Жол аралығы жөнделуде
Қызылорда-Павлодар бағытындағы тас жолдың 833-905 шақырымы аралығының орташа ағымдық жөндеуі биылғы 19 тамызда басталған болатын.
Жобалық-сметалық құны 700 миллион теңгеден асатын бұл жұмыстардың тапсырыс берушісі «Қазавтожол» кәсіпорны болса, оның мердігері «Қажсервис» ЖШС болып табылады.
Қазірде бұл шаруамен облысымыздың 42, 46, 77-жол пайдалану бөлімшелерінен 25 адам мен 10 жүк машинасы, 2 автогрейдер, 4 жол тегістегіш, 1 гудронатор, 2 жүк тиегіш, 1 «МТЗ» тракторы атқарып жатыр.
– Жолға төсеуге қажет асфальтті жөндеушілерге өзіміздегі заводтан босатудамыз, – дейді 42-жол пайдалану бөлімшесінің бастығы Нұргелді Сейфулғазин. – Бүгінге дейін сол белгіленген 72 шақырым жол аралығының 4 шақырымының аралығы орташа ағымдық жөндеуі аяқталды. Сәтін салса, қалған жұмыстарды қар түскенше бітірсек деген ойдамыз.
Ержан ИМАШ,
Абай ауданы.