Жол жақсарса, тұрмыс түзеледі

Жолаушылар ойдым-ойдым жолдан мезі болғалы қашан?! Аймақтың қай бұрышына барсаңыз да еститін әңгімеңіз осы. Бұл мәселені көтерген облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК жөндеу жұмыстары жүріп жатқан аймақтарды аралады.

Кәсіпорын басшыларына ескерту жасап, жұмыс өнімділігін арттыруды тапсырған болатын. Сонымен қатар, 1500 шақырым жолды қайта жөндеуден өткізу үшін бюджеттен қаржы бөлінді. Бұл туралы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Саят ШАЙМИН аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтып берді.

Ауданаралық автобустар жолға шығар күн жақын

Облыс бойынша ауыл-аймақ арасындағы 210 бағытта 1600 автобус қатынайды. Барлығы – 60-қа жуық тасымалдаушы жұмыс істейді. Бүгінгі таңда 338 ауылдық елдімекеннің 154-і (46%) тұрақты автобуспен қамтылған.

Биыл қалалық автобус паркіндегі біршама көлік жаңартылды. Сонымен қатар, ауыл-аймақ арасына қатынайтын автобустарды да мемлекет жаңалауға қолдау білдірді. Нәтижесінде, тозығы жеткен төрт дөңгелектілердің үлесі былтырғы жылмен салыстырғанда 47,7%-ға дейін төмендеген.

2019-2020 жылдары Қарағанды қаласында қалаішілік бағыттағы 105 жаңа автобус қолданысқа берілді. Биыл тағы 24 автобус сатып алынды. Бұның бәрі өнеркәсіпті дамыту қорын жеңілдікпен лизингтік қаржыландыру бағдарламасы аясында жүзеге асқан. Шілде айының соңына дейін аталмыш бағдарламамен тағы 16 автобус алынбақ. Ал, Теміртау қаласы бойынша «Донфенг» маркалы 75 бірлік жаңа автобус сатып алу жоспарда. Оның 20-сы қаңтар айында жеткізіледі.

Қоғамдық көліктің жұмысы ел ішіне індет тарағалы бері күрт төмендеді. Шектеулерге байланысты тасымалданған жолаушылар саны былтыр 64%-ға төмендеп, жылдағыдан 70%-ға азайған. Бұл тасымалдаушылар табысының 30%-ға дейін қысқаруына әкеп соқты. Карантин талаптарына байланысты 24 ауданаралық маршрут жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Бірақ, алдағы уақытта аудан, қала арасына қатынайтын автобустар қайта жолға шығады, – деді Саят Қанатұлы.

Автомобиль жолдары жөнделеді

Облыстағы автомобиль жолдарының ұзындығы – 12 422 шақырым. Республика бойынша – 5-ші орында. Биыл 1500 шақырым жолды жөндеуге бюджеттен қаржы бөлінген. Оның ішінде, 674 шақырымы – республикалық, 50 шақырымы – облыстық маңызы бар автожолдар. Қала, аудан арасында – 260 шақырым, Қарағанды қаласы бойынша – 49 шақырым қалаішілік жол жөнделеді деп күтілуде.

Биыл жол-құрылыс маусымы барысында барлық аумаққа 3 мыңнан астам мамандандырылған техника жұмылдырылды. 59 асфальт зауыты іске қосылып, 5 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Жөндеу жұмыстары барысында 3,5 млн. тонна түрлі фракциядағы инертті материалдар, 200 мың тонна битум, 100 мың тонна цемент және 20 мың шаршы метр жол-құрылыс материалдары қолданылады.

Облыс үшін басты жобалардың бірі – «Қарағанды қаласының солтүстікшығыс айналма жолы». Айналма жол іске қосылғалы бері қала ішінде жүк көліктерінің қатары сиреген. Нәтижесінде, қала көшелерінің тозуы бәсеңдеп, жол-көлік апаты бірнеше есе азайған. Сондай-ақ, облыс орталығындағы экологиялық жағдай да жақсара түсіпті.

