Бас тақырыпРуханият

Жез қарғылы желтабан

«Кесіп-кесіп тастайтын кетпен қарам туды ма?» деп ер бала туса қуанған қазақ итінің күні енді туды. Бұлай деуімізге себеп – кеше қабылданған қазақы тазы мен төбетті қолдап-қорғауға негізделген жаңа заңнама, Президент пәрмені. Өткен 2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақы тазы мен төбетті сақтау жұмысын қолға алуды тапсырған болатын. Бұған сай арнайы Заң жобасында ғылыми ұйымдар жүзеге асыратын қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту саласында ғылыми зерттеулер жөнінде норма көзделген. Заң жобасының нормаларын іске асыру үшін 1,4 млрд. теңге қажет болды. Бұл сома 2022 жылғы 18 қазанда республикалық бюджет комиссиясының отырысында қолдау тапты. Аталған заң бүгінде Сенатқа жолданды. Десек те, қазақы тазы мен төбет еш жерде тіркеуде жоқ. Кешегі Кеңестік дәуірдің кесірі әлі қайтпаған-ау. 40-шы жылдың қолдан жасалған қырғынынан соң ит терісі керек деген жалған ақпармен қазақ даласының иттерін Кеңес үкіметі түгел жойған. Бүгінгі бұйрат басынан бөрібасар әупілдеткен әлімсақтың ұрпағы едік деген құрғақ сөз, құр қиқудан не пайда? Таза қанды тазы стандарты әлі сол баяғы 1958 жылы орыс ғалымы Аркадий Слудский зерттеп қойған кемелден аса алмай тұрса. Бізде сонда ғалым жоқ па, таным жоқ па?

 

Ген анықтап, талап қояр маман тапшы

Қазақылық деп қақсамас бұрын алдымен қазақылыққа қалай жетеміз, соның жолын жоспарлаған жөн бе қалай?! Мысалы, бір деректерге сүйенсек, қазақы тазыны көршілес Ресей мемлекеті «Орта Азия барзоясы» деп патенттемек болған деседі. Олардың тұжырымынша «қазақ деген қарапайым елге мұндай ит қайдан келсін, біздің орыс барзоясынан тараған ит тұқымы» дегісі келсе керек. Алаңдатар жағдай. Мұны естіген еліміздің атқамінерлері жағалай жарыса тазы қазақтікі оны өзіміз патенттейміз дегенді айтып, іске көшті. Десек те, кәнігі маманның дәйегінсіз екінің бірі тазысын италақаздан туған Құмай, қала берді қашқанын құтқармас тұйғын деп таныстырады. Қазақстанда не көп, тазы көп. Оның қайсы қазақы, қайсы шата, ал, қайсы дүрек екенін қайдан білмекпіз?! Қош.

Жалпы, елімізде 644 қазақы тазы және 8 қазақы төбет тіркеуде тұр. Әзірге арқа қақтырып арқаланар жетістік – осы. Бұл иттер де сол Слудскийдің сұрыптамасынан шыққан нәтиже. Расында, қазақы тазыға ешбір иттің ілесе алмайтынын еуропалықтар XIX ғасырда мойындаған. Тіпті, 1876 жылы Париж университетінің профессоры Карл Южвалфи ғылыми еңбегінде: «Қазақтар аңшы иттерін тазы дейді. Олар – басқа аңшы иттермен салыстырғанда есті, иесіне берілген, адамдарға мейірімді», – делінген. Аты алты құрлыққа ұлықталған француздарды тамсандырып, қолжазба арнатқан қазақы құмай арада екі ғасыр өтсе де, қазақтікі екені құжатқа енбеді, еленбеді. Арнайы мекеме мамандары облысымызда стандартқа сай таза қанды тазы мен төбет бар ма, тіркелген бе деген сұраққа мүлде жауап қата алмады. Тізгін тұқыр­тып, тымақ астынан тұмаурата сөйлеп «бұл біздің құзырымызда емес» деген құрғақ сөзбен шығарып салды. Одан қалды, орман шаруашылығына сілтеп мардымды жауапты солар береді деп сендірді. Орман шаруашылығына бұл уәжбен шыққанда, олардың жауабы мынадай болды: Біз тек жабайы аң­құстарға жауаптымыз, деп қысқа қайырды…


