Қарағанды өнеркәсібінде қарқын бар

Ел Президентінің тапсырмасына сәйкес, Қарағанды облысында өндіріске инновациялық технологияларды енгізу қарқынмен қолға алынуда. Жұма күні аймаққа жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-Министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВ аталған бағыттағы шаралардың аяқ алысына назар аударды. «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы аясында басталған өнеркәсіптік кәсіпорындарды технологиялық жаңғырту және моноқалаларды дамыту мәселелері бойынша республикалық кеңес өткізді.

Үкімет басшысының облыстағы сапары «Сарыарқа Нан Қарағанды» ЖШС-нен басталды. Нан зауыты биылғы жылдың ақпанында іске қосылған еді. Толықтай заманауи технологиялар желісімен жабдықталған зауыт күндіз-түні үздіксіз жұмыс істейді. Технологиялық құрылғылардың ерек­шелігі сол, мұнда энергия көзін үнеммен тұтыну мүмкіндіктері қарастырылған.

Бақытжан Сағынтаевқа нан-то­қаш өнімдері өндірісінің технология­лық ерекшеліктері мен инновациялық шешімдері туралы зауыттың бас директоры Айгүл Бүрленова айтып берді. Кәсіпорынның келешек жоспарымен бөлісті. Зауыт шығаратын нан-тоқаш өнімдерінің көрмесін таныстырды. Қазіргі уақытта мұнда өндірілген нан өнімінің көлемі 1800 тоннаны еңсерді.

Премьер-Министр сапары «Tau-Ken Temir» ЖШС-де жалғасты. Кә­сіпорын металлургиялық кремний шы­ғарады. «Tau-Ken Temir» ЖШС бас­қармасының төрағасы Мұрат Жүкенов Премьер-Министрге зауыттағы жаңғырту шаралары жөнінде баяндады. Технологиялық процестердің ерекшеліктері туралы, кәсіпорынды дамытудағы жетістіктер мен болашақ  жоспарлар жөнінде сөз қозғады.

Кәсіпорын 2014 жылы пайдалануға берілді. Өндіріс еуропалық талаптарға сай технологиямен жасақталған. Жобалық қуатына сәйкес, жылына 24 мың тонна металлургия­лық кремний өндіруге қауқарлы. Жобаның артықшылығы – зауыт өнімі түгел экспортқа шығарылады. Дайын өнім АҚШ, ЕуроОдақ елдеріне, Ресей мен Белоруссияға экспортталады. Өнім дайындаудағы қазақстандық құрам үлесі 80 пайызды құрайды. Бүгінгі таңда зауыт жобалық қуатының 95 пайызын межелеп отыр.

Алдағы 2018-2019 жылдары зауытта 1,5 млрд. теңге сомасында инвестициялық бағдарлама іске асы­рылмақ. Яғни, жоспар шеңберінде кәсіпорында шикіқұрамалық ма­териалдар қоймасы салынып, теникалық парк жаңартылып, технологиялық жабдықтар жаңғыртылады.

Зауыттың әкімшілік ғимаратында Премьер-Министр «Қазақстанның өнер­кəсіптік кəсіпорындарын техно­логиялық жаңғырту мəселелері» тақырыбында жиын өткізді.

Жиында Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бəсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында міндеттелген өндіріс процесін модернизациялау бағытында өңірдегі ірі өнеркəсіп құрылымдарында бастау алған шаралар қарастырылды. Облыс әкімі Ерлан Қошанов аймақтағы өндіріс орындарының дамуы туралы баяндама жасады.

Биыл Қарағанды облысындағы ірі өндіріс ошақтарын технологиялық жаңғыртуға 200 млрд. теңге инвестиция тартылмақ. Технологиялық модернизациялаудың жол картасы түзілген. Олардың қатарында Жез­қазған өңіріндегі цифрлық кеніш, Қарағандыдағы «Қарағанды конфеттері» АҚ өндірісін толық жаңғырту, құю-металлургиялық зауытына робототехника технологиясын енгізу, ұшу аппаратын қолдану арқылы елімізде алғаш рет сандық поштаны іске қосу сынды маңызды жобалар бар.

Сондай-ақ, әкім айтып өткендей, кәсіпкерлер бос жер учаскелері мен бос тұрған ғимараттар тізімін электронды картадан көре алады. Бұл өз кезегінде бизнестің кедергісіз дамуына серпін бермек. Жаңғырту жұмыстары барысында ғылым мен өндіріс жетістіктері біріктірілмек. Мұның өңірдегі жарқын мысалы – қазіргі таңда ырғақты жұмыс істеп тұрған фармацевтикалық кластер.

