Қарағанды

Жолақыдан жалтарғандар айыппұл арқалайды

ONAY! картасы қолданысқа енгелі бері, қоғамдық көлікте жолақысын төлемейтіндер көбейді. Әзірге ондай жолаушыларға тек ескерту ғана айтылып жатыр. Бақылаушылар келер айдан бастап, жолақысын төлемегендерге айыппұл арқалатпақшы. Несін жасырамыз, Қарағандының автопаркі халықтың сын садағына жиі ілігіп жатады. Орынды да. Қазір автобус жүргізушілері бұрынғыдай жолаушыға таласып, жарысуды, тіпті, жаға жыртысуды қойған көрінеді. Қазір кестемен жүреді.

Онлайн өткен кеңесте автопарк басшылары облыс әкімі Жеңіс Қасымбекке осы төңіректегі мәселелерді жеткізді. Өңір басшысы қала тұрғындарының автобус мәселесіне қатысты шағымдары әлі де түсіп жатқанын атап өтті. Оның ішінде қоғамдық көлікті ұзақ күтетініне және автобус салоны лық толы болса да, жолаушыларды үсті-үстіне мінгізетініне наразы.

Облыста 203 тұрақты маршрут жұмыс істейді, 39 жүргізуші қызмет көрсетеді. Ал, жалпы автопаркте 900-ден астам автобус бар.

– Биыл пандемияға байланысты жабылған ауданаралық жеті бағыт бойынша қозғалыс қалпына келтірілді. Қанаттас қалалар Теміртау, Шахтинск, Саран, Абайға, сондай-ақ, Топар және Шахан кенттері алты автобуспен қамтылған. Жыл сайын осы маршруттарда 5,5 миллионнан астам адам тасымалданады, – дейді жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Сәбит Оспанов.

Басқарма басшысы автобустардың қозғалысына күнделікті бақылау жүргізіліп жатқанын атап өтті. Жолаушылар Bus09 қосымшасы арқылы қала маңындағы автобустардың қозғалысын бақылай алады.

Қыркүйек айынан бастап Қарағанды – Абай бағыты бойынша «Мерседес» маркалы 10 автобус іске қосылды. Ал, Қарағанды – Теміртау және Қарағанды – Шахан бағыттары бойынша мәселелер оң шешімін таба алмай отыр. Мұны автопарк басшылығы автобустардың ескіруі және жүргізушілердің жетіспеушілігінен деп түсіндіреді.

Расымен, жүргізушілер тапшы. Қарағандыда 224 бос жұмыс орны бар. №5 автопарк өнеркәсіпті дамыту қорына 58 жаңа автобус сатып алуға өтінім берді. Ал, №3 автопарк келесі жылы 30 жаңа автобус сатып алмақшы.

– Жолаушылар тарапынан шағымдарды қадағалап, жедел әрекет ету қажет. Автопарктер барлық міндеттемелерін орындауы тиіс. Өткен жылы және биыл біз субсидиялауды едәуір арттырдық. Автобустарды жаңарту жұмыстары жүріп жатыр. Электронды билетті енгізу де жолаушылар үшін қолайлы, – деп атап өтті аймақ басшысы.

Алайда, шағымдар тек жүргізушілерге ғана қатысты емес. Қоғамдық көлікте жолақы төлемейтіндер көбейіп кетті. Қазір Қарағандыда №3 автопарктің 50 бақылаушысы және eBay компаниясының 30 бақылаушысы жұмыс істейді. Әзірге олар жолаушыларға жол жүру жауапкершілігі туралы ескерту жасауда. Желтоқсан айында бақылаушылар полиция қызметкерлерімен бірге шығып, жол ақысын төлемегендерге айыппұл салады.

Қасымхан ҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Back to top button