Бас тақырып

Жігер жеңіске жеткізді

Футболдан Қазақстан Бірінші лига ойындары басталды. Жаңа маусымның тұсауын қарағандылық «Шахтер» және «Түркістан» футбол клубы кесті. Жерлестер сырт алаңда түркістандықтарға қарсы ойнап, 2:1 есебімен жеңіске жетті. Алғашқы ойында үш ұпай еншілеп, маусымды сәтті бастады.

Биылғы Бірінші лига маусымы ерекше өтпек. Олай дейтініміз, турнирге бұған дейін Қазақстан чемпионатында топ жарған үш команда қатысуда. Олар «Тараз», павлодарлық Ertis және үшіншісі өзіміздің «Шахтер». Осы командаларды қоса есептегенде лигада барлығы 14 команда өнер көрсетпек.

Былтырғы маусым қорытындысы бойынша «Кеншілер» Премьер-Лига ойындарынан алғаш рет қатардан шығып қалған еді. Десе де, команда қатары жаңа ойыншылармен толығып, қорғанысты да, шабуылды да күшейтті. Ал, команданың бас бапкері болып Андрей Финонченко тағайындалды.
Бірінші лигадағы алғашқы кездесу жерлестердің пайдасына шешілді. Ойынның 20-шы минутында «Кеншілер» шабуылды үдетті. Оң қапталдан өрбіген шабуыл барысында доп кенет қарсылас команда қорғаушысының алдына түседі. Бірақ, ол қателікке бой алдырып, допты алаң ортасына қарай тепкен. Осы сәтте «шахтерлік» шабуылшы Диас Калыбаев доптың әуеге көтерілген сәтінде қақпаны нысанаға алып, шабуылды нәтижелі түйіндеді. Есеп – 1:0. Бірақ, қарсыластар да қарап қалмады. 36-шы минутта Рамазан Әли Оғлы таразы басын теңестіріп кетті. Осылайша кездесудің бірінші айналымы тең есеппен аяқталды.
Команда сапында жаңа ойыншылар көп. Бас бапкер сол ойыншыларға екінші таймда алаңға шығуына мүмкіндік берді. 46-шы минутта Айдос Таттыбаев мансабын енді бастап келе жатқан 20 жастағы Максим Комиковқа, жартылай қорғаушы Юрий Перцух биыл ғана петропавлдық «Қызылжардан» ауысып келген Рафаил Оспановқа алаңдағы орнын босатты. Ал, 80-ші минутта 18 жастағы жартылай қорғаушы Мирас Ділмұратты қосалқы құрамдағы Эльхан Саидовпен алмастыр­ды. Араға үш минут салып, жерлестер есепте алға шықты. Гол авторы – қорғаушы Олжас Керимжанов. Шабуылшы Диас Калыбаев стандартты жағдайдан допты ойынға қосып, қарсылас қақпасына қарай асырған еді. Осы сәтте Олжас допты еш қателіксіз қақпаға бағыттап, қақпашыдан айласын асырды. Осылайша «Шахтер» бір гол айырмашылығымен жеңді.
Бас бапкері Андрей Финонченко «Түркістанға» қарсы өткен матч жайында өз пікірін білдірді.

– Ойын оңай болған жоқ. Алаңның сапасы командамызға комбинациялық футбол көрсетуге мүмкіндік бермеді. Дегенмен, бірінші таймда бірнеше голдық мүмкіндік жасап, соның біреуін ғана жүзеге асыра алдық. Қарсылас команданың қарымта шабуылға иек артатынын білдік. Сондай сәттердің бірінде гол жіберіп алдық. Одан кейін қарсыластар қорғаныста ойнап, ойын күрделене түсті. Ойыншылардың жеңіске деген жігері нәтижелі ойынға ұласып, стандартты жағдайдан жеңіс добын соқтық. Бұл – жаттығу кезінде жүйелі түрде назар аударатын элементіміздің жемісі. Команда нағыз мінез көрсетті, – деді ол.

Осы лиганың былтырғы маусымында «Алтай», «Екібастұз», «Каспий» және «Хан-Тәңірі» сынды клубтары тамаша нәтиже көрсеткен еді. Биыл жоғарыда аталған үш клуб – басты фаворит. Ал, лига қорытындысы бойынша турнир кес­тесінде І және ІІ орын алған екі клуб жоғарғы Премьер-Лига ойындарына жолдама алады.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Суреттер клубтың әлеуметтік желідегі парақшасынан

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button