АймақОблыс әкіміРесмиСаран

Шағын шаһар – шырайлы

Саран қаласының болашағы – зор. Қала қарқынды даму үстінде. Кез келген жағдайға бейімделе алатын, кез келген сын-қатерден шығынсыз шығуға қабілетті шағын және орта бизнес те бұл қалада кенже қалмаған. Сәйкесінше, кәсіпкерлер саны да артып келеді. Ал, жаңа инвестициялық жобалар оның дамуына қосымша серпін береді деген болжам бар. Қалада жұмыс сапарымен болған аймақ басшысы Жеңіс ҚАСЫМБЕК осындай жағымды ұйғарым жасады.

2018 жылмен салыстырғанда шағын және орта бизнестің даму деңгейі 3,4%-ға өскен. Қаланың бөлшек саудадағы тауар айналымының көлемі өткен жылмен салыстырғанда 107% -ды құраған. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» арқылы білім беру, медицина нысандары мен қала көшелерін жөндеу жұмыстарын қаржыландыру 3,4 есеге артқан. Бағдарлама шеңберінде Саран гуманитарлық-техникалық колледжін жөндеу, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ғимараты мен бассейнін, 6 балабақша мен 5 орта мектепті, Мәдениет үйі мен кітапхананы ағымдағы жөндеу жұмыстары іске асырылуда. Сондай-ақ, «Сұңқар» стадионының жанындағы орталық саябақ пен орталық аурухананың аумағын абаттандыру және жөндеу жұмыстары жалғасуда.

Жеңіс Махмұдұлы бұл көңілге қонымды көрсеткіш екенін атап өтті. Әлбетте, жағдайды одан әрі жақсарта түсу үшін жұмыстар жалғасатын болады. Соған қарамастан, сумен және жылумен жабдықтау желілерінің жағдайы, қоғамдық көлік қызметінің сапасы және тұрғын үй құрылысы, жолдарды жөндеу сияқты қордаланған проблемалардың бар екеніне де назар аударды.

Саран қаласының әкімі Ержан Темірханов су құбыры желілері – 75%- ға, кәріз желілері 85%-ға тозғанын айтса, Жеңіс Қасымбек аталған проблемаларды жоюға барынша көмек көрсетуге, сондай-ақ, қаланы қосымша қаржыландыру жолдарын қарастыруға уәде берді. Қазірдің өзінде 42 шақырымды құрайтын су құбыры желілері ауыстырылуда. Сондай-ақ, кәріз коллекторларын ағымдағы жөндеу және кәріздік сорғы станциясын қайта құрылымдау жұмыстары жүргізілуде.

Сапар барысында облыс әкімі аяқталуға жақын бесқабатты тұрғын үй құрылысында да болды. Жеңіс Махмұдұлына мәлімделгендей, жұмыс кідіріссіз, уақытылы жүргізілуде. Құрылысқа пайдаланылатын материалдардың дені – отандық өнімдер.

Одан бөлек, қалада «Нұрлы Жер» бағдарламасы бойынша бесқабатты, 100 пәтерлік екі үйдің құрылысы басталған. Олардың бірі – биыл, екіншісі 2021 жылы пайдалануға беріледі. Кезекте тұрғандар үшін 90 пәтерден тұратын екі үй де қалпына келтірілуде.

Жеңіс Қасымбек дәрігерлермен де кездесті. Медицина кадрларының тапшылығы бұл қалада да сезілетіндіктен, қала әкіміне мамандарды тарту үшін биыл жас маман-дәрігерлерге 10 пәтер бөлу міндетін жүктеді.

Қала жолдарының жайы да назардан тыс қалмаған. 13,1 шақырымды құрайтын 17 қалаішілік жолды жөндеу жұмыстары – қарқынды, өндірістік аймаққа баратын жолдың да құрылысы биыл аяқталады деген жоспар бар.

Саран үшін тағы бір маңызды жоба қолға алынғаны белгілі. «Yutong» трансұлттық компаниясымен бірге автобустар мен арнайы техника өндіретін жоба жүзеге асса, жылына 1 200 автобус және 400 арнайы техника шығарылатын болады. Жаңадан 400 жұмыс орны құрылатын өндіріс орны алғашқы автобусты жыл соңына дейін шығарады.

– Аты аңызға айналған бұл өнеркәсіптік аймақтың инфрақұрылымының болуын ескере отырып, осы алаңда жаңа индустриялық кластер құруды жоспарлап отырмыз. Оның ішінде жоғарыда аталған жобалар үшін жиынтықтаушы өндірістерді іске қосу қарастырылған, – деді Жеңіс Махмұдұлы.

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button