Бас тақырып

Жылудың “жыры”

Кейінгі кезде кеншілер қаласында жылу энергиясына зәрулік әңгімеге жиі тамызық болып жүр. Оны шырайлы шаһарда соңғы уақытта құрылыстың қарқынды жүргізіліп, көптеген тұрғын үй және әртүрлі мақсаттағы нысанның жаппай салынуымен байланыстыратындар бар. Бұл да негізсіз емес.

Алайда, жылу беру маусымы аяқталар алдында жылумен жабдықтау кешенінің кәсіпорындарына екі күн рейд жасаған қалалық қоғамдық кеңес мүшелері басқа да бірқатар кемшіліктің бар екеніне көз жеткізді. Осыған орай қала әкімдігі мен сала басшыларына жолдаған ұсыныс-пікіріне таяуда жауап келді.

Қуаты кемшін қазандық

Шахталар шоғырланған өндірістік өңірдегі Оңтүстік-Батыс қазандығын (№2 жылу стансасы) қоспағанда, қаланы жылумен жалғыз жабдықтап отырған – аймақтық қазандық (№1 жылу стансасы). 1963 жылы қатарға қосылған. Отыз бес жылдан кейін жаңғыртып, қуатын көтеру көзделген. Алайда, “Үйдегі бағаны базардағы нарық бұзады” дегендей, ойлағанның бәрі орындала бермейді екен.

Белгіленген мерзім бір белдің астында тұрғанда Жезқазған облысы тарап тынды. Жап-жақсы жоба жайына қалды. Айтпақшы, кент әлі “қала” мәртебесін алмай тұрғанда аймақтық қазандықтың қасынан жазда ыстық су беру мақсатында шағын қазандық салынған еді. Бірақ, ол өткен жарты ғасырда бір мәрте де жазда ыстық су беріп көрген емес, қыста аймақтық қазандықтың қажетін өтеуде.

Қазір аймақтық қазандық “Қазақмыс” компаниясы жылда қыруар қаржы құйып, жүйелі жөндеу жұмысын жүргізуінің арқасында “әупірімдеп” күнін өткізуде. Қала қарап тұра ма, жүрдек уақытпен үзеңгі қағыстырып, керегесін кеңейтіп келеді. Әсіресе, соңғы он жылдың о жақ, бұ жағындағы құрылыстың қарқыны тегеурінді. Сөзіміз дәлелді болу үшін дәйекті дерекке жүгінейік.

Бұған дейін бос жатқан жерге көпқабатты 45 тұрғын үй салынып, жаңадан “Нұрлы мекен” ықшам ауданы бой көтерді. 214 жер үй тұрғындардың игілігіне айналған “Байқоңыр” ықшам ауданы да даму үстінде. Ерден көшесінің келесі бетінде көпқабатты тұрғын үйлерге арналған бірқатар бос телім жатыр. Жыл өткен сайын қалаға қоныс аударушы қатары артып келеді. Демографиялық үрдісте оң өзгеріс байқалады.

Таяуда түзетулер енгізілген қаласының бас жоспары толық жүзеге асқанда тұрғын саны 80 мыңға жетеді. Қала солтүстік, оңтүстік-шығыс бағытында кеңейеді. 7 балабақша, 3 мектеп, бірнеше денсаулық сақтау мекемесі, спорт залы, бос уақытты тиімді өткізуге арналған ғимарат, тағы басқа мәдени-тұрмыстық қызмет көрсететін нысан, екі өрт сөндіру депосы салынады. Жедел бір шара қолданылмаса, жылу берудің “жыры” одан әрі жалғасатыны осыдан-ақ көрініп тұр.

Жылу беру жүйесін алдағы маусымға дайындау, барлық көпқабатты үйді ортақ жылу есептеу жабдығымен қамту, тұрғын үйлер мен нысандарды қалыпты жылумен қамтамасыз ету, қазандықты техникалық тексеруден өткізу, ауаға тарайтын зиянды қоспаның көлемін кеміту бағытында белгіленген іс-шараға тоқталған “Қазақмыс Дистрибьюшн” компаниясының бас директоры Н.Сағындық өз жауабында жылуға зәрулікті жеңілдету жөнінде былай депті:

“Қазандықты техникалық жаңғырту жоспарына тоқталсақ, оның екі нұсқасы қарастырылуда. Біріншісі, екі жылу стансасының арасына толыққанды жылу жүйесінің құрылысын жүргізу. Екіншісі, қосыма №5 агрегат салу жолымен №1 жылу стансасының қуатын арттыру”.