Жиында Ерлан Жақанұлы Премьер-Министр назарына аймақтағы түйіні күрмеулі мәселелерді ұсынды. Өңір үшін маңыздылығын айта келіп, республикалық бюджеттен тиісті қаржы қарастырылуын сұрады.

Қарағандыдағы облыстық клиникалық ауруханаға жаңа ғимарат қажет. 1940 және 1960 жылдары салынған аурухана корпустары санитарлық нормаларға сай келмейді. Нысан аумағының тарлығынан заманауи аппараттарды қою мүмкін болмай отыр. Қазіргі уақытта 300 орындық көпсалалы аурухана құрылысының жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда.

Облыстық онкологиялық диспансер үшін жаңа операциялық блок пен генетикалық зертхана тұрғызылуы тиіс. Құрылыс іске асса, науқастар кезегі азайып, оталар көлемі жылына 4 мыңға артады. Блок құрылысының болжамды құны – 2,5 млрд. теңге шамасында.

Ерлан Жақанұлы айтқандай, Қарағанды қаласында тұрғын үй, әлеуметтік-мәдени және бизнес нысандарын тұрғызу бойынша ауқымды жоспар түзілген. Алайда, бұл жұмыстарға жылу қуатының жетіспеушілігі кедергі келтіруде. Жаңғыртылған ЖЭО-3 бұл қуатты беруге дайын. Бірақ, жылуды тарату үшін 22 шақырым жылу жүйесін тарту керек. Жаңа жүйе әлеуметтік, әкімшілік нысандарды және жаңа ауданды жылумен толық қамтамасыз етеді. Құбыр құрылысына 12 млрд. теңгеден астам қаржы қажет.

Қаражал мен Жәйрем кентін ауыз сумен қамту мәселесі – қазіргі таңдағы түйткілді проблемалардың бірі. 2007 жылы «Ауыз су» бағдарламасы аясында су бөгетінің құрылысы басталып, 2012 жылы аяқталды. Дегенмен, сапасыз жұмыстың нәтижесінде нысан әлі пайдалануға берілген жоқ. Құрылыстың екінші кезегін аяқтау үшін қосымша қаржы керек.

Бұдан бөлек, облыс әкімі Жезқазған және Сәтбаев қалаларын сапалы ауыз сумен қамту мәселесін Премьер-Министрге жеткізді.

Жеті жыл бойы сутаратқыш құрылысы жүргізілуде. 2012 жылы құрылыс тоқтап, кейін қайта жалғасты. Тапсырыс беруші ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпаратына сәйкес, жоба биыл тәмамдалмақ. Алайда, аталған нысанда әлі ешбір жұмыстар атқарылған жоқ. Сізден шара қолдануыңызды сұраймын, – деді аймақ басшысы.

Осында «ҚазАтомӨнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы А.Жұмағалиев, «ERG» қадағалау кеңесінің төрағасы А.Қазтаев, «АрселорМиттал ТМД» АҚ бас директоры Калон Парамжит, «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Б.Қырықпышев, «Қазмырыш» ЖШС атқарушы директоры Н.Қуанышев, «Қазфосфат» ЖШС бас директоры М.Ескендіров, «Қарағанды кешенді қорытпалар зауыты» ЖШС бас директоры Т.Мақаев және «Фитохимия» ХҒӨХ» АҚ басқарма төрағасы С.Әдекенов технологиялық процесті жаңғырту мəселелері бойынша жоспарларын ортаға салды.

«ENRC» жоғары технологиялық жобаларға – 800 млрд. теңге, «Қазақмыс» Корпорациясы» цифрлық өндіріске, еңбек ахуалын жақсарту және өндіріс өнімділігін көтеруге – 23 млрд. теңге жұмсамақ. «Қазмырыш» өздері құрастырған нанотехнологияны жүзеге асырмақ.

Кеңеске қатысқан ҚР Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбек, ҚР Энергетика министрі Қ.Бозымбаев, ҚР Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов, ҚР Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев салалар бойынша тиісті түсініктемелер берді.

Бақытжан Әбдірұлы кез келген жаңғырту шаралары жұмыссыздықтың туындауына ықпалын тигізетіндігін айтты.

Сондықтан, модернизациялау жұмыстары шеңберінде қанша еңбек күші қажетсіз ретінде танылатындығын алдын ала есептеу қажет. Бұл, өз кезегінде, кәсіпорын емес, жергілікті биліктің бас ауыртар проблемасына айналады. Жұмыссыз қалған адамдарды басқа кәсіптерге, экономиканың өсуші секторына қажетті мамандықтарға оқыту жедел қолға алынуы тиіс, – деді Премьер-Министр.

