Абай

Жырлайды жүрек

Абай қаласының жырсүйер жұртшылығы «Кітап және жазушы» шығармашылық кездесуінде Халықаралық «Шабыт» фестивалінің дипломанты, «Мәдениет майталманы» медалінің иегері, ақын, журналист Жұлдыз ТОЙБЕК және жергілікті ақын Дәулетхан ӘБІЛХАЙЫРҰЛЫМЕН жүздесті.

Жұлдыз ақын өзінің бала кезден поэзияға құмартып, ақын болуды армандағанын әңгіме арқауы етті. Сол жолда жалықпай кітап, газет-журнал оқығанын, уақыт өте келе журналист болуға ынтызарлығы оянғанын тілге тиек етті. Жоғарғы оқу орнын бітірген соң облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде ұзақ жылдар қызмет істегені белгілі. Ол кісі өмір жолын мысал ете отырып, кездесуге келген оқушыларға ақыл-кеңесін берді. Болашақта ақын, жазушы, журналист боламын деген балаларға пайдасы тиер деген ниетпен шығармашылықтың қыр-сырын, оның бүгінгі жаһандану кезіндегі рөлін түсіндіріп, қойылған сұрақтарға жауап берді.

Есенгелді ауылының тұрғыны, ақын Дәулетхан Әбілхайырұлы болса, 1952 жылы Моңғолияның Баян Өлгей аймағында дүниеге келген. Ақынның «Дала дидары», «Ой өрнегі», «Соны соқпақ» атты өлең жинақтары Баян Өлгей аймағындағы баспадан жарық көрген. 1992 жылы атамекенге қоныс аударып, «Атамекен – аба қазық» атты жыр кітабы осы Арқада жарыққа шықты. Елге келгелі жыр мүшәйраларында оза шауып, өлеңдері «Туған жер тынысы» кітабында жарияланды. Дәулетхан аға қатысушыларға ағалық ақылын аяп қалмады. Елді, жерді сүю керектігін, «елім жақсы бола түссін» деп аянбай еңбек етуден артық іс жоқтығын айтты. Ағамыздың оқушыларға берген теңдессіз ақылы – кітап оқу жөнінде болды.

Қалалық кітапхана қызметкерлері «Өлкенің ақын-жазушылары» атты кітап көрмесін ұйымдастырып, кездесу барысында Жұлдыз апайдың, Дәулетхан ағаның өлеңдерін нақышына келтіріп оқыды. Кездесуге келген қонақтар да ақындардың біршама өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқыды.

 «Nur Otan» партиясы Абай аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Н.Адашев қос ақынға алғыс білдіріп, құрмет көрсетті.

Гүлнұр ОҢАЛЫСҚЫЗЫ.

Басқа материалдар

Back to top button