Руханият

Ән – көңілдік ажары

Қазақ ән-жыр десе, ішкен асын жерге қойған ел ғой. «Сонау Жезқазғаннан ҚР еңбек сіңірген артисі Ғалым Мұхамедин шәкірттерімен келіп, концерт қояды екен» деген хабар Ақбел ауылының ішіне лезде тарап кетті. Сол күні ауылдың үлкен-кішісі түгел Мәдениет үйіне қарай ағылды. Көк жәшікке телміріп, үнді, түрік сериалдарын тамашалауға бойы үйренген тұрғындарға «әншілер келе жатыр» деген хабар аспаннан шұға жауғандай әсер етті.

Сән-салтанаты жарасқан әншілер сахнаға шыққан сәттен көрерменді баурап алды. Халықаралық конкурстардың лауреаты Перизат Несіпбаеваның, «Жұлдыз» конкурсының бас жүлдегері Асхат Сағындықовтың және Берік Арыстанның шырқаған әндері әсерлі шықты. Ғалым ағаның шырқаған әнінің әуезділігі өз алдына бір төбе.

– Қазіргі кезде домбырамен ән айтқанды көпшілік көрермен соншалық қажетсіне бермейді. Ата-баба мұрасы өшпесе екен деп жүрген жанның бірімін, – деп ағынан жарылды Ғалекең.

Қасиетті қара домбырамен әуелете шырқалған ән мен күмбірлеген күйдің тылсым үнін тыңдаудың өзі бір ғанибет емес пе?! Көрермендер Ғалым ағамен қосыла ән шырқап, жастық шақтың ауылына бір барып қайтты.

Республикалық конкурстардың лауреаты Лаура Отызбаева қобызбен шыққан сәтте көрермендер ерекше толқыды. Күй тілі – көркем де тылсым тіл. Сыбырмен сөйлеп, күбірлеп үн қатады. Қобызбен қоса ырғала билеген Лаура пернелерге жан бітіріп, халықты күйдің тылсым әлемімен таңдандырды, тамсандырды. Әдемілікке, үйлесімділікке тәнті болдық.

Әншілер көрерменнің ерек ықыласына ие болды. Жұртшылық Т.Қалмағамбетов атындағы филормония ұжымына өзінің жоғары бағасын берді. Дәстүрлі әнді ел ішінде насихаттап жүрген Ғалекең бастаған өнерпаздарға алғысымыз шексіз.

Рауза НҰРЖІГІТОВА.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button