«ЖЕЗКИІК» шақырады

Қазақстанның тарихи киелі жері – Ұлытау өңірінде 2019 жылы тамыз айының 24 күні «Жезкиік» ІІ халықаралық музыка фестивалі өтеді.

Халықаралық фестиваль «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қазақстанның киелі жерлері» жобасы және «Туған жер» арнайы бағдарламасын іске асыру аясында жүргізіледі. Фестиваль мақсаты – Қазақстанның материалды емес мәдени мұрасын сақтау, қазақ фольклорын насихаттау, туристік кластерді дамыту, халық мәдениетін жан-жақты танымал ету.

Фестиваль Ұлытау ауданының «Болатсай» өңірінде құрылған этноауылда өтеді. Фестивальге Италия, Испания, Сербия, Венгрия және Қазақстан елдерінен 6 кәсіби ұжым қатысады. Олар – «Тоқырауын толқындары» халық ән және би ансамблі (Қазақстан), «Hassak» (Қазақстан), «MORESCA NOVA» (Италия), «CARMEN GUERRERO FLAMENCO» (Испания), «Serbian Abrasevic band» (Сербия), «Dunaj banda» (Венгрия).

Фестиваль 24 тамыз күні сағат 13.00-де ашылады. Ашылу салтанаты белгілі өнер майталмандарының қатысуымен өтетін «Атадан қалған асыл мұра» концертімен жалғасады.

Фестиваль аясында концерттік номерлер, қазақтың ұлттық дәстүрлері көрсетіледі. «Ұлы дала дүбірі» ақындар айтысы өтеді. Фестиваль дәстүрлі ән өнерінің майталмандары, Қазақстан эстрада жұлдыздары қатысатын гала-концертпен түйінделеді.

Ұйымдастыру алқасы.