Күйі кеткен құбыр

Жылу энергетикасы кәсіпорнының өндірген өнімін (ыстық су) тұтынушыларға жеткізетін – жылумен-сумен жабдықтау кәсіпорны. Жұртшылықты су, жылумен ырғақты қамтамасыз ету және сарқын судан арылту үшін өзінің қызметіне сәйкес сыртқы инженерлік желінің барлық құрылғы, электрсорғы жабдықтарын жөндейтін, пайдаланатын ол – қаланы жылумен-сумен жабдықтайтын коммуналдық жүйенің тізгінін ұстаған маңызды стратегиялық нысан.

Кәсіпорын 43 сорғы стансасын пайдаланады. Оның жетеуі жылу жеткізуге, отыз екісі су тасымалдауға, төртеуі кәріз жүйесіне арналған. Сондай-ақ, тұрмыстық-зәрнәжістік қалдықты тазартатын құрылғылар кешені бар. Қалалық қоғамдық кеңестік мүшелері осылардың бірқатарында болып, қалыптасқан жағдаймен танысты, мамандармен пікірлесті. Өздерінің ұсыныс-пікірін ортаға салды.

Бірден айтайық, жылу энергетикасы кәсіпорнының онсыз да болар-болмас жылуын жұртшылыққа жеткізуге мүдделі бұл кәсіпорынның қызметі де келісіп тұрғаны шамалы. Тіпті күрделі десек, ақиқаттан алшақтап кетпейміз. Оның диаметрі 50-1020 миллиметрлік құбырдан тұратын инженерлік желісінің жалпы ұзындығы 766,7 шақырымға жетіп жығылады. Осының жылу жеткізуге пайдаланатының жартысынан астамы (56%), суға арналғанының оннан жеті бөлігі (73%), кәріз жүйесіне қатыстысының 85%-ы тозған. Оны жылда жөндеуге, жамап-жасқауға аз қаражат жұмсалмасы анық.

Қаржыландырудың қиындығынан жылу бекеттерін жаппай автоматтандыру мүмкін еместігін ашық айтқан, №2 жылу бекетінде жоғары кернеулі электр шоғырсымын оқшаулау мен қоршау жұмысы жүргізілгенін, магистральдық желіде жылу энергиясын есептеу жабдығын орнату маусым аяқталған соң қолға алынатынын, сорғы стансалары мен кірме жолдарды абаттандыру мен қоршаудың жұмыс кестесі жасалғанын, №1 сорғы стансасының қасынан жер телімін бөлудің заңдылығы әкімдіктің тиісті бөлімімен бірлесіп анықталатынын, барлық сорғы стансалары мен жылу бекеттерінің ғимараттарын жан-жақты зерттеу қарастырылып жатқанын жеткізген жылумен-сумен жабдықтау кәсіпорнының директоры Е.Тоқымбаев жауабын былай аяқтапты:

“Алдағы жылу беру маусымына дайындық барысында атқарылатын жөндеу жұмыстарына жалпы 422,775 млн. теңге қаржы жұмсау жоспарланған. Оның 250,113 млн. теңгесі – кәсіпорынның инвестициялық бағдарламасында қарастырылған қаржы, 149,037 млн. теңгесі кәсіпорынның бюджеттік бағдарламасына енгізілген, 23,625 млн. теңгесін жергілікті әкімдік бөлген. Жалпы ұзындығы 33,063 шақырым желі жөнделеді: 15,767 – жылу желісі, 13,996 – су құбыры желісі, 3,3 – кәріз желісі. Сонымен қатар, 7 дана сорғы жабдығын сатып алу қарастырылған”.

Аз болсын, көп болсын, қаражаттың бөлінгені жақсы-ау! Бірақ, атқарылған жұмыстың сапасы қандай болады? Міне, мәселе қайда жатыр?!

Түйін

Жылумен-сумен жабдықтау кәсіпорны жылуды тұрғын үйлер мен нысандардың іргесіне дейін жеткізіп береді. Одан кейін оның қаншалықты тиімді пайдаланылатыны тұрғындар мен нысан иелеріне және қоммуналдық қызмет көрсететіндерге байланысты. Коммуналдық қызметтің бұл түрі қоғамның “бас сақинасына” айналғалы қашан? Биыл 1 шілдеден бастап тұрғын үй қатынастарының жаңа түріне көшеміз. Талайдың “шашын ағартқан” жекеменшік пәтер иелері кооперативінің орнын енді меншік иелері бірлестігі немесе қарапайым серіктестік басады. Осыдан коммуналдық қызметтің көші түзеліп кететіндігіне күмән көп. Бірақ, бұл – басқа мақалаға арқау болатын тақырып.

Әлібек ӘБДІРАШ.

СӘТБАЕВ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button