Бір өздері – бір дәуірдің тарихы

Қазақстан Магниткасының алтын бесігі, тұғырынан тектілерді түлеткен құрыш қалаға қоныстанғаныма жиырма жылға жуықтап қалыпты. Теміртауға сонау 1956 жылдардан бастап, комсомолдық жолдамамен келіп, қарапайым ауыл баласы үшін бұған дейін бейтаныс болып келген металлург мамандығын игерген жастар секілді мен де Өзбекстандағы тек мал шаруашылығымен айналысатын Қызылқұмнан қоныс аударып, майталман металлургтермен таныстым. Олардың тыныс-тіршілігіне қанықтым.

Кезінде Бүкілодақтық мәнге ие болған Магнитканың, Теміртаудың мыңдаған жасты бауырына басып, өсіп-өркендеткенін көрдім. Шойын мен болаттың көлдей тасығанын көрдім. Қазақтың иен байлығын игерген ардагер металлургтердің игі ісіне еріксіз бас идім…

Еліміздің әр түкпірінен келіп, мұнда бір-бірімен туыстай араласып, достық қарым-қатынастарын күні бүгінге дейін жалғастырып келе жатқан майталман металлургтер бір отбасы секілді. Мен де сол отбасының бір мүшесіне айналдым.

Теміртаудан түлеп ұшқан тұңғыш Президенттің үзеңгілестері марқұм Жақсылық Әскеев, Жанас Арысов, Еңбек Ері Арғын Жүнісов сынды ағаларымның жөні бір бөлек еді…

Кейде күнделікті тіршілік күйбеңімен хабарласпай кетсем, «Айналайын, амансың ба? Бала-шағаң сау-саламат па?» деп Ілияс Баймұрзаев, Ермек Төлеубаев, Әлішер Жақыпбеков, Бірлікбай Ордабаев, Мұратбек Оспанов өздері «іздеу» салады.

Бұл ағаларым даңғайыр металлург болумен қатар, өнерден де құралақан емес. Қоғамдық жұмыстардың бел ортасында ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып келеді. Мысалы, Ілияс Баймұрзаев «Халықтар достығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, кезінде цех бастығы болған Әлішер аға комбинат жанындағы этно-мәдени орталықтар жұмысымен айналысады, Бірлікбай аға қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, «Магнитка» ардагерлер ансамблінің әншісі, Ермек аға жастармен кездесіп, Елбасының еңбек жолын дәріптейді, Мұратбек аға – жазушы.

Жоғарыда айттым ғой, Теміртау металлургтері туыс-туған боп кеткен. Көрген жерде бір-бірімен шұрқырасып, тонның ішкі бауындай араласуы – көзді қуантып, жаныңызды жадыратады. Бір үйдің баласындай. Бұл – аға ұрпақтан кейінгілердің алар үлгісі жетерлік.

Кісілікті, кішілікті, адамдықты, адалдықты, бауырмалдықты үйренгіңіз келсе, Қазақстан Магниткасына, Теміртауға, осынау қарт металлургтердің ортасына келіңіз. Қарабайыр тұрмыстан қоңылтақсып қалған көңіліңіз толып, жүрегіңіз жылиды. Сыйластықтың қандайлығын, қадір-құрметтің нендей екенін көре аласыз.

Білмеймін, әйтеуір, осы аға буын өкілдерінде ешкімде жоқ айрықша адами қасиеттер бар. Кез келгенінде. Қара күштің иесі бола тұра, металлургтердің жүрегі жұмсақтығын осы ағаларымнан байқадым.

Бір өздері – бір дәуірдің тарихы.

Руза АЛДАШЕВА,

ақын, журналист.