Спорт

Заңғардың биігі: офицерге 200 шақырым бағына ма?

Жақында ерлер арасында өткен «Алматы марафон» сайысында жерлесіміз Заңғар ӘЛКЕНОВ жұлдызы жанып, жүлделі III орынды иеленді. Ол 21 шақырымдық қашықтықты 1 сағат, 15 минут, 46 секундта жүгіріп өтіпті.


Аға лейтенант Заңғар Әлкенов Қарағанды гарнизоны әскери полиция бөлімінің анықтау және іздестіру бөлімшесінде офицер-анықтаушы болып қызмет атқарады. Демек, қызмет орны темірдей тәртіпті қажет етіп-ақ тұр. Ал, Заңғардың ұзаққа жүгіруіне әуелі табандылығы тамыр тартып тұр.

Жүгіруді жанына серік еткен азамат жастайынан қазақ күресі, дзюдо, самбо сияқты спорт түрлерімен айналысқан. Қазақ күресінен бірнеше республикалық, халықаралық турнирлерде топ жарыпты. ҚР қазақ күресінен спорт шебері атағы бар. Нәтижесінде Алматы қаласындағы орталық әскери спорт клубының дзюдо командасына аға маман қызметіне тағайындалыпты. Кейіннен сонда жүріп алған жарақатына байланысты 3 рет ота жасатып, күреспен айналысуды доғарыпты. Оған мойынсұнбаған Заңғар аз уақыттан соң, спортқа қайта оралады. 2016 жылы Алматы өңірлік гарнизоны әскери полиция жасағына ауысады.

Жүгіруді 2015 жылдан қолға алыпты. Алғаш «Race Nation» марафонында 42 шақырымды бағындырыпты. Жылына 7-8 марафон ұйымдастырылса, соның біреуінен қалыс қалмапты.

– Тәуелсіз еліміздің шебі – бекем, шекарасы бүтін болуы үшін қалтқысыз қызмет ететін Қарулы Күштер қатарында қызмет атқарып жүргенімді абырой санаймын. Ұлан-ғайыр даламызды қапысыз қорғауда қауқарлы кәсіби сарбаздар мен заманауи техникамен жарақтанған айбынды армияның маңызы зор. Сол мақсат, сол мүдде үшін еңбек етуге бар күш-жігерімді арнаймын. Ал, спортты жастайымнан жақсы көремін. Жалпы жүгіру жылдамдықты ғана емес, төзімді де қажет етеді. Сол арқылы өзімді шыңдап келемін, – дейді Заңғар Әлкенов.

Кейін Қарағандыға қызмет бабымен ауысқан соң да спорттың осы түрінен қол үзбепті. Мұндағы басшылық та шынайы қолдау көрсетеді екен. Спортшы азамат Қарағанды гарнизоны әскери полиция бөлімінің бастығы Бауыржан Мұқашевқа, заң мәселелері жөніндегі орынбасары, анықтау және іздестіру бөлімшесінің бастығы Ербатыр Аскаровқа айрықша риза.

Өзінің айтуынша, туған өңірі Жаңаарқа ауданының 90 жылдығына орай, Қарағанды-Жаңаарқа бағытында жүгірмекші болыпты. Алайда, оны денсаулығына байланысты кейінге қалдырыпты. Енді, сол межені алдағы қыркүйек айында бағындырмақшы екен. 200 шақырымды 48 сағатта жүгіріп өтемін деген жалынды үміттегі Заңғар Қорғаныс министрлігі әскери қызметшілері арасындағы рекорд орнатпақшы.
Заңғардың бүгінгі биігі – осы…

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button