Бақытжан Әбдірұлы облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына барды.

Орталықтың операциялық залында даму институттары өкілдері кәсіпкерлерге қолдау көрсету, кеңес беру жұмыстарымен айналысады. Мемлекеттік бағдарламалар шеңберіндегі несиелеу шарттары мен қолдау шараларын түсіндіру бойынша семинарлар өткізеді.

Үкімет басшысы жұмыс сапарында «Қарағанды – Теміртау» жол учаскесінде «Нұрлы Жол» бағдарламасы арқылы басталған  «Орталық – Оңтүстік» көлік дәлізін реконструкциялау бағдарламасы арқылы танысты. Учаскеде бетон жабынын төсеу және арматуралау жұмыстары атқарылуда. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Қарағанды бөлімшесінің директоры Қ.Шаймин автокөлік жолын жөндеу барысы мен аяқталу мерзімі туралы баяндады.

2015 жылы «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында жөндеу жұмыстары басталған «Орталық – Оңтүстік» көлік дәлізі – ел экономикасы үшін аса маңызды. Дәліз көлік-логистикалық әлеуетті нығайтуға ықпал етеді. Және транзиттік халықаралық тасымалдардың көлемін арттыруға мүмкіндік бермек.

Президент алдағы бес жылда ауыл шаруашылығы саласын еліміздің экономикалық өркендеуінің басты салаларының біріне айналуы тиістігін міндеттеді. Қазіргі уақытта агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2019 жылдарға арналған бағдарламасы аясында қайта өңдеу және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың қуаттылығын арттыру бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. Премьер-Министр арнайы барған «Нәтиже» сүт фабрикасы» ЖШС бұл бағытта жан-жақты іске кіріскен. Кәсіпорынның бас директоры Е.Әшім сүт фабрикасының ағымдағы қызметі және оның перспективалары туралы баяндап, қолданылатын технологиялар мен сүт өнімдерін өндіретін технологиялық желілер орналасқан өндірістік цехтың жабдықтары туралы түсіндірді.

Түс ауа Премьер-Министр Теміртауға барды. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ өндірістік нысандарын, ЖЭО-2 және №3 домна пешін аралады. Осында ҚР Энергетика министрі Қ.Бозымбаев тұтынушыларды жылу және электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз ету бойынша аса маңызды міндетті орындау шараларына тоқталды

Премьер-Министр №3 домна пешіндегі шойын шығару процесіна назар аударды. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ бас директоры Калон Парамжит Үкімет басшысына компанияның қызметі және дамудың келешек бағыттары туралы баяндады.

Бақытжан Сағынтаевтың сапары құрыш қаладағы еліміздегі моноқалаларды дамыту жөніндегі жұмыс кеңесімен түйінделді. Кеңеске орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдерімен қатар, моноқалалар әкімдері мен өңірдің өнеркәсіптік кәсіпорындарының басшылары қатысты.

Кеңесте «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы аясында моноқалаларды дамыту шараларының орындалысы, «зәкірлік» инвестициялық жобаларды іске асыру тетіктері, тоқтап қалған және толық қуатына шықпаған жобалар мәселелері, шағын және орта бизнесті дамытудың түйткілді мәселелері талқыланды.

Тақырыптар негізінде ҚР Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов пен ҚР Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбек баяндама жасады.

Премьер-Министр айтып өткендей, еліміздегі ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарының басым бөлігі моноқалаларда орналасқан. Және жергілікті жерлердегі жүйеқұраушы кәсіпорындар болып табылады. Бұл ретте ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында міндеттелген жүйеқұраушы зауыттарды технологиялық жаңғырту – осындағы елді мекендер тұрғындары үшін аса үлкен маңызға ие. Сонымен қатар, туризм және ауыл шаруашылығы салаларын дамыту да аймақтағы экономикалық өсімді қамтамасыз етуге негіз болуы тиіс. Ол үшін қалталы кәсіпкерлердің бизнесін өркендетуіне қажетті ахуал қамтамасыз етілгені жөн.

Кеңесті қорытындылай келе Премьер-Министр Үкімет мүшелеріне кеңесте айтылған ұсыныстарды моноқалалардың инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған бағдарламаға өзгеріс енгізу кезінде ескеруді жүктеді.

Нұрқанат ҚАНАФИН

 

Суреттерді түсірген

Л.ГАЛИМОВ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.