шығады.

Датчиктер адам құтқаруда үлкен көмегін тигізіп отыр. Егер, адам жиырма минут қозғалмаса, мониторда көрсетіледі.

– Еңбек өнімділігі де артты, – дейді шахта директоры, – Ертеде шұғыл тапсырма беру қажет болса, телефон арқылы байланысқа шығасың. Әуелі тау-кен шеберіне, ол звено жетекшісіне, звено жетекшісі жұмысшыға тапсырма беретін. Қазір диспетчер бірден жұмысшымен байланыса алады. Апат кезінде тиімді.

Жүйе аймақтағы шахталарда енді қолға алынуда. Қанатқақты жобаны алғаш рет «Қазақстан» жүзеге асырып отыр.

Оқпан бойымен он минут

Директордың әңгімесінен кейін шахтаға түсудің қамына кірістік. Бастан-аяқ киіндірді. Синтетика жоқ, таза мақта, кенеп. Баста – каска, аяқта – резеңке етік. Шұлғау орауды да ұмытыңқырап қалыппыз. Көптің күшімен киіндік. Каскамызға шам тағып, иығымызға «самоспасательді» іліп бергенде, тіпті, Айға емес, Марсқа қадам басуымыз тиіс ғарышкердей сезіндік өзімізді.

Қарағандыдан күнбатысқа, немесе теріскейге қарай шықсаңыз, көресіз. Сайын даланың әр тұсында жалғыз мұнара қарауытып тұрады. Мұны «копёр» дейді. Яғни, жер астымен жалғайтын алып лифтіні копёр көтереді. Техника, адам осы лифтімен тасымалданады. Лифтінің өзін «клет» атайды. Бірнеше тоннаға дейін көтеретін алып кабина. Ал, клет оқпанмен қозғалады. Орысша – «ствол». №1 көмір өндіру учаскесінің бастығы Ринат Гафаров бастаған топ клетке кіріп, оқпанмен төмен тартып бердік. Бағдар – 670 метр. Шахтер тілінде – «-170». Сарыарқа – орта есеппен, теңіз деңгейінен 500 метр жоғарыда. Біз теңіз деңгейінен 170 метр терең түспекпіз.

Жолбасшы ауызды ашып тұру керегін айтты. Не керек, аузымызды аңқайта аштық. Бірақ, біразға дейін бір-бірімізді естуден қалдық.

Темір қорап қозғалған бетте көз алдымыздан жер қабаттары сырғып өтіп жатты. Қоңыр, сарғыш, сары, сұр, ағарып барып қайта қараяды. Жылдап тессең, түбіне жетпейтін қатпарлар. Тізеңді әлсіз діріл билегендей. 17 жыл шахтада қамалып, тірі шыққан шыңжаңдық шахтер есіме түсті…

1997 жылы жер сілкінісінен шахта опырылады. Тұтқын-шахтер мол су және күріштің арқасында тірі қалыпты. Етті – егеуқұйрықпен, дәрумендердің орнын мүкпен толтырған. Сөйтіп жүріп қаза болған жүзден астам әріптесін жерлепті. Сорлы шахтер топырақты үңгіп, жер бетіне шығуға тырысқан болар. Алайда, жалғыз адамның қайраты қаншаға шыдар дерсіз?! Мағауиннің «Сары қазағындағы» Стамбек Бетпақтың кіндігінен он жеті құлаш құдық қазғанда жалғаннан түңіліп кетуші еді ғой. Құдайдың жарығын жамылған жанның қалі сол, түнектегі тұтқыннан не сұрарсыз… Және ол жүздеген метр қалың топырақ зынданында жатса…

Клет бір қарқынмен он минут төмен сырғыды…

Біз түсіп келе жатқанда астымызда үш жүзден астам адам тер төгіп жатты…

«Қазақстанда» отыз жылға жетер байлық бар

Есік ашылғанда бетіміз қарап тұрған штректің (жерасты дәлізі) түбіне көзіміз жетпеді. Тек, таяқ тастам жер сайын шам сығыраяды. Енді мінер шабан «Феррит» сол шамдардың сәулесімен сарғая көрінеді.

Шабан деп мұрын шүйіргенімізбен, бұл «өгізден» асар көлік жоқ жер астында. Төбедегі жалғыз рельске асылған күйі маңайды солқылдата сүйреп берді. Бес-алты шағын вагон. Бітелген құлақтың пайдасын көрдік. Шақұр-шұқұр, кісіні кісі естімейді. «Серуен құратын жерің бұл емес» дегендей «сары өгіз». Жұлқып отырып жарты сағатта 1,5 шақырымды басып өтті.

«Өгізден» сыпырылып түскен соң жаяу-жалпы тағы жарты шақырымды артта қалдырдық. Ауданы 17 шаршы метр деген штрек көзге тарыла түскендей. Топырақты жапқан бетон тақталар азайғанымен болат профильдер сол қалпы. Тіреулер де баршылық. Ринат Гафаров – алда, біз – ізімен. Ізін қисық басуға рұқсат жоқ. Қараңғыда тоңқалаң асарың кәдік. Немесе гүрілдеп тұрған жүздеген генератордың бірінің үстіне шығып кетерің сөзсіз.

