Ресми

500 мың компьютер беріледі

Биылғы оқу жылында Қазақстанның 7 391 мектебінде 3,3 миллионнан астам оқушы білім алады. 1 сыныпқа 396 мыңнан астам бала барады. Үкімет мұқтаж отбасылардағы 500 мың оқушыны компьютермен қамтамасыз етеді. Бұл жөнінде Премьер-Министр Асқар МАМИННІҢ төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында айтылды.

Үкімет басшысы биылғы 20 тамызға дейін алдағы оқу үрдісі туралы толық ақпарат бере отырып, онлайн режимде республикалық ата-аналар жиналысын ұйымдастыруды тапсырды.

– Үкімет аса мұқтаж отбасылардың балаларына пайдалану үшін шамамен 500 мың компьютер беруді қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, әкімдіктер жергілікті деңгейде компьютер техникасымен қамтамасыз ету мәселесін қарастырсын, – деді А. Мамин.

Премьер-Министр Білім және ғылым министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, осы жылдың 25 тамызына дейін оқушылар мен педагогтердің оқу жылының қашықтықтан басталуына толық дайын болуын, мұғалімдердің тиісті оқудан өткізілуін, интернет-платформаларда және теледидарда қажетті контенттің толық көлемде дайындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Бұған дейін белгілі болғандай, алдағы оқу жылының бірінші тоқсаны қашықтықтан өтеді. Оқытудың дәстүрлі форматы барлық санитарлық нормаларды қатаң сақтай отырып, тек шағын форматтағы мектептерде, сондай-ақ, бастауыш мектептің кезекші сыныптарында сақталады. Ал, оқулықтар 25 тамызға дейін беріледі. Олардың электрондық нұсқалары қолжетімді болады.

Премьер-Министр Цифрлық даму министрлігіне әкімдіктермен және байланыс операторларымен бірлесіп, білім беру ресурстарының қолжетімділігі мен орнықтылығын, сондай-ақ елді мекендерде интернеттің сапасы мен жылдамдығын қамтамасыз етуді тапсырды.

Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Back to top button