РуханиятТұлға

Хакімнің екінші жұрты

«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» деп хакім Абайдың өзі айтпақшы, ұлы Абайды кім болсын өзіне жақындатқысы келеді. Біздің аймақ хакімге тумысынан жақын. Қарқаралы арқылы, ондағы нағашылары арқылы. Әуелі нағашы жұрты осы Қарқаралы, Егіндібұлақ топырағынан болса, екінші – Абай бала күнінде-ақ тоқтаған үй, әкесі Құнанбай салдырған мешіті тұр.

Абай тоқтаған үй – ХІХ ғасырда Қарқаралыда өмір сүрген Халиолла Бекметов деген татар көпесінің үйі. Абай тоқтаған үй аталады бүгінде. Күрделі жөндеуден өтіп, бұрынғы қалпына келтірілді. Қазір мұнда Қарқаралы ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі жұмыс жасап отыр.

Қазақстан жұртшылығы әлем таныған Абаймен мақтанса, қарқаралылықтар Абайды туған нағашылық қанымен, шәкірт Абай түскен үйімен, Құнанбай салған мешітімен мақтанады. Абайды Қарқаралысыз елестете алмайсыз. Қарқаралы – талай ғұлама ғалымдардың ізі қалған қасиетті мекен ғой. Олардың арасында Құнанбай қажы мен Абайдың орны тым бөлек. Мешітті айтсақ, Құнанбаймен байланыстырамыз. Құнанбайды айтсақ, Абай деп толғанамыз. Абай тоқтаған үй иесі Халиолла Бекметов – сауда-саттық және әртүрлі кәсіппен шұғылданып мол дәулет жинаған татар көпесі. Халиолла өзі өмір сүрген кезде Қарқаралыдағы белді, беделді адамдардың бірі болды. Ағарту саласы мен дін мәселелеріне баса назар аударып, мешіт, медресе үйлерін салдырып, осы аймақта кен көздерін ашуға өзінше үлес қосты. Х.Бекметов Абайдың әкесі Құнанбаймен сыйлас болып жақын араласып тұрған. 1848-1850 жылдары Абай Қарқаралыға келгенде осы Х.Бекметовтің үйіне түсіп жүрген.

Осындай Қарқаралысы бар облыс орталығы – Қарағанды Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы аясында аянып қалып жатқан жоқ. Өңірдегі білім ордаларында Абай Құнанбайұлының мерейтойы қарсаңында түрлі бағыттағы мерекелік кештер, апталықтар, онкүндіктер ұйымдастырылып, мектеп оқушылары арасында қашықтықтан облыстық «Абай ұрпақтары» тақырыбындағы Абай өлеңдерін оқудан байқау өтті. Аталған іс-шараға 350 үміткер қатысты.

Сонымен қатар, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының тәрбиеленушілеріне арналған «Кемеңгер бала» облыстық байқауы «Ұлы Абай бала көзімен» тақырыбында өткізілді.

С.Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында биылғы 5-6 наурызда жазушы-ғалым, абайтанушы Т.Ибрагимовтың «Жас Абай» атты пьесасы (режиссер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Н.Жұманиязов, қоюшы-суретші – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Е.Тұяқов) сахналанды.

Қарағанды облыстық Абай атындағы балалар кітапханасында «Абай мұрасы – мәңгілік мирас» атты көрме инсталляциясы ашылды. Кітапханаға Ұлы Абайдың есімі 1954 жылы берілген. Көрмеге Абайдың шығармалары, ол туралы кітаптар мен материалдар, барлығы – 130 кітап қойылды. Экспозицияға 1948 жылы шыққан М.Әуезовтің “Абай” романы, 1949 жылы шыққан А.Пушкин жинағы енгізілген. Сондай-ақ, 1951, 1954 және 1957 жылдары қазақ және орыс тілдерінде шыққан өлеңдері мен Қара сөздерінің жинағы бар.

Облыстық бейнелеу өнері музейінде «Дана – Абай, дара – Абай» көрмесі ашылды. Көрмеге музей қорынан Абай портреттері мен оның шығармашылығына арналған 30-дан астам графикалық және көркем жұмыстар қойылды. Көрменің басты экспонаттары – Төлеуғали Кеңесбаев орындаған ақынның портреті, сондай-ақ, Вениамин Шамшиннің «Абай сөзі» атты жұмысы.

Облыстық тілдерді дамыту басқармасының «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» өңірлік байқауы маусым айында онлайн режимінде өтті. Әлеуметтік желіде (фейсбук, инстаграм) Абай шығармаларынан бейнецитата «Білімдіден шыққан сөз» тақырыбымен облыстық акция қарқынды түрде жүргізілуде. Эстафетаға облыс тұрғындары, әсіресе жастар қауымы қызығушылық танытты.

Аймақ көлемінде Абайға барлығы 6 ескерткіш, 2 бюст орнатылған, 77 көшеге және 12 мекемеге ақынның есімі берілген.

Қарағанды қаласында Ленин көшесін Абай есімімен қайта атау бойынша қоғамдық тыңдау өткізіліп, көпшіліктің қолдауына ие болды. Бүгінгі таңда тиісті құжаттар жинақталып, республикалық ономастикалық комиссияның қарауына жолданды.

А.Құнанбайұлына арналған Абай, Жезқазған және Сәтбаев қалаларында хакімнің ескерткіштері және мүсін орнатылып, салтанатты ашылуы қыркүйек-қазан және желтоқсан айларына жоспарлануда.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button