Ауыл азаматының ел сүйсінер ерлігі

Жалпы, дәл осы қазақы тазы жайын қолға алып, ат терлетіп жүрген жалғыз ұйым бар екен. Ол «Қан-сонар» бірлестігі. Бірақ бұл ретте ол ұйымға шығар мүмкіндік бұйырмады. «Жерден жеті қоян тапқандай» тамсанып, талғажау қыларымыз тұмсықтың астындағы Кеншоқы ауылының азаматы Асхат Аманбаев. Байырғы қазақтың қалың малға қырық жорға орнына берер қазақы құмайы дәл осы ауылда десе нанарлық. Иә, иә 1940-1947 жылдары қазақы тазы құны 20-30 жылқы болған деседі. Шындыққа жанасар-ақ жазба. Сталиндік солақай саясаттың тұсында бір ауылды бір тазы асырағаны – тарих. Әпсанасы әлі құлақта. Ал, құмайға құралай қудырып, жез қарғы тағып, жезқанат еткен Асхаттың аузы не дейді соны тыңдайық.

– Әлемнің барлық жүйрік иттерін ұстадым. Оның ішінде таңда-улылары ағылшындардың грейхаундын, арабтардың салюкиін, қырғыздың тайғанын, орыстардың барзоясын, украинның хортесін бақтым, баптадым. Салыстыра келе бұлардың біреуі қазақы тазыға төтеп бере алмады. Ол жүйріктігі болсын, ол климатқа бейімделуі болсын, кез келген қашықтықта жалтаруы мен иісшілдігі де қалыс қалған. Салюкилер Арабияның ыстығына үйренген қанша жерден қара құмда қарақұйрық қақса да, тықыр, суыққа шыдамайды. Ал, ағылшынның грейхаундына арнайы күтім қажет. Оған жас баладай әлпеш керек екен. Тайғанның да мың әуресі бір басына жетерлік. Хортенің де салюкиден айырмасы шамалы. Жүні тықыр, жел ессе жетім күшіктей жасып қалады. Ең бастысы еуропалық иттер таңнан қара кешке дейінгі ат соңындағы сүркілге шыдамайды. Содан қазір қолыма тек 30-дан астам қазақы тазыларды ғана алып қалдым. Қолымдағыларды қазақы тазы деуіме негіз бар. Себебі, нағыз қазақы құмай сұлу қыздай сылаңдап тұрады, – дейді аңшы Асхат Аманкелдіұлы.

Расында, қазақы тазыны қазақтың көзі танымайтын ба еді?! Кешегі Кенесарыдай ер қырғыздардың әйгілі «Көкдауыл» тазысына тамсанғаны тарихта тұр. Асхаттың қазақы тазы танымы дәл Аркадий Слудскийдің стандартына сай. Бұл – ауыл тұрғынының ел сүйсінер ерлігі. Аңшы пайымына хақ берсек тазының көру, сезу, есту қабілеті жақсы дамыған және аңшылық мүмкіншілігі һәм амал-айласы басқа иттерге қарағанда көш ілгері көрінеді. Нағыз алғыр тазы секундына 30-40 мың дыбыстық тербелісті, тіпті кейде 70-100 мың қимыл-істі табан асты қабылдап, ажырата алады. Әрі иіс сезу қабілеті – 1,5х1,5 метр (бұл мөлшер адамда 5х5 см). Құмай тазы аңды қуғанда бір екпінмен 20-30 шақырым ұзақ жүгіре алады екен. Ал, бітімі: (еркек тазының) биіктігі – 65-70 см, салмағы – 20-25 келі деседі.

– Қазақ тазысы салюки немесе ауған тазыларына қарағанда 2-5 см аласа келеді. Қырым-кавказ тазыларымен салыстырғанда тұрқы – 5-6 см ұзын, салмағы 4-5 келіге ауыр болады. Сонымен қатар, оның өзіне тән арнайы белгілері де бар. Қазақта тазыны жарғақ құлақ және шашақ құлақ деп екіге бөледі. Қазіргі таңда шашақ құлақ тазыны көп өсіру қалыптасқан, – деп тағы бір түйді аңшы Асхат.

Асхат Аманбаевтың тазылары алған жүлделер

«Ұлт құндылығына бейжай қарағым жоқ»

Аталған ерекшеліктерден бөлек нