Ұлы Даланың Ұлытауы – Қазақ тарихының алтын діңгегі Қазақстанның тарихи және географиялық орталығы, Ұлт ұясы. Киелі атауды иеленген аудан аумағында ресми тіркелген 700-ден астам тарихи, археологиялық және сәулет ескерткіштері бар. Оның ішінде 12 ескерткіш – Жошы хан, Алаша хан, Домбауыл, Аяққамыр, Болған ана, Дүзен, Кетебай, Лабақ, Айранбай мазарлары, Мақат сағанасы, Басқамыр қалашығы мен Әулиетау шыңы республикалық маңызды иеленеді.
Тарихи ескерткіштерді қорғау мен сақтау, олардың маңыздылығын насихаттап, танымалдылығын одан әрі арттыру жұмыстарын «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорықмұражайы жоспарлы негізде әрі әлеуетті түрде жүргізіп келеді.
«Ұлытау» қорық-мұражайының ұсынуы және ұйымдастыруымен республикалық және жергілікті маңызы бар көптеген ескерткіштерді 2010 жылдан бастап, бүгінгі күнге дейін қайта қалпына келтіру шаралары атқарылу үстінде. Соның аясында олардың төңірегін абаттандыру жұмыстары да назардан тыс қалған емес.
Әрине, осыншама ескерткіштерді аз ғана уақыт ішінде жаңғыртып шығу оңайға соқпайтыны бесенеден белгілі. Дегенмен, «Қазқайтажаңғырту» мемлекеттік кәсіпорны, Қарағанды облыстық тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығы мен ізгі ниетті ұстанған демеушілер қолдауының арқасында 40-қа жуық архитектуралық және археологиялық ескерткіштерге абаттандыру, қайта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Олардың қатарында Теректі кешені, Дулығалы мешіті, Ахмет ишан мешіт-медресесі, Алаша хан мазары, Жошы хан мазары, Келінтам мазары, Жакуда ишан мешіті, Әулиетау(баспалдақ), Сауқым мазары, Қойлыбай кесенесі, Айранбай мазары, Аяққамыр мазары, Басқамыр қалашығы, Ханарал қалашығы, Шотқара қалашығы, Талмас ата мазары, Болған ана мазары, Домбауыл мазары, Қонысбай мешіті, Құлмұхамбет ишан кесенесі, Теректі (Терек ата) мазары, Дүзен мазары, Бұзау мазары, Құдайменде би кесенесі, Екідің, Жәнібек мазары, Зілқара мазары, Рақымжан Базарбаев кесенесі, Теректі (бес күмбез) мазары, Ерден мазары, Айранбай мазары, «Ембұлақ» кешені, Төртқара мазары мен Жансейіт мазары бар.
Туған жердің тұма тарихы келешек ұрпаққа мұра ретінде қалуы үшін, әрине, тарихи ескерткіштерге қамқорлық пен жанашырлық ауадай қажет. Ескерткіштер уақыт өткен сайын, табиғат құбылыстарынан, қоршаусыз болса, жануарлар қимылы әсерінен бастапқы қалпы бұзылып, жойыла бастайды. Осы қажеттілікті ескеру – бірегей борыш.
Қорық-мұражай қызметкерлері тарихи архитектуралық ескерткіштерге қамқорлық жасауға қатысты тәжірибе алмасу мақсатында 2010 жылдан бері «Қызылордақайтажаңғырту», «Түркістанқайтажаңғырту» мемлекеттік кәсіпорындарына арнайы іссапармен барып, кірпіш құю, күйдіру технологияларын үйренді. Қызылорда облысындағы Сығанақ ортағасырлық қаласы медресе-мешітінің, Қарқаралыдағы Құнанбай қажы мешітінің, Ерден, Домбауыл, Болған ана, Аяққамыр мазарларының қайта жаңғырту жұмыстарына қатысып, тәжірибе жинады. Нақты тәжірибе алу мақсатымен осы жолдардың авторы 2012 жылы Мәскеудегі И.Грабарь атындағы Бүкілресейлік көркемдік ғылыми-реставрациялық орталығында, 2016 жылы Санкт-Петербург қаласы этнографиялық музейінде болып, реставрация жасау тәсілдеріне машықтанды.
2011 жылы қорық-мұражай жанынан қайта өңдеу ұстаханасы ашылып, тарихи ескерткіштерді қоршауға арналған темір шарбақтар мен қорғау тақталары жасалып келеді. Сонымен қатар, қорық-мұражай мамандары отырарлық әріптестерінен кірпішті көне әдіспен күйдіруді үйренген болатын. Соның негізінде, қолдан құйған шикі кірпіштерді көмір отын қолдана отырып күйдіру алғаш рет 2012 жылы іске асырылды.
Ұлт мұрасына қамқор пейілдегі демеуші азаматтардың көмегімен аудан орталығындағы «Ембұлақ» кешеніне абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, этноауыл үйі құрылысы салынды. Ол қазіргі таңда туристерге қызмет көрсетіп келеді. Қазір этноауыл іргесінде Сапар орталығының ғимараты бой көтеріп, Ұлытауға келушілерге кең сипатты қызмет көрсету ісіне кіріспекші.
Осының бәрі – Ұлы Дала Ұлытауы рухани әлемінің келешекте кемелдене түсуінің кепілі.
Баян ШАЙГӨЗОВА,
«Ұлытау» қорық-мұражайының бас қор сақтаушысы.