Бұдан бөлек, 107 шақырымды құрайтын 6 жол учаскесі мен 3 көпірге жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Оның 17 шақырымы – «Новодолинка – Шахан – Молодецкое» автожолы. Нұра және Соқыр өзендері арқылы өтетін 2 көпір автожолдың осы усчаскесіне кіретіндіктен көпірді де қоса жөндейді. 12 шақырым болатын «Осакаров – Молодежное» бағытындағы тас жолы қайта қалпына келтірілуде. Бүгінгі таңда Молодежное кентінің тас жолын жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Ол біткен соң 16 шақырымды құрайтын екінші учаскені жөндеу басталады. Сонымен қатар, 9 шақырым болатын «Үштөбе – Құрылыс» автожолы да биыл жөнделетін тас жолының қатарында.

2019 жылы 38 шақырым болатын «Қарабас – Жартас – Долинка» автожолының 17 шақырымына күрделі жөндеу жұмыстары жасалған. Өткен жылы қалған 21 шақырымына қайта жөндеу жұмыстары басталды. Егер осы бағыттағы күре жолды аяқтасақ, карлаг мұражайына баратын көлік қозғалысы жанданар еді. Және Абай, Шахтинск қалаларының өңірлік байланысын арттыруға мол мүмкіндік болмақ, – дейді Саят Қанатұлы.

Орталық пен оңтүстікті жалғайтын жол жобасы әзірленуде

Орталық пен оңтүстікті жалғайтын күрежолды іске қосу үшін арнайы жобалар әзірленуде. «Егер екі аймақ арасындағы көлік қатынасы жанданса көліктік-логистикалық әлеуетті дамытуға ықпалы тиеді» дейді мамандар. Сонымен қатар, транзиттік халықаралық тасымалдар көлемін ұлғайтуға да мүмкіндік беретіні сөзсіз. Бүгінде жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыру мақсатында атқарылған жұмыстар оң нәтиже беруде.

«Орталық – Оңтүстік» бағытындағы автомобиль жолы – «Қарағанды – Балқаш» және «Балқаш – Бурылбайтал» күрежолымен өтеді. Бүгінгі таңда аталмыш жолдарға жөндеу жұмыстары жүруде. Айналма жолдардың да саны қысқартылып, төтеден салынуда. Жыл соңына дейін қолданысқа беруді жоспарлап отыр. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ресми мәлімдеді.

«Қала сыртындағы тас жолдар толық жөнделеді»

«Нұра – Шахтер – Пржевальское» автожолының учаскесін реконструкциялау басталды. Бұл учаскеге аудан орталығы Нұра – Шахтер кенті арасындағы 20 шақырым жолы кіреді. Алдағы уақытта жөндеу жұмыстары аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде. Сондай-ақ, 28 шақырымды құрайтын «Қаражал – Атасу» автожолының 8 шақырымында жөндеу жұмыстары өтіп жатыр. Ал, 20 шақырымына өткен жылы жасап біткен-тін.

Бұқар жырау ауданы, Мұстафин кенті тұрғындарының мәселелері шешілді. Биыл «Қарағанды – Теміртау – Токаревка» автожолындағы Нұра өзені арқылы өтетін көпірге жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Осыған байланысты Теміртау, Қарағанды қалалары бағытындағы көлік қатынасына шектеу қойылуы әбден мүмкін. Ал, 19 шақырым болатын «Қарағанды – Саран – Шахтинск» автожолы күрделі жөндеуден өтеді, – дейді Саят Қанатұлы.

Бүгінгі таңда объектілер бойынша 380 шақырым болатын 22 учаске орташа жөндеуден өтті. Қолда бар деректерге сүйенсек, жыл соңына дейін 245 шақырым күрежол пайдалануға берілмек. Ал, бүгінгі таңда оның 60 шақырымы ашылған. 2022 жылдың соңына дейін 75 шақырымға жөндеу жұмыстарын аяқтап, қолданысқа береді.

Ербол ЕРБОЛАТ.