Алтын көпір

Қасиетті орданың бірі – алтын ұя мектеп. Осынау орданы ескеріп, естелік табыстап, ұстаздарын құрметке бөлеу – мектеп түлектерінің міндетіне айналғандай. Биылғы түлектер тартуының, ел мүддесіне жарары сөзсіз. Толығырақ…

Жаңаарқа ауданына қарасты, Ералиев ауылында игі істің бастау алғалы қашан. Ауылдағы Оспан Әлібаев атындағы орта мектептің 1988 жылғы түлектері көпір тарту ететіні жайлы уәде еткен еді. Уәденің ауылы ұзамай, күні кеше көпірдің салтанатты түрде ашылуы өтті.

Ашылу салтанатына ауданның атқамінер азаматтары ат басын тіреді. Атап айтсақ, аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Мұқанов, аудандық мәслихаттың хатшысы Қуат Имантүсіпов, аудандық мәслихаттың депутаты Жанболат Жуанышбаев кұттықтауларын жеткізіп, атпал азаматтардың ісіне ризашылығын білдірді.

Ауылдың ортасынан қиып өтетін «Төребұтақ» өзенінің үстінен салынған көпірге жұртшылық дән риза. Неге десеңіз, көктем айларында су тасып, көлік түгілі адамның өзі қатынай алмай қалатын. Осы проблеманы негізге ала отырып, қажетті істі жүзеге асырды ауыл азаматтары.

Айта кетейік, алдыңғы жылы 1987 жылғы түлектер 30 жылдық мерейтойында мектепке құны 1 млн. теңгені құрайтын бозкілем сыйлаған еді. Бозкілем жастардың игілігіне жарап-ақ тұр.

Ербол Мәмбетов, Ералиев ауылының әкімі:

    • «Ауыл түбі — бірлік, қауым түбі — тірлік» – деген сөз бар. Түлектер бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып үлкен дүниенің негізін қалады. Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» мақаласы аясында жүзеге асқан бұл шара – туған жердің көркеюіне үлес қосу, іргесін қымтау – бұл нағыз азаматтардың борышы. Ағалардың осы келелі ісін келешек ұрпақ үлгі ететіне сенімім мол. Ауыл – береке мен бірліктің ошағы. Ауылымыздың аузы дуалы ақсақалдары, жанашыр ағаларымыз, жалынды жастарымыз аман болса әлі де талай дүниенің басын қайырамыз. Дұшпан күйініп, дос сүйінетін бұл істің бастау алғаны – баршамыздың қуанышымыз. Ауылымыз жанданып, жаңғыра берсін!

Түлектеріміз көпірден бөлек, ардагер ұстаздарымыз, бүгінде ауылдың анасына айналған, сынып жетекшілері Рәбиға Нұрланова мен Бақыт Мұсабековаға сый-құрметтерін көрсетті.

Ардагер ұстаздарымыз ағынан жарылып, шәкірттерінің бұл ісін мақтаныш санап, шашу шашып, қуаныштарымен бөлісті. Ақсақалдарымыз ел-жұртқа бата берді.

Балапан Жуанышбаев, 1988 жылғы түлек, ауыл азаматы:

    • Мектеп бітіргенімізге биыл – 30 жыл. Ауылымызға пайдамыз тисін деген ниетпен, қаражат жинап, көпір салып, халық игілігіне ұсынып отырмыз. «Қазіргі уақытта, ауылымызға не керек?» – деген ойда болдық алғашқыда. Ақыры бір шешімге келіп, осы көпірді тұрғызайық деп ұйғардық. 1988 жылғы түлектер жұдырықтай жұмылған игі істің куәсі болып отырсыздар. «Бірлік бар жерде –тірлік бар» Ауызбіршіліктің арқасында атқарылған осындай жұмыстар үрдіске айналса, нұр үстіне нұр болар еді.

Ауылын көріп азаматын таны. Туған жердің қадір-қасиетін ұғыну – әр азаматқа борыш. Сол борышқа үлкен аманатпен қараған ауыл азаматтарының бұл ісі көпке дейін көпшіліктің жадында қалатыны сөзсіз. «Алтын көпір» құтты болсын! 

Қасымхан ҒАЛЫМ,

«Орталық Қазақстан»

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.