Сәтбаев

Кенді өңір «Көмбесі»

Асылы кез келген архив атаулыны осылай әспеттесек, асылық айтқандық емес. Ғұмырында оның қызметін тұтынбайтын тірі жан таппайсың. Өйткені, ол — құнды құжат сақталатын мамандандырылған арнаулы орын, отандаспен қатар жақын және шалғай шетел азаматына, заңды тұлғаға мемлекеттік қызмет көрсететін маңызды мекеме. Таяуда қалалық мемлекеттік архивтің тыныс-тіршілігімен таныстық.

– Елбасы “Ұлы Даланың жеті қыры” атты мақаласында ел тарихын тереңдетіп зерттеу мен мұрағат саласын кешенді дамыту бағытында “Архив – 2025” жобасын ұсынды. Жеті жылға жоспарланған жобада тек дерек жинап қоймай, баршаға қолжетімді болу үшін сандық форматқа көшу көзделген. 2012 жылғы “Ақпараттық Қазақстан – 2020” мемлекеттік бағдарламасында ақпараттық қоғамға өту механизмі жасалды. Соған сәйкес “Электронды архив” дереккөзі әзірленіп, алдымен, ғылыми-анықтамалық ақпарат сандық форматқа көшірілді. Бұл анықтама бөлімінің, құжатпен қамтамасыз ету бөлімі мен оқу залының жұмысын жеңілдетті, керекті деректі тез табуға, тапсырыс беруді жеделдетуге ықпал етті. Қазір құжаттар сандық форматқа көшірілуде.

Барлық мекеме бүгінде халыққа электронды түрде қызмет көрсетеді. Заман талабы солай. Электронды жүйе қалыптастыру қай жағынан да өте тиімді. Ол толық орныққанда әркім үйінде отырып-ақ керек дерегін сұратып, қажетті құжатпен интернет арқылы таныса алады. Ал, “Архив – 2025” бағдарламасының мақсаты — әлемнің түпкір-түкпіріндегі архивте сақталған ел тарихына қатысты құжатты жинақтау. Ендеше мұндай мүмкіндікті мүлт жіберуге болмайды, — дейді, мекеме басшысы Жаңбырбай Дәрібаев.

Қазір қаланың мемлекеттік архивінде өткен ғасырдың 30-жылдарынан бүгінге дейінгі кезеңді қамтитын 70 мың құжат, 180 қор сақталған, 62 мекеме, ұйым және кәсіпорын тіркелген. Архив ұжымы қолға түскен құжатты жинақтап, сапалы сақталуын қамтамасыз етуде және кең көлемде пайдалануда біліктілік байқатуда. Былтыр 2206 өтініш түсті. Оның 1900-і Қазақстаннан, қалғаны Германия, Израиль, Ресей, Украина, Белоруссиядан.

2002 жылдан бері жеке тектік қорға құжат қабылдауды бастады. Қазір 25 адамның 700-ге жуық құжаты сақталған. Олардың қатарында академик Қ.Сәтбаевтың, шындықты өнерінің өзегі еткен шайыр Ш.Ділдебаевтың, Ұлы Отан соғысының сойқанынан аман оралған Ж.Үншібаев, Ш.Байбосынов, Б.Сүлейменов, А.Аманжолов, Д.Тоғайдың, қаланың Құрметті азаматтары – М.Бекмағанбетова, М.Мадиева, М.Бабырқызының және денсаулық сақтау саласының ардагері М.Омарұлының құжаты бар. 2014 жылы аса құнды құжаттарға сараптама жасалды.

Әрине, қолдағы құжат көпшіліктің ортақ игілігіне айналғанда ғана құны артады. Мұның өзі сала ісін дамытудың басыңқы бағыты болғандықтан өткен жылы әртүрлі атаулы оқиғаға орай 7 сурет көрмесі ұйымдастырылды, Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл толуына орай интернационалист-жауынгерге құрмет көрсетіп, “Тағзым және Құрмет” атты фотоальбом жасалды, Қаныш Сәтбаевтың туғанына 120 жыл толуына арнап “Ұлы тұлға құжаттары қала архивінде сақтаулы” атты тарихи сабақ өтті.

«Сәтбаев – тұлға, патриот, ғалым» атты облыстық ғылыми-теориялық конференция өтіп, жинақ шығарылды. Алқалы жиынға Баянауыл мемориалдық музейінен және облыс аумағынан қонақтар қатысып, мазмұнды баяндама жасады. Сондай-ақ, облыстық “Орталық Қазақстан” газетінде – “Латын қарпіндегі архив құжаттары”, қалалық “Шарайна” газетінде “Архивтік анықтама алу тәртібі” деген мақалалар жарияланды.

Игі үрдіс үстіміздегі жылы да жалғасуда. Індеттің салдары салқынын тигізіп, карантин кедергі келтіргенімен, жобалап отырған жап-жақсы жоспар бар. Амандық болса, жеке тектік қор иесі М.Бекмағамбетқызының туғанына 80 жыл толуына (“Әйел – ана, әйел – ұстаз, әйел – басшы”), Ата Заңның ширек ғасырлық мерейтойына (“Ата Заң – абырой, дәстүр, арымыз”), сондай-ақ, Кеншілер сарайына Ш.Ділдебаев есімі берілгеніне 20 жыл толуына, қалалық “Шарайна” газетінің 30 жылдығына орай дөңгелек үстел, Ұлы Отан соғысының 75 жылдығына “Жалынды жылдар зердесі” деген сурет көрмесі, Ұлттық домбыра күніне ән-саз мектебінің домбыра үйірмесі оқушыларымен кездесу кеші ұйымдастырылады, Алтын Орданың 750 жылдығына ғылымипрактикалық конференция өтеді.

Әлібек ӘБДІРАШ.

СӘТБАЕВ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button