«Абай аманаты» – «Алаш айнасы»
Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Абай аманаты» мақаласы рухани өмірімізге үлкен серпіліс әкелді. Оның өзіндік себептері де жоқ емес. Ең алдымен, қоғамда қызу қолдауға ие болған «Рухани жаңғыру» идеясын одан әрі жандандыра түсуге ықпал еткен ғибратты мақала болғаны ақиқат.
Әсіресе, Елбасының: «Ұлы ақын, дана ойшыл Абай ХІХ және ХХ ғасырлар тоғысындағы Ағартушылық немесе Ояну дәуірінің көшбасшысына, елдің болашақ бағдарын айқындап берген рухани темірқазығына айналды» деген сөздері Абай Құнанбайұлының мемлекет, халық үшін қандай маңызға ие тұлға екендігін барынша айғақтай түседі.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы «Абай қаншама тар қапас заманда өмір сүрсе де, болашаққа үмітпен көз тікті. Ол өлеңдерінде «жаңа өспірім, көк өрім», «тілеуі, өмірі алдындағы», «көкірегі сезімді, тілі орамды» жастарға үлгі бермек үшін ғибрат айтты. «Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез» дей отырып, «дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз» деген тағылымын үйретті. Абайдың өнегесін ескере отырып, тәуелсіз мемлекетіміздің жастары арасынан халықаралық стандарттарға сай, білімі мен білігі жоғары мамандар даярлау мақсатымен «Болашақ» президенттік стипендиясын тағайындадық. Соның арқасында ұлы ақын өмір сүрген заманда «интернатта оқып жүрген» қазақ баласының ұрпақтары ХХ және ХХІ ғасырлар тоғысында әлемнің ең таңдаулы университеттерінде білім алу мүмкіндігіне ие болды» деген Елбасы сөздері Абай аманатының бүгінгімен сабақтасып жатқандығын көрсетеді.
Қазақ қоғамында қандай көрнекті тұлғалар болмасын бірде-бірі Абай ғибраттарына жүгінбей өткен емес. «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» Абай ойларына тіреледі. Ұлы ақын тек қазақ қоғамының рухани дүниесіне ғана тоқталмаған. Ол сондай-ақ, халқымыздың өмір сүру заңдылықтарының ешбірін назардан тыс қалдырмайды. Мінез-құлық, еңбек, елді сүю, ғылым-білім, адамгершілік, сот, әділдік сияқты қоғам үшін маңызды тетіктердің барлығына өз ойын, бағыт-бағдарын білдіріп отырған. Абай аманаты, Абай ғибраты сонысымен құнды, сонысымен өміршең.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Абай аманаты» атты рухани мақаласының осындай ізгі ойларға бастайтыны да сондықтан.
Қойлыбай АСАНҰЛЫ,
филология ғылымдарының докторы,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің профессоры.