Қадам санап шаң да қоюлана түсті. Тек, тұстұстан ескен самал құтқарып тұр. Әйтпесе, штректе тыныс алар ауа тапшы. Генераторлар осы ауаны қалталарға құшақ жетпес түтіктермен үрлеп жатыр.

Шахтада төрт ауысым жұмыс істейді. Алты сағаттан. Бір ауысым бойы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Күнде. Соның арқасында қалған үш ауысым алаңсыз көмір өндіреді. Бір ауысымда – 1-1,2 мың тонна. Бір тәулікте 3,5 мың тоннаны игеруге болады. Бұл – Гафаровқа қарасты учаскенің қуаты. Шахтаның қос учаскесі біріккенде, директор Шнель айтқан келесі жылғы меже – 1,7 миллионды оңай еңсереріне сендік.

Әдетте, бір ауысымда 150 шамасында шахтер еңбек етеді. Таңғы сегіз бен түскі екінің арасында ғана кісі қарасы екі есе көп. Біз келгенде қою шаңның ішінде жұмыс қызып жатты. Тозаңнан арнайы тігілген бетперде ғана қорғайды.

Мынауыңыз шаң ба, тәйірі?! – Қараңғыда сүріне ұмтылған бізді жұмысшы Оразбек Тұрсынов күле қарсы алды. – Қазір бір-бірімізді құрық бойынан көріп тұрмыз. Комбайн, конвейер тоқтаған. Ал, «добыча» кезінде қол созымға келмей байқамайсыз.

Оразбек ақсақалды учаске бастығы таныстырды. Тазалау забойының жұмысшысы. Шахта ісінің майталманы. Есімі Құрмет тақтасынан түспейтіндердің бірі.

Шахтерлер де Пайғамбар жасында зейнетке шығатыны белгілі. Үкімет, әзірге, басынан сипауға асығар емес. Қариялар күрек, қайла көтеріп жүр. Дегенмен, «үлкенге – құрметті» біледі кеншілер. Бір кездері лаваның алдыңғы шебінде атойлаған ардагерлерді уақыт өте жеңілдеу жұмыстарға бекітеді. Орекеңнің де жөндеу ауысымында жүргені сол.

Ақсақал алдымызға шығып, көмірдің қырына бастап барды.

Іздегендерің – міне!

Тік жүруге – тар. Конвейер бойын жағалай еңкейе адымдауға тура келді. Тау үйілген «қара алтынға» бұға басып көтерілгенде, жер бүйіріне «тісін батыра» тынған комбайнға көзіміз түсті.

Айкхофф SL 300. Неміс машинасы. Салмағы 45 тоннаға дейін баратын алып. Шындап кіріссе, айына 600 мың тонна көмір қазуға қауқарлы. Машинист Расул Хузин бастаған жігіттер комбайнды кезекті жұмыс күніне дайындап қойыпты.

Міне, осы комбайн опырған көмір конвейермен оқпан бойындағы бункерге жеткізіледі. Сыртқа шыққан соң вагондарға тиеледі. Вагондар бірден «Восточная» байыту фабрикасына жөнелтіледі. Фабрикада көмір кокстеліп, Теміртаудағы комбинатқа, Ресей мен Қытайға, бір бөлігі тұрмыстық кәдеге жол тартады. Яғни, біздің кәдемізге…

Біз тұрған забой – шахтаның ең терең тұсы. Тағы 170 метрге төмендей түсу – жоспарда. Директор айтқандай, қазір шахтада 60 миллион тонна көмір қоры анықталды. Технология қарыштап, жылына 2 миллионнан жаратса да, «Қазақстанда» отыз жыл қаужар байлық бар.

«Аз емес» дерсіз. «Көп» десеңіз де өз еркіңіз…

Біз білмеген бақыт

Жарық дүниенің қадірін зағип пен шахтерден артық түсінер жан жоқ жаһанда. «Бес күн жалғанды» Жаратқанның жарқын әлемін тамашалай жүріп өткізгенге не жетсін?! Біз білмеген бақыт. Жер астында өткізген жарты күнде түйсіндік. Және кермегі тамған шахтер еңбегін бағамдауға, бағалауға тырыстық. Бірақ, біздің бағамнан, ішкі бағадан шахтердің бейнеті жеңілдеп кетсейші… Жеті қат жер астында көмір үшін, өмір үшін тартысып жүр…

1. «Қазақстан» шахтасы.

2. Шахта директоры Владимир Шнель мен ауысым бастығы Руслан Авдеев жұмыс барысын талқылап тұр.

3. Машинист Расул Хузиннің комбайны ауысымға толық әзір.

4. «Сары өгіз» – «Ферритіңіз» – осы.

Нұрқанат ҚАНАПИЯ.

Суреттерді түсірген Руслан ҚАЛИЕВ.

Басқа материалдар

Back to top button