Шортанбайдың шын аты кім? немесе жыраудан қалған жәдігер

Биыл 200 жылдығын атап өткелі отырған Шортанбай ҚАНАЙҰЛЫ шығармашылығы туралы академик Ісмет Кеңесбаевтың «Абай орыстың Пушкинін көрсе, Шортанбай патшаның пушкасын көрді» деген сөзі жырау шығармашылығының дәл бағасын береді. Жақында халқының болашағына қайғырып, заманның зарын жеткізген ақынның қолтаңбасы қолымызға тигенін айтқымыз келеді. Қастерлі тұмар-дұғаны сақтап келген Астана қаласының тұрғыны, белгілі қоғам қайраткері Қабылсаят Әбішев жәдігердің жайын әңгімелеп берген еді.

Шортанбай
Суретте: Шортанбай жырау отбасымен (ортада)

– Шортанбай Қанайұлының дүниеден өтерінде ел-жұртымен қайырласқан жырында біздің ел туралы «Тағы да сәлем айтайын, Қалың жатқан Сарымға» деп қайырады. Егер нақтырақ айтқанда, бұл жәдігер Семей облысы, Қарқаралы уезі, Әлтеке-Сарым болысының белгілі тұлғасы Өтеміс Тоқсарыдан тарайтын Тәңірқұл атасының ақсақалы Қыстаубай немересі Жаныбай баласы Жұманның есімімен байланысты. Әулетте айтылып жүрген аңыз бойынша 1870 жылы күз айында досы Шортанбай Қанайұлы келіп қонады. Сол күні таң ата Жұманның әйелі босанып, ұл туады. Шаңырақ иесі дүние есігін ашып, қуанышқа шаттанған Жұман Шортанбайға «атын қойыңыз» деп қолқа салады. Шортекең Ибраһим деп сәбидің атын қойған екен. Бірақ өскен соң Ибраһим аты аталмай, «Ыбыш», «Ыбырай» деп аталып кетеді. Сол жолы сәбиге осы дұғаны жазып қалдырып, оның ақысына көк қошқар берген екен деген де сөз бар.

– Одан бері де талай жыл өтті. Дұға кімнің қолында, қалай сақталып келген?

– Шортекең жазған дұға Жұманның үйінде Ибраһимнің бесігіне байлаулы тұрған. Бала өскен соң толғақ қысқан жүкті әйелдердің толғағын жеңілдету үшін және сәбилер науқастанғанда осы дұғамен ұшықтайтын болған. «Кейде ат шаптырып алыс жерден ағайындар дұғаны алғызушы еді» деп отыратын менің анам Шайза. Менің шешем Шайза – осы Ибраһимнің туған қызы, 2000 жылы дүниеден өтті. Ал дұға әкеден балаға өтіп, Ибраһим (Ыбырай-Ыбыш) шаңырағында, оның ұлы Мұсақанның қолында 1993 жылға дейін сақталып келді. 1993 жылдың қарашасында Қараталда Зейнолла Құдашбаев екеуміз Мұсекеңе сәлем беріп бара қалдық. Нағашым келіні Айткүлге: «Әлгі дұғаны әкелші» деп алдырды да: «Енді сен сақта, қадірін білесің ғой, Ыбыштың ұрпағысың, Шортекеңнің дұғасы шаңырағымыздың қасиетті заты еді» деп табыстады. Менің анам­ның туған ағасы Мұсекең осыдан кейін бір жылдан соң, 1994 жылы 93 жасында дүниеден өтті. Содан бері бұл дұға менде.

– Шортанбайдың атына қатыс­ты жәдігер ретінде зерттеушілерге көрсету ойыңызда болмады ма?

– Марқұм Ақселеу Сланұлы екеуміз 1994 жылы Жоғарғы Кеңестің депутаты болып жүргенімізде, Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорына арнайы апарып, белгілі көне жазу танушы Мақсұт Шапиғовқа оқыттық. Ол кісі: «Ескі қадиммен жазылған классикалық дұға» деді. «Қолжазба қорына тапсырмайсың ба?» деп Ақаң қолқа салды, көнбедім. Мұхтар Әуезов музей үйіне Тұрсын Жұртбаевқа 1996 жылы әдемі жасалған ксерокопиясына түсінік жазып бердім. Осыған дейін қалың бұқараға жеткізбегеніміздің бір себебі бар. Алғаш рет Мақсұт Шапиғов дұғаны оқып шығып, «мұнда Шортанбай деген сөз жоқ» деген пікірі де әсер етті ме, дұғаны өз отбасымның қымбатты жәдігері ретінде сақтап, зейініміз басқа нәрсеге ауғандай болды.

– Егер дұғада Шортанбай аты жазылмаса, онда қалайша ақынның атымен байланыстырып жүрсіздер?

– Бертін келе оның бір жауабы мәтінде шығар деген оймен өткен жылы Айдаржан Қасеновке аударуға бердім. «Үшбу (тұмар) дұға Жұманға мүбәрак болсын. Дұғамызды Алла қабыл қылсын. Бұл дүнияда аман қылсын, Ахиретте иман үшін. Мұны жазушы – Ғали қожа. Оқығандардан иман дұға үшін. Шын атым Молла Ғали Мұхаммед» деп жазылған. Осы жолдардан тағы бір жаңалық тауып отырмын. Демек, ілімді қожалар дұға жазғанда лақап атымен емес, шын атын жазады. Демек, Шортанбай – ақынның лақап аты.

– Шынымен де, құпиясын ішіне бүккен тұмар! Неліктен Молла Ғали Мұхаммед аты ұмытылып, Шортанбай аталды екен?

– Бұл сұрақ мені де мазалады. Маған анығы, дұғаның Шортанбай ақынның жазғаны. Елдегі белгілі қожалардан сұрастыра жүріп, мына бір нәрсеге қанықтым. Олар егер адамның дін ісімен емес, дүнияуи тірлікпен аты шығып жатса, онда Мұхаммед аты ауыр болады деп басқаша атайды екен. Бұл, бәлкім, пайғамбарымыздың есімін құрметтегеннен шыққан болар. Содан Шортанбай ақынның мұрасын жинақтап жүрген жазушы Кәмел Жүністегімен хабарластым. Ол кісі де ақынның шын атынан хабардар екен. «Әкем Шортанбайдың шын аты Ғали деуші еді. Бірақ қолымда дәлел болмаған соң тек өзім ғана біліп жүріп едім» деп ақынның мерейтойы қарсаңында табылған жаңа дерекке қуанып қалды. Содан тағы бір жайт есіме түсіп, досым Ғалым Қожахметұлына телефон шалдым. Өйткені, тоқсаныншы жылдары әкесінің: «балама Шортанбайдың атын беріп едім» деп айтқан сөзі есімде қалыпты. Кезінде Шортанбай қайда, Ғалым қайда деп мән бермесем керек. Өткенде тағы да Ғалыммен хабарласып, анықтап алдым. Ол да «Ғали» аты ақынның құрметіне қойылғанын, кейін туу туралы куәлік алғанда «м» әрпін қосып жазып жіберіп, Ғалым атандырғанын растады. Міне, осы деректер Шортанбайдың шын атын анықтап тұр.
Не болғанда да, бұл – Шортанбай мұрасын зерттеушілер үшін тосын жаңалық. Мүмкін бүгінгі жас толқын ғалымдар арасынан ізденушілер табылып, тағы да зар заман жырауының беймәлім құпиялары ашыла жатар.

Сұхбаттасқан
Айгүл УАЙСОВА.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.