Бас тақырыпРуханият

Аспаны биік ақзер өлең

Өлермендікті талап ететін бүгінгі қоғамда өлеңмен өмір сүру деген – көбелектің отпен ойнағанындай көзсіз ерлікке пара-пар. «Ақын да бір бала ғой Айға ұмтылған, Еркімен өзі-ақ отқа барады да» демей ме ұлы Мағжан?! Осы тұрғыдан алғанда, еркімен отқа түскен ақын өз өртінен өлең болып қайта лаулай жөнелген жан іспетті. Жан сөзі! Жас ақын, ҚарМТУ-дің оқытушысы Айзада РАХЫМЖАНОВАНЫҢ жан сөзі қазіргі қазақ поэзиясының «Меруерт моншағы» болып тізіліпті.

Өлең өлкесіне именбей аттап басқан ақынның бұл – алғашқы жинағы. Ұлт қайраткері Жұмабек Тәшенев атындағы жыр мүшәйрасының бас жүлдесін иеленген таланттың кітабын шығарып беретін жақсы үрдіс бар Қарағандыда. Тұрақты демеушісі – Сапар Ипкеев, Арқадағы атымтай азаматтың бірі. Оқырманның қолына тиген Айзаданың «Меруерт моншағы» осындай игіліктің жемісі деңіз. Биыл жарық көрген жинақтың тұсаукесері Қарағандыдағы «Сарыжайлау» кинотеатрының кең залында салтанатты түрде өтті.

Іңкәр сезім, ізгіліктің жолындағы әйел ақындарды мына өмірдің мойнындағы меруерт моншағы демей көр?! Ал, Айзаданың ақындық әлемі, тіптен, кірпияз. Мағжан ақын айтпақшы, «Күндей күміс табаққа, Мінсіз сұлу меруертті шашқандай» сыңғырлап тұр. Не көріп, не сезінді – соны төгеді. Туған жері Жаңаарқа, Ақтаудың даласындай ашық та жайдары. Аспаны биік. Өлең жазарда өзі де күлтелеп, білтелемейтін сияқты. Сезімі шүпілдеген шумақтар бір-бірімен астасып жатады. Жинағына алғысөз жазған ақын Маралтай Райымбекұлы да соны айтыпты. «Өлең аспан секілді. Қара жер қарс айрылса да, аспан ешқашан құлаған емес, құламақ емес. Көктен тамған жауын-сезімдерден нәр алған гүлдей жыр да жүректерде бүр жарады. Сол жырдың иесі оқырманға өлеңнен құшақ-құшақ гүлдер тарту етуге ұзақ уақыт дайындалады. Қаламгердің шашасына шаң жұқтырмас тұлпардай бабы мен бағы келіскен шағы болады. Айзада ақын дәл қазір сол кезеңде» депті кітапқа енбек өлеңдерін оқығанда.

Өлең кітаптың тұсаукесері деген – ақынның кеші, жыр мерекесі. Жыр мерекесінде Айзаданың әр түрлі тақырыптағы өлеңдерін әуелі студенттер шығып оқыды. Айзада өзі де біраз өлеңдерін оқып, тәнті етті оқырманын. Кітаптың тұсауын Жұмабек Тәшенев атындағы жыр додасын ұйымдастырушы, айтыскер ақын Айтбай Жұмағұлов пен демеуші азамат Сапар Ипкеев кесті. Қайрат Асқар, Тілеген Әділов, Нұрлан Әбілдин, Мирас Асан, Жанат Жаңқашұлы сияқты ақын ағалары жылы лебіздерін білдірді. Сиясы кеуіп үлгермеген кітапты ол баста алып, оқып шыққан Тілеген Әділов «қысқа күнде қырық құбылып, әлдекімді сағынып, әрі-сәрі күйде қалсаң, Айзаданың жырларын оқы. Жаныңа шуақ сыйлап, көңіліңді жайландырады» дейді. Ақынға осыдан артық бағаның керегі жоқ сияқты. Адам жанына жарық сыйлағаннан басқа!

Қара күздің суығын қаны тамған сезімге бөлеп, сағыныш ауылынан сәулеге оранып келгендей Айзаданың ақзер жырларының арасында ән тамызық тамшыламай қалсын ба? Қазақ эстрадасының жұлдызы, белгілі әнші Сейіл Аяған қарын дасының жыр сапарына «ақ жол» айтып, Шәмшінің «Сағынышым менің» әнін жолдады. Ән мен жыр, әуен мен өлең – егіз. Талғампаз оқырман үсті-үстіне қол соқты. Айзада және шықты ортаға. Өлеңі – өзі, өзі – өлеңі. Махаббаттан туған нәресте жырлардың кіндігі кесілді. Ана туралы, әке туралы, сүйген жар туралы тұма жырлар тулайды-ай келіп. Сүйген жары, ақын Рауан Қабидолдин мен Айзада Рахымжанова жұптасып оқыды бірде. Қара өлеңнің майын тамызды дерлік. Достары – ақын Дидар Қамиевтің де қалжың аралас ақжарма тілегі жарасымды шықты.

Біз бәрін баяндап отырғаннан көрі, сөз соңында «теңіздің дәмін тамшыдан біл» дегенге баққанды жөн көрдік. Кезінде Жүрсін Ерман жоғары бағалаған Айзаданың осы бір өлеңі бүгінгі қазақ өлеңінің өрісінен сыр шерткендей:

Жәнібек ӘЛИМАН,
«Орталық Қазақстан»

Түс

Ұйықтағым келмейді,
Түсімде ылғи түн перісі тергейді.
«Қасыңдағы көркем жігіт не керек?
Оны бізге бер!» дейді.
Сосын сені суырып ап қойнымнан,
Аймалайды, иіскейді мойныңнан.
Перілерден айтшы қалай құтылам,
Түсіме ылғи кіріп алып той қылған?
Сөйлеу түгіл, қозғалуым қиын-ақ,
Ару пері қасы-көзін қиып ап,
Алдыңа кеп билейді шыр айнала,
Менің қызыл көйлегімді киіп ап.
Ұнайды екен саған да бұл серілік,
Мені ұмыттың, әлгілермен желігіп.
Перілердің бірі арқаңды уқалап,
Бірі жатыр төсегімде керіліп.
Менің әтір, бояуымды жағып ап,
Сені мәз ғып, таңға дейін қағынад,
Сосын…
Сосын кетеді ұшып шалғайға,
Арқасына қанаттарын тағып ап.
Ояна сап ағыл-тегіл терлеймін,
Ашуланып: «Бар, жуынып кел!» деймін.
Перілерің бүгін түнде келмесін,
Хабардар ет, сені мүлде бермеймін.
Мейлі көктем келсін қайта, күз өтіп,
Ұйықтамаймын, әуреленбе түзетіп,
Өңімде алып кетпес үшін перілер,
Отырамын түні бойы күзетіп.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button