Жаңалықтар

Жыл қорытындысында – жаңа жинақ

    Жайық Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы, оның жанынан құрылған «БОТА» интеллектуалды клубы, аталған клуб мүшелері – жас ақын-жазушылардың шығармалары топтастырылған «Өр рухты жастар» атты жинақтың тұсауын кесті. С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрында өткен салтанатты шара кітапхана мен клубтың биылғы жылды қорытындылаған салтанатты кешіндей болды.

   Биыл ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының 40 жылдығы һәм «БОТА» интеллектуалды клубының 20 жылдығының тұспа-тұс келуі тегін емес. Жасөспірімдер кітапханасы – жастардың сана-сезімін оятып, ақыл-ойының қуатын арттыратын орын болса, кезінде сатирик, жазушы-журналист Мартбек Тоқмырза мен әнші, өнертанушы Ерлан Төлеутай, тағы басқа қарағандылық азаматтар құрған «БОТА» клубы – Қарағанды жастарының санасында сілкініс тудырған рухани орта. Бұл да Тәуелсіздік жылдарының тартуы, осы жылдардағы рухани олжамыз. Былтыр аталған клуб құрамындағы жас ақын-жазушылардың шығармалары «Өр үмітті жастар» айдарымен антология болып қатталып шықса, биылғысы «Өр рухты жастар» деген атаумен жарияланып отыр. Жаңа замандағы жігерлі жастардың тәуелсіздік жылдарындағы үнін «боталықтар» азаттыққа тарту етіпті. Ақын Руслан Нұрбай мен Қайрат Асқардан Кәмшат Хасенге дейінгі өлеңге таласы бар отыз­дан астам ақын-жазушының шығармалары топтастырылған жинақтың шығуына «Білім меценаты» Бекзат Алтынбеков демеушілік етіпті. Таралымы – 400 дана.

   С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрындағы салтанатты шараға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қарағанды қаласының Құрметті азаматы Рымбала Омарбекова, Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының директоры Гаухар Бекбалақова және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Тіл жанашыры» төсбелгісінің иегері Бақытқали Мұсабеков қатысып, жастардың жинағына құтты болсын айтты. Сонымен қатар, Арқадағы айбоз әнші Ержан Базарбеков ән шырқап, күйші Мадияр Сүлейменов күй тартты. Жиырма жыл бойы жерлестеріміздің жүрегін жылытып, жасөспірімдерді жігерлендіре білген «БОТА-ның» осы уақытқа шейін атқарған жұмыстары «БОТА-шежіре» баяны ретінде кеңейтілген экранда слайдтар арқылы көрініс тауып, көпшілікке жүргізушілердің таныстыруында жетіп отырды. Бұдан бөлек, кітапхананың шынайы жұмыстарының шежіресі топтастырылған «Шуақ» өлкетану сайтында алдағы уақытта «БОТА-ның» бұрынғы және бүгінгі жұмыстары электронды ресурс ретінде ел назарына ұсынылмақ. Ендеше, қазақ руханиятының жанашыры осындай қазыналы клубтардың ғұмыры ұзағынан болғай.

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button