Басты тақырыпПоэзия

Құпия кездесу

Бүгін маған құпия сұлу келді,
Он екіде бір гүлі ашылмаған…
Қара түнмен бояған қасын қалам,
Түймедақпен етегі бүрулі, өңді…

Келді, сосын не істеді дерсіз, білем,
Қою шайын ұсынды меңсіз күрең.
Құпия деп айттым ғой, көрінбейді,
Діңкелетті жалғыз сөз «Мен Сізді…мен»

Көздерінде жатты аспан төңкеріліп,
Менің жазу үстелім жайрап жатқан,
Жинастырып қойыпты ерте кіріп…
Есікті де кетерде жайлап жапқан.

Қимылы да біртүрлі кетердегі,
Сағат тілі шұнақ қар – секеңдеді.
Таныс дауыс тұтқадан естіп тұрмын,
«Қате тердің нөмірді, бөтен» деді…

Ертең тағы келеді қайта маған,
Кеше келген, келгенін байқамағам.
Терезеден кіретін қонағымды,
Көрем сосын жұмыстан, шәйханадан.

Жоқ, ол маған келмейді, мен барамын,
Осы сүлде, маған жұп осы сыңар,
Ең сұрықсыз адам кім, осы шығар,
Осы шығар, ең сұлу, өңді адамым?!

Мен үшін де сол дұрыс, ол үшін де,
Бұлғанар қол бұлғансын жең ішінде.
Үміттердің үздігін марапаттап,
Екіжақты қол қойып келісімге…

Бұйырмасын білгендей тәбия бақ,
Үнсіздікті бір минут жариялап,
Қоштасамыз сол жерде, құлақтарға
Махаббат сияқты бір ән ұялап…

Кетеміз де қоштасып, мықтымыз ба ал?
Кездесеміз қайтадан тар көшеде.
Кім екенін ол жанның ұқтыңыздар,
Сол мәселе, мен кіммін, сол мәселе!..

Мирас АСАН

13.IX.2016

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button