Бас тақырыпБасты тақырып

Дүниені дүр сілкінткен домна

Дәл осыдан тура алпыс жыл бұрын, үшінші шілдеде домна пешінің дүрсілі дүние жүзін жалт қаратты. Шойын сел боп аққан күн ретінде 1960 жылдың 3-шілдесі тарихта қалды. Сол күні іске қосылған 1513 текше метрлі бірінші домна пешінен бастау алған шойын әлі күнге дейін толас таппады. Отты ауыздықтап, шойын мен болатты балшықша илеген металлургтер ел экономикасына ерен үлес қосудан танбай келеді. Бүгін – сол алғашқы шойын алынғанына артық-кемі жоқ 60 жыл…

Елбасы бір сөзінде «Металлург – ерлердің мамандығы» деген-ді. Бөгде біреу айтса, пафосқа балар едік. Бірақ, бұл – ең әуелі Президенттің емес, байырғы металлургтің сөзі. Домна пешінің мың градусына төтеп беріп, шойын айырып, болат балқытқан горновой айтып отыр мұны. Содан кейін барып, Магнитка шыңдаған әлемдік Тұлғаның сөзі.

Мұны Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі де жиі айтады. «Менің өмірімде Теміртау мен Магнитка болмаса, мен ешқашан Президент болмас едім» дейді. Расында, Жауыртау төсіндегі өндіріс алыбы талай тағдырды тоғыстырып, мыңдаған металлургтердің әулетін шығарды. Тұғырынан талай тұлғаларды ұшырды.

Негізі, металлург болу үшін шыдамдылық, жүректілік, асқан жауаптылық, мықты жігер керек екен. Анадай оттың ортасында, оны өзіне бағындыра, шойын мен болат балқытуға кез келгеннің жүрегі дауалай бермейтіні хақ. Бұл туралы ардагер металлург Арғын Жүнісовтің әдемі бір сөзі бар. «Біздің Президент, ең бірінші – металлург. Ал, металлургке сабырлылық, төзімділік, жан-жағындағыларға зиян келмейтіндей, алған ісін соңына дейін жеткізетін жауаптылық тән» деген мағынадағы сөздерін оқығанымыз бар еді.

Сонау өткен ғасырдың 50-ші жылдары қандай қиындыққа да төтеп берген, сол арқылы алып комбинатты тұрғызған, оның тұрғын үй кешенін салған 17-20 жас аралығындағы қазақ жастарының, өзге де одақтас ел жастарының қолымен бой көтерген Теміртау, шын мәнінде, металлургтер мекені. Ерлердің мекені.

Тарихқа жүгінсек, 1958 жылы комсомол съезінен соң Бүкілодақтық екпінді құрылыс жарияланған Магниткаға құлшыныс білдіргендер толассыз ағылыпты. Тіпті, жолдамасыз өз бетімен келген жастар қаншама? Құжаттар құрылысқа келген жастардың жоспардан 20 мыңға артық болғанын көлденең тартады.

Бұған сол кезеңде Совет идеялогиясының, үгіт-насихатының пәрменділігі де әсер етсе керек. Деректер соны аңғартады. Аса күшті үгіттің нәтижесінде Одақтың барлық күш-қуаты сол кезеңде Теміртауға жұмылдырылған екен.

Мәселен, Теміртаудың тапсырысын одақтың 11 республикасы орындапты. Барлығы 389 кәсіпорын құрылыс мұқтажын қамтамасыз етуге қызмет жасапты. Күн сайын 300 вагон құрылыс материалдары, қажетті жабдықтар үзіліссіз жеткізіліп тұрған. Құрылысшылар 1960 жылдың 1 маусымына дейін домна кешенінің 35 құрылыс нысанын тапсыруға бекініпті және сол айтқан мерзімдерінде үлгеріпті. Сөйтіп, 1960 жылдың жазында әлемді сілкінткен металлургия алыбы дүниеге келген еді. Бұл оқиғаға Дінмұхаммед Қонаевтың да куә болғаны мәлім.

Жария етілген ақпараттарға сүйенсек, бұл бірінші домна пешінің құрылысына 8 жарым мың комсомол тер төккен. Сол кездегі жалпы құрылысшы-монтажшы саны 25 мың шамасында дейді.

Домна алғаш ашылғанда 8 мың тонна шойын алынса, қазіргі таңда бұл көрсеткіштің үлесі 700 еседен астамға артты. Магнитканың 50 жылдығында Елбасына 6 млн.тоннаға жеткізуге уәде берген еді. Жалпы, бүгінгі зауыттың қуаты бұған жетерлік. Мәселен, химиялық кокс өндірісі, жалпы өндірістік қуаты жылына 5 млн. тонна шойын өндіретін домна пеші, болат балқытатын өндіріс, конвертер цехтары бар. 30-дан астам әлем елі комбинат өніміне сұраныс жасайды.

Арқа төріндегі алыпта бір кездері 41 мың адам еңбек етті. 6 металлург Социалистік Еңбек Ері атанды. 500 адам орден және медальдармен марапатталған. 93 еңбек торысы КСРО Қара металлургия министрлігінің «Құрметті металлургі» және «Құрметті кенші», 30 металлург «ҚазКСР-інің еңбек сіңірген металлургі» атағын алыпты.

Металлург – ердің мамандығы екеніне бұдан асқан дәлелдің керегі жоқ та, сірә.

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button