Жаңалықтар

Қарағанды мен Теміртауда пульмонологиялық госпитальдар жұмыс істейді

Бүгін Қарағанды облысында 4 адамнан  COVID-19 инфекциясы анықталды.  Олар қайтыс болған ер адаммен жақын байланыста болған. Дертке шалдыққандардың барлығы инфекциялық бокстарға орналастырылды. Үш науқас жансақтау бөлімінде жатыр. Оларды емдеуге қажетті заманауи жабдықтар, медициналық бұйымдар және дәрі-дәрмек қоры бар. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз орталығында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев мәлімдеді.

Басқарма басшысының айтуынша, аймақта 824 адам тәулік бойы бақылауға алынған. Олар –  1А және 1Б санатындағы елдерден (Италия, Франция, Испания, Иран, Германия, Үндістан, Таиланд, Малайзия, БАӘ, Шри-Ланка, Египет) оралған немесе жұқтырған адамдармен шартты түрде байланыста болған азаматтар. Сондай-ақ, 1339 адам үй карантинінде жатыр. Оларға облыстық емханалардың қызметкерлері күн сайын қоңырау шалып, денсаулық жағдайларын сұрайды.

– Қарағанды мен Теміртауда ЖРВИ белгілері бар, пневмонияға күдікті науқастарды емдеуге арналған жекелеген пульмонологиялық госпитальдар жұмыс істейді. Бұл адамдарды коронавирустық инфекцияны жұқтырудың ықтимал қауіптерінен қорғау мақсатында науқастарды оқшаулау үшін жасалған. ЖРВИ-дің алғашқы белгілері пайда болған кезде бірден телефон арқылы учаскелік дәрігермен байланысу қажет немесе жедел жәрдем шақыру керек. Мұндай кездерде емханаға баруға болмайды, – деді Ержан Нұрлыбаев.

Коронавирустық инфекцияға қарсы күреске 690 медициналық қызметкер жұмылдырылған. Егер стационарларда адам көбейіп, жүктеме артқан жағдайда қосымша 1125 маман тартылады. Сондай-ақ,  әскери лазареттерден 6 дәрігер мен 12 орта медициналық қызметкерді және балалар санаторийлерінің уақытша жабылуына байланысты 40 маманды жұмылдыру жоспарланған.

Басқа материалдар

Back to top button