Тарихтын тамырынан

   Қарағанды облысының құрылғанына – 80 жыл. Облыс тарихы 1932 жылдан бастау алады. Сол жылы орталығы Петропавл қаласы болып белгіленген Қарағанды облысы құрылды. Арада төрт жыл өткенде ол екіге бөлінді. Бірі – Солтүстік Қазақстан аталып, екіншісі құрамына Қарағанды қаласы және 14 аудан қараған жаңа аймақ – Қарағанды облысы болып құрылды.

ҚОАК-тің Қарағанды облысы бойынша Ұйымдық комитетінің төрағасы, өлкелік партия комитетінің ұйымдастыру бюросының мүшесі Абдолла Асылбеков болды.

Осы өңірдің тумасы, сол замандағы қоғамдық құбылыстардың, өзгерістердің ұйытқысы, ұлттық басшылық құрамның көрнекті өкілі Абдолла Әбдірахманұлы облыстық атқару комитетінің тұңғыш төрағасы болып сайланды. Бірақ, ол 1937 жылдың зобалаңына ұшырап, жазықсыз жазаға кесілді.

1938 жылдың қыркүйегінде Қарағандыда екі жылдық мұғалімдер институты құрылды. Ол кейін педагогикалық институт атанса, қазір Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ (облыстағы алғашқы жоғары оқу орны). Бұл уақытта қаланың қазіргі орталық бөлігіндегі ғимараттар мен үйлердің салынуы басталды.

1939 жылы құрамынан Ақмола облысы бөлініп шығып, әкімшілік-аумақтық құрылымы жүйелене түсті.

1943 жылы Қарағандыда облыстар арасында алғаш рет өткізілген әйгілі ақындар айтысы ұйымдастырылды. Облыстың барлық қалаларына, аудан орталықтарына, ірі кәсіпорындарына радио арқылы тыңдатылған бұл айтыста атақты халық ақындары – Доскей Әлімбаев, Шашубай Қошқарбаев, Қайып Айнабеков, Жолдыкей Нұрмағамбетов, Нартай Бекежанов, Ғабдиман Игенсартов, Нұрлыбек Баймұратов, Көшен Елеуов жыр додасын қыздырды.

1944 жылдың 31 желтоқсанында Теміртаудағы Қазақ металлургиялық қайта өңдеу зауытының бірінші мартен пеші іске қосылып, қазақстандық тұңғыш болат алынды.

1947 жылы 12 миллион 565 мың тонна көмір өндіріліп, Қарағанды Одақтағы үшінші отын ошағы ретінде танылды. Қазақ металлургия зауытында екінші мартен пеші іске қосылып, экономиканың нығаюы басталды.

1949 жылдың 16-21 маусымы аралығында қалада «Орталық Қазақстанның өндіргіш күштерін зерттеп, игеру проблемалары» жөніндегі Қазақ КСР Ғылым академиясының көшпелі сессиясы өткізілуі аймақ ғылымының дамуына тың қозғау салды. Геология басқармасы құрылып, жаңа кен көздерін іздестіріп табу істерін кең ауқымды жүргізу жолға қойылды.

1949 жылдың 29 тамызында Семей полигонында тұңғыш атом бомбасының сыналуы облыс тарихындағы қаралы таңба болып қалды. 1949-1962 жылдары дүлей қарудың 266 жарылысы жасалды. Содан кейінгі уақытта да сынақтар тоқталмай, дала 300 рет ғаламат жарылыстардан сілкінді.

1950 жылдың 17 қазанында облыстағы екінші жоғары оқу орны — Қарағанды медициналық институты ашылды.

Облыс елуінші жылдары, тек, өнеркәсібінің дамуымен ерекшеленбей, ауыл шаруашылығын да өркендетті. 1956-1957 жылдары аймақта ірі қара саны — 36,5 мың, қой мен ешкі 358,7 мыңға жетті. Сонымен қатар, бұл кезеңде тұрғын үй құрылысы кең қанат жайды. Облыс бойынша 1958 жылы, 1957 жылмен салыстырғанда, осы мақсатқа жұмсалған қаржы мөлшері 13 пайызға өсіп, тұрғын үйлерді пайдалануға беру 28 пайызға артты.

1953 жылдың қыркүйегінде облыстағы үшінші жоғары оқу орны Қарағанды тау-кен институты (қазіргі ҚарМТУ) тұңғыш рет студенттер қабылдады. Бұл жылы Ғабиден Мұстафиннің «Қарағанды» және Ғабит Мүсіреповтің «Оянған өлке» романдары қарағандылық оқырмандардың қолына тиді.

Елуінші жылдардың орта шенінде облыстың топырағы құнарлы бөліктерінде тың игеру науқанының басталуы елеулі оқиғалардың бірі болды.

1958 жылдың қазан айында облыс Ленин орденімен марапатталды. Ол астық және ауыл шаруашылығының басқа да өнімдерін өндірудегі зор жетістіктер үшін берілген еді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.