“Жомарт жүрек” жылуы
Республикалық «Жомарт жүрек» сыйлығының лауреаттарын облыс әкімінің орынбасары Абзал НҮКЕНОВ құттықтады. 2018 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан аталған байқау биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Сонымен қатар, «Қайырымды істер марафоны» ұлттық жобасы аясында ұйымдастырылған «Ең мейірімді» байқауының жеңімпаздары да анықталғанын айта кету керек.
«Жомарт жүрек» байқауы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жолға қойған және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ алға қойған кәсіпкерлер мен жеке тұлғалардың қайырымдылық жобаларына қатысуын жанама ынталандыру тетіктерін енгізу мәселесін шешуге мүмкіндік береді.
– Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен өткен республикалық «Жомарт жүрек» сыйлығының биылғы жеңімпаздары Павлодар қаласында марапатталған еді. Облысымыздан қатысқан үміткерлер жақсы нәтижеге қол жеткізді. Біздің ақжүрек азаматтарымыздың ел игілігі жолында атқарған еңбегі өз бағасын алды. Кейбір жерлестеріміз сол салтанатты жиынға қатыса алмағандықтан, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің арнайы сыйлықтарын табыстау мәртебесі маған бұйырып отыр. Дендеріңіз сау болсын. Жақындап қалған Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын. Шаршамай-талмай еңбек ете беріңіздер, – деді Абзал Нүкенұлы.
Биыл еліміздің түпкір-түпкірінен 1200 үкіметтік емес және волонтерлік ұйым, 300-ден аса білім беру мекемесі, 360 ұжым мен кәсіподақ қайырымды іске атсалысқан.15 мыңнан аса қайырымдылық шарасы өтіп, 200 мың адамға көмек көрсетілген. Биылғы «Жомарт жүрек» конкурсына 3 миллионнан аса отандасымыз өтінім білдіріп, іріктеуден өтіп, «Жомарт жүрек» сыйлығына үміткер болғандар саны 100-ден асып жығылыпты. Онлайн дауыс беру және арнайы комиссия шешіміне сай 5 номинация бойынша 51 жеңімпаз анықталған. Осымен төртінші рет ұйымдастырылған дәстүрлі «Жомарт жүрек» сыйлығы «Туған өлке», «Жыл меценаты», «Жыл тұлғасы», «Жыл ұйымы», «Ерен еріктілік» атты номинациялар бойынша марапатталып келеді. Осы жылдар ішінде сыйлық иегерлері 125 адам болды (2018 жылы – 50, 2019 жылы – 50, 2020 жылы – 25). Сонымен, «Жыл тұлғасы» аталымы белгілі меценат Бақтыбай Жүнісовке бұйырды. Бақтыбай Жолжақсынұлы ағамыз өзінің жомарттығымен халқының жүрегіне жол тапқан азамат. Індет жағадан алып, карантин күшейгенде дәріханаларға қол ұшын берді, басқа да көптеген игі шара тындырды. Биыл Қарқаралы ауданында Қарқабат ананың құрметіне еңселі ескерткіш орнатты. Ал, «Жыл меценаты» аталымын Сапар Ибкеев мырза еншіледі. Сапар Көшкінұлы әсіресе, жастардың жанашыры. Жас таланттарды қолдаудан шаршаған емес. Жұмабек Тәшенов атындағы жыл сайын өтетін жас ақындар мүшәйрасын қаржыландырып, жеңімпаздың кітабын 500 данамен шығарып беріп келеді. Қазір аймақта 10-нан астам қаламгердің кітабын жарыққа шығарды. Жақында Ж.Тәшенов туралы көлемді кітаптың шығуына демеушілік жасап отырғанын естідік. Бұдан бөлек, 90-жылдары ала сөмке арқалап, отбасын қаңғып кетуден аман алып қалған ер мінезді әйелдердің, аналардың құрметіне Абай ауданында ескерткіш орнатқан еді. Бұдан басқа да тындырып жатқан шаруасы шаш-етектен. Көп сөзге жоқ, нағыз істің адамы екені өн бойынан көрініп тұр. Ал, байқаудың «Туған өлке» номинациясы Нұрлан Қалтаевқа бұйырды. Нұрлан Айтмұхаметұлы көптеген игі шараға демеушілік жасап, ел дамуына өз үлесін қосып жүр. Қарқаралы ауданы Қоянды ауылында отбасылық үлгідегі балалар үйін ашып, оңтүстіктен бірнеше отбасын көшіріп әкеліп, бар жағдайын жасағанын ел біледі. Өз кезегінде Бақтыбай Жолжақсынұлы мен Сапар Көшкінұлы осындай сыйлыққа ұсынғаны үшін облыс басшылығына алғыс айтты. Күтпеген тосын сый болғанын тілге тиек етіп, ел қамы үшін бірге жұмыс істеуге шақырды. «Ең мейірімді» байқауының «Ең мейірімді өңір» номинациясы бойынша III орын дипломы «Рухани жаңғыру» аймақтық жобалық кеңсесінің басшысы Айтбай Жұмағұлға табысталды.
Айтбай Ботбайұлы да ел игілігі жолында адал еңбек етіп келе жатқан атпал азамат. Кейінгі жылдары Қарағанды облысында бұл бағытта көптеген шара атқарылуда. Аймағымыз өзге облыстарға үлгі боларлықтай. Ал, «Ең мейірімді» байқауының «Ең мейірімді жоғары оқу орны» аталымында Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті I орынды жеңіп алды. Бұл марапат ҚарУ-дың белсенді жас маманы Ардана Мырзановаға табыс етілді.
– Бізге сеніп, осындай байқауға жібергендеріңізге көп рахмет. ҚарУ-да жұмыс істейтін «Біз бармыз» волонтерлік орталығының жетекшісімін. Барлық факультетте ашылған клубтармен бірлесіп, түрлі қоғамдық жұмыстарды атқарамыз. Түрлі волонтерлік қызмет көрсетеміз. Жастарға қолдау беріліп жатқанын сеземіз, қуанамыз. Әлі де алда бұдан да биік шыңдарды бағындырамыз, – деді Қарағанды университетінің жастар ісі жөніндегі департаментінің маманы Ардана Мырзанова.
Қарағанды университеті бүгінгі күні білім берумен қатар, түрлі бағытта өте белсенді жұмыс атқаруда. Биылдың өзінде қаншама рухани-мәдени іс-шара өткізді. Оның барлығына ел куә. Жаңадан спорт орталығы ашылды, жақында қазақ күресінен студенттер арасында республикалық біріншілік өтті. Қасым Аманжоловтың, Жүрсін Ерманның, Аманжол Әлтайдың мерейтойларымен қатар, басқа да жиындарды ұйымдастыруда. Волонтерлері де карантин кезінде белсенділік танытты. Қайырымдылық жасаушыларды марапаттау – жалпы әлемдік тәжірибе. Мақсаты – қайырымдылық жасаушыларды таныстыру, дамыту және шабыт беру. Сондықтан, мұндай шаралардың жалғасын табуы – заңдылық.
Жәлел ШАЛҚАР.