«Жыр-тұмар» – жанның айнасы

   Сөздің сахарасы – сана, сахнасы – кітап. Жазушы Дулат ИСАБЕКОВ бір сұхбатында: «Мен кітапты екіге бөлемін. Біреуі баспадан жай ғана шығатын, екіншісі дүниеге келетін кітаптар. Мысалы, телефон анықтамалығы мен Құран кітабы қатар тұр. Анықтама – өркениет, Құран – мәдениет. Былай қарасаң екеуі де кітап. Біз осы екеуін теңестіріп жіберіп отырмыз…» деп еді. Ойланатын шаруа. Жуырда ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Кеншілер мәдениет сарайының жанынан құрылған «Жыр-тұмар» жас ақын-жазушылар орталығы «Жыр-тұмар» атты жыр-жинағын жарыққа шығарды.

   Кешке азуын айға білеген ақиық ақын Серік Ақсұңқарұлы бастаған өлең өлкесіндегі бір топ өрелі азаматтар қатысты.

   Жоғарыда айтып өткеніміздей, осыдан бір жыл бұрын жас ақындардың шабысын аңдап, шығармашылығын насихаттау мақсатында Кеншілер мәдениет сарайының жанынан «Жыр-тұмар» деп аталатын жас ақын-жазушылардың шығармашылық орталығы ашылған болатын.

    Кешті кітаптың бас демеушісі, Кеншілер мәдениет сарайының басшысы Жаролла Пазылұлы ашып беріп, тұсаукесер рәсімін жасау үшін ортаға қос ақын, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Серік Ақсұңқарұлын және филология ғылымдарының докторы, профессор Қойлыбай Асанды шақырды. «Тенгри» баспасынан үш жүз данамен жарыққа шыққан жаңа жинаққа қарағандылық жас ақындар – Ерік Нарын, Перизат Жаңғлышбаева, Әділет Шопен, Жоламан Әйткен, Бек Ықыласов, Ақмаржан Жорабаеваның өлеңдері топтастырылған.

    Клуб жетекшісі, ақын Қойлыбай Асан:

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай үлкен игілікті істің куәсі болғалы тұрмыз. Бүгінде бұл жас ақындардан құралған ұжымның еңбегі еленіп, олардың бүгінгі аяқ алыстарының жақсы екенін байқаған мекеме басшылығы қарағандылық студент жастардың жауқазын жырлары топтастырылған жыр жинағын шығарып беруіне мұрындық болды. Бұл – оқырманға олжа, ақынға арқа бітіретін игілікті іс, – деді.

    Ары қарай Кеншілер мәдениет сарайы директорының шығармашылық жөніндегі орынбасары, белгілі әнші Саят Әбдіғали Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасына бастаған Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасына, М.Әуезов атындағы орталық кітапханаға, Абай атындағы облыстық балалар кітапханасына «Жыр-тұмар» кітабын сыйға тартты. Арқалы ақын Қайрат Асқар бастаған Арқаның жыр дүлдүлдері жалындап жыр оқып, сарай жанынан құрылған «Жас толқын» вокал үйірмесінің өнерпаздары Алмаз Қайрат пен Жанасыл Жомарттың «Аманат» әні көпшіліктің көңілінен шықты.

Мирас АСАН

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.