Тұлға

Арқаның арда азаматы

2020 жылдың 26 маусымы күні ел болашағы үшін қажырлы еңбек етіп, саналы ғұмырын жас ұрпақтың тәлімді тәрбиесі мен халқының рухани жаңғыруына арнаған білім беру ісі мен спорт, мәдениет және қоғам қайраткері, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты Ғазым Жарылғапұлы ЖАРЫЛҒАПОВ дүниеден өтті.

Ғазым Жарылғапов 1942 жылы 3 ақпанда Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданының орталығы Атасу кентінде дүниеге келген. 1950 жылы аудан орталығындағы В.Ленин атындағы орта мектептің табалдырығын аттап, аталған оқу ошағын 1960 жылы бітірген. Спорттағы жетістіктері жетелеп, 1960 жылы Қарағанды қаласындағы облыстық «Қайрат» ерікті спорт қоғамына бокстан жаттықтырушы қызметіне орналасты.

1962 жылы Қарағанды политехникалық институтының дене тәрбиесі кафедрасына қызметке тағайындалып, келесі жылы туған ауылы Жаңаарқадағы Н.Крупская атындағы орта мектептің дене тәрбиесі пәнінің оқытушысы қызметіне қабылданды.

Көп уақыт өтпей-ақ өзінің педагогтік, жаттықтырушылық, ұйымдастырушылық, іскерлік дарынымен Ғазым Жарылғаповтың есімі аудан, облыс көлемінен асып, республикаға танылды. Ол аудандағы алғашқы стадион, жеңіл атлетика, волейбол, баскетбол, футбол алаңдарының салынуын ұйымдастырып, қолданысқа енгізу деңгейіне жеткізді. Жастардың спортқа, салауатты өмір салтына жаппай бет бұруына ұйытқы болды. Сондай-ақ, мектеп қабырғасында бокс, қазақ күресі, самбо секцияларын ашып, талантты жастарды іріктеп, келешекте Жаңаарқаның ғана емес, еліміздің спорттық даңқын әлем көгіне асқақтатқан алғашқы шәкірттерінің тұсауын кесті. Тәрбиелеген шәкірттері ұстаз еңбегін өздерінің аудандық, облыстық, республикалық спорт сайыстардағы тамаша жетістіктерімен ақтай білді.

Білікті педагог Жаңаарқа ауданындағы «Қайрат» ерікті спорт қоғамының төрағасы қызметіне тағайындалып, мешеулеп қалған ауыл спортын көтеруді және спортқа бейім ауыл жастарын тәрбиелеп, қабілеттерін шыңдап, оларды нағыз майталман спорт шеберлерінің дәрежесіне жеткізуді өз жұмысының негізгі мақсаты санады. Ол парасатты азаматтық мақсат жолындағы қиын да қызықты іске бар қайраты мен жігерін, қарымы мен қабілетін жұмсап, беріле қызмет етті. Табанды еңбегі көп күттірмей өз жемісін берді.

Аудан көлемінде спорттық өнердің дамуына жетекші болып, оның өркендеуіне, дамуына жеке тұлға ретінде еңбегі сіңген қайраткер педагогты Жаңаарқа ауыл шаруашылығы кәсіптік-техникалық училищесінің дене тәрбиесі пәнінің оқытушысы лауазымына арнайы шақырып, Ғазым Жарылғапұлы училище басшылығының ұсынысын қабыл алды. Училищеде еңбек еткен жылдары жоқтан бар, бардан базар жасайтын талантты ұстаз мекеменің спорттық базасын байытып, дене тәрбиесі пәнінің сапасын биік дәрежеге көтерді.

1978 жылы Ғазым Жарылғапов «Қазақ КСР кәсіптік-техникалық білім беру ісінің озық қызметкері», «КСРО дене шынықтыру және спорт үздігі» атақтарын иеленді. Сол жылы ол біраз жыл бұрын құрылып, хал-ахуалы нашарлап кеткен аудандық «Жас сұңқар» жастар және жасөспірімдер спорт мектебіне директор болып тағайындалды. Азып-тозған ғимаратты жөндеу, спорт секцияларының жұмысын жандандырып, материалдық базаны жетілдіру, ұжымды мақсаткерлікке, біліктілікке баулу сияқты қыруар істер жас басшының тынымсыз еңбегі мен тәлімгерлік білгірлігі, жетелі жетекшілігінің нәтижесінде өз жемісін беріп, спорт мектебінің жұмысы жанданып сала берді. Ғимараттар толық жөндеуден өтіп, спорт секциялары қажетті құрал-жабдықтармен толық жарақталып, мектептегі 500 оқушының барлығы спорт киімдерімен қамтамасыз етілуімен қатар, жаттықтырушылар бар қарым-қабілетімен ортақ мүдделі іске жұмыла кірісті. Мекемеде жағымды психологиялық ахуал қалыптасты.

