Қарағанды

Тасқа түскен һас өнер

«Белсенді азамат» және «Terricon Valley» командалары Қарағандыдағы көпқабатты үйлердің қасбеттерінде муралдар салуды жалғастыруда. Облыс орталығындағы үйлердің қабырғаларына төрт сурет салынған. Күн суытқанға дейін жастар тағы алты монументалды суретті жоспарлап отыр. Мұндай мурал – Абай мен Саран қалаларына да тарту етілмекші.

Осыдан біраз бұрын жоба авторлары Университет көшесіндегі №21 үйдің қабырғасында орналасқан «Толқын» муралы бойынша жұмыстарын мәреге жеткізді. Суретшілердің айтуынша, монументалды бұл сурет екі әлемдік шедеврдің элементін біріктіреді. Ол – Винсент Ван Гогтың «Жұлдызды түні» және Кацусик Хокусайдың «Канагавадағы үлкен толқын» туындысының штрихтары. Жұмыстың авторы – суретші Шыңғыс Қасымов.

Аталған мурал – бір композициямен біріктірілген үш суреттің бірі. Бұл қатарға бүгінге дейін тұрғындардың көз қуанышына айналған «Би» туындысы да кіреді. Сурет екі танымал картинаны жинақтап тұр дейді автор. Мұнда Гүлфайрус Исмаилованың «Қазақ вальсі» және Густав Климттың «Поцелуй» туындысы бар. Үшінші сурет – алдағы уақыттың еншісінде. Келесі көпқабатты үйде қандай сюжет болатынын әзірге құпия ұстап отыр автор.

– Суреттері бар көпқабатты үйлердің маңында болашақ дизайнерлер, сәулетшілер оқитын ҚарМУ корпусы орналасқан. Сондықтан, біз күн сайын болашақ мамандар көз салатын муралдарда ең үздік әлемдік туындыларды жинақтауды шештік, – дейді «Белсенді азамат» жобасының жетекшісі Сабыр Ниязбеков. Эскиздерді әзірлеу кезінде сурет орналасатын орын, оның тарихын назарға алады екен.

– Абай – бұл шахталар. Біз мұны әлі де ойластырамыз. Содан соң оны өнер призмасы арқылы түсіндіруге тырысамыз, – дейді Сабыр Ниязбеков.

Жоба жетекшісі және оның командасы әлеуметтік желіде оң баға берілгенінен хабардар екенін жасырмайды.

– Тұрғындардың біздің еңбегімізге ерекше ілтипат білдіргені, әрине, жүрегімізге жылы тиеді. Көңілімізде, көкірегімізде осындай игі іс тындырғанымызға іштей қуанамыз. Біз жобаны 2018 жылы ойластырдық. Бірақ, оны қазір ғана Қарағанды облысы әкімдігінің көмегімен жүзеге асыра алдық, – дейді Сабир Ниязбеков.

Қарағандыда команда төрт мурал құрды. Олардың біріншісі қызметте қаза тапқан ер Ерлан Нұрғалиевке арналды. Сюжеттің негізі – ақбөкенді ұстап тұрған ердің суреті. Екінші сурет Нұркен Әбдіровтың балалық шағына арналған және батыр есімімен аталатын даңғылда орналасқан. Үшінші және төртінші – «Би» және «Толқын» – Университет көшесінде.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА.

Басқа материалдар

Back to top button