«Жас сұңқар» спорт мектебіне Ғазым Жарылғапов жетекшілік еткен он сегіз жылдың алғашқы жеті жылының өзінде-ақ самбодан әлемнің екі, КСРО-ның үш мәрте чемпионы, халықаралық дәрежедегі 1 спорт шебері, 7 КСРО спорт шебері, 47 спорт шеберлігіне үміткер, жүзден аса разрядты спортшылар дайындалды. Кейінгі жылдары ағайынды балуандар Байшолақовтардың даңқы жер жарып, үлкені Қанат – екі мәрте әлем чемпионы, Еуропа чемпионы, бірнеше дүркін Қазақ КСР чемпионы атанса, оның інісі Талғат – Еуропа біріншілігінің күміс жүлдегері, кішісі – Жанат Азия чемпионы, Әли-Сұлтан Волобуев әлем біріншілігінің күміс жүлдегері, Азия чемпионы атанды. Бұл бесеуінің барлығы – әлем кубогының иегерлері. Ғазым Жарылғаповтың ұлдары Ерғазы Жарылғапов – самбо, қазақ күресінен спорт шебері, КСРО, Қазақстан чемпионы, Заңғар Жарылғапов – Қазақстан оқушылар спартакиадасы мен қазақ күресінен чемпион, ал Жарқын Жарылғапов бокстан КСРО спорт шебері болды.

1986 жылы Қазақ КСР Оқу министрлігі «Жас сұңқар» спорт мектебінің спорттық істәжірибесін одақ көлемінде әдістемелік үлгі ретінде таратты. Спорт мектебінде күрестен бөлек шахмат, дойбы, жеңіл атлетика, бокс, теннис және тағы да басқа үйірмелер жұмыс істей бастады. «Жас сұңқарда» еңбек еткен жылдары Ғазым Жарылғапов «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталып, «Қазақ КСР-інің Құрметті спорт қайраткері», «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері», «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген жаттықтырушысы» атақтарына ие болды. Мәскеуде өткен Бүкілодақтық мұғалімдер съезіне, ҚР І-ІІІ мұғалімдер съездеріне делегат ретінде қастысты.

1996 жылы Ғазым Жарылғаповты аудан әкімі №12 кәсіптік мектептің директоры қызметіне тағайындады. Өйткені, тоқырау жылдарында тұралап қалған кәсіптік мектепті аяғынан тік тұрғызуға қабілетті, білікті басшы керек еді. Республика көлеміне қадірі мен беделі мәшһүр қайраткерді әкімнің осы лауазымға таңдауы сондықтан болар.

Кәсіптік мектептің жалпы жағдайымен танысқан соң, Ғазым Жарылғапұлы аудандық оқу-өндірістік комбинаты мен «Жас сұңқар» спорт мектебін кәсіптік мектепке қосу мәселесін көтерді. Бұл ойының экономикалық, әлеуметтік тиімділігін дәлелдеп, мекеменің шаруашылық кешенін өркендету жолымен оқу орнының барлық түйткілді мәселелерін шешуді алдына мақсат етіп қойған болатын.

Кәсіптік мектептің жалпы жағдайын жақсарту, түйінін таппай тұрған мәселелерді шешу, оқу-тәрбие жұмыстарының сапасын арттырып, мамандар дайындау, мектептің материалдық-техникалық базасын жетілдіру үшін оқу шаруашылығын табыс көзіне айналдырып, бар күш-жігерді ауылшаруашылық өнімдерін өндіруге бағыттады. Одан түскен қаржыны кәсіптік мектептің көкейкесті қажетіне жұмсау – істің негізгі қозғаушы күші екенін зерделеген басшы мектеп ұжымын осы мақсатты жүзеге асыруға жұмылдырды. Жылу қазандығы, оқу ғимараттары, спорт кешені, жатақхана, кітапхана, асхана, жылыту жүйесі толық жөндеуден өткізіліп, мекемелерге, фермерлер мен жеке адамдарға келісім-шарт бойынша ақылы қызмет көрсету, еңбек биржасы арқылы жұмыссыздарды екінші мамандықтарға оқыту жұмыстары жүзеге асты. Бес жылдың ішінде кәсіптік мектептің материалдық базасы, ұжым мүшелері мен оқушылардың әлеуметтік жағдайы бұрынғымен салыстырғанда көш ілгеріледі. Оқу-тәрбие жұмыстарының сапасын арттыру, оқу кабинеттері мен шеберханаларды, зертханаларды заманауи оқыту құралдарымен жабдықтау, оқушыларды оқу құралдарымен толық қамтамасыз ету, оқушылар жатақханасының, асхананың мүліктерін жаңалау, жаңадан жиһаздар алу жұмыстары жүзеге асырылды. Нәтижесінде 27 оқу кабинеті, 4 зертхана, 2 шеберхана іске қосылды. Педагогикалық ұжымның ата-аналарымен, қоғамдық, мәдени, құқық қорғау, медицина қызметкерлерімен, соғыс ардагерлерімен, еңбек, өнер майталмандарымен тәрбиелік байланысы жүйелі жолға қойылды.

Ғазым Жарылғаповтың бойындағы басшы ретіндегі ерекше бір қасиеті – колледждегі оқу-тәрбие жұмыстарына ерекше мән беріп, өткізілген іс-шаралардың басы-қасында жүретіні, педагогтарды ізденімпаздыққа, білімі мен әдістемелік іс-тәжірибелерін дамытуға баулитыны. Өзі де үнемі ізденіс үстінде жүретін, білім беру ісіндегі жылт еткен жаңалықты қалт жібермей, қашан оны оқу-тәрбие процесіне енгізіп, оқытушыларға меңгерткенше тыным таппайтын, нәтижесін көргенде балаша қуанатын.

Ол елімен етене болды, баршаны бауырындай көрді, тек білікті басшы ғана емес, халық қалаулысы ретінде халқының мүддесі үшін қызмет атқарды. Қарағанды облыстық мәслихатының IV, V, VI шақырылымдарының депутаты болды. Аймақтың әлеуметтік-даму үдерісін жіті бақылап, қарапайым халықтың тілегін депутат ретінде жоғары мінберлерден іркілмей айта білді. Көңіл төріндегі көркем ойларын нақты іске ұластырғанша тыным таппады. Облыстың жан-жақты тұрғыда дамуына зор үлесін қосқан арда азамат адал еңбегі мен ізгі қасиеттерінің, игілікті, қайраткерлік істерінің арқасында ел-жұртының ыстық ықыласы мен алғысына, шынайы сүйіспеншілігіне бөленді. Ол шын мәнінде жалпы қауымның мүддесін ойлап, сол жолда барлық күш-жігерін сарқа жұмсаған мандат иесі еді. Ел аумағындағы іргелі істерге қатысты бұқаралық ақпарат құралдарында өзінің толымды ойларымен үнемі бөлісіп отырды. Қайраткер тұлғаның бойындағы асыл да абзал қасиеттеріне ел шын жүрегімен сүйсінетін. Облыстық мәслихаттың депутаты ретінде көмек сұрай келген аудан тұрғындарына қол ұшын созудан ешқашан тартынбайтын.

Қарапайымдылық пен байсалдылықты қатар ұстанған, тумысынан көркем мінезді дегдар азамат жарқылдаған жайдары қалпымен айналасына шуақ шашып жүретін. Оның киім киісі мен жүріс-тұрысының, сөйлеу мәнері мен қарым-қатынас мәдениетінің өзі баршаға үлгі-өнегедей еді. Өзінің отбасын жан мейіріміне бөлеп, ұрпақтарын адамдық асыл қасиеттерге баулыды, өнегелі тәрбие беріп, қыздарын қияға, ұлдарын ұяға қондырды. Балалары – жоғары білімді, әрқайсысы бір-бір жауапты қызметтің тұтқасын ұстаған қайраткер, танымал азаматтар. Немерелері мен шөберелерінің қызығына бөленген Ғазым Жарылғапұлы жан жары Гауһар жеңгеймен бірге шынайы бақытты өмір сүрді.

Тәуелсіз мемлекетіміздің өркендеуіне, ел экономикасының дамуына, халықтың мәдени-әлеуметтік жағдайының жақсаруына, ұлтымыздың рухани жаңғыруына адал да ерен еңбегімен зор үлес қосып, саналы ғұмырын ел болашағы жас ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне арнаған Ғазым Жарылғапұлының еңбектегі жемісті жетістіктері үкімет пен облыс, аудан әкімдерінің тарапынан жоғары бағаланып «Құрмет» ордені және «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері атанды. Қазақстан Республикасы Президентінің, Парламент Сенаты Төрағасының Алғыс хаттарымен, «Нұр Отан» партиясының, Білім және ғылым министрінің, облыс, аудан әкімдері мен облыстық, аудандық мәслихаттардың, облыстық білім басқармаларының Құрмет грамоталары және Алғыс хаттарымен марапатталды. «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері», «Қазақ КСР кәсіптік-техникалық білім беру ісінің озық қызметкері», «КСРО дене шынықтыру және спорт үздігі», «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің еңбек сіңірген Құрметті қызметкері», «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы», Жаңаарқа ауданының Құрметті азаматы атақтарын иеленді.

Арқаның асыл азаматы Ғазым Жарылғаповтың абзал есімі ел жүрегінде мәңгі сақталады.

Қаһарман баһадүр Аралбай батырдың арда туған ұрпағы, Сарыарқаның сарабдал дара тұлғасын өзінің өсиеті бойынша Аралбай руының болысы әрі әйгілі биі болған, кіршіксіз тазалықты пір тұтқан бабасы Кеттебек Қосыбайұлының зиратының қасына, Қарауылтөбенің басына жерлеп, ақтық сапарына қимай да қимай шығарып салғанымызға да 40 күн толды.

Бір Алла ардақты ағамыздың бақидағы мекенін жұмақтан нәсіп етіп, отбасына береке, ұрпақтарына бақытты ұзақ ғұмыр берсін!

Қалкен СМАЙЫЛ.

Басқа материалдар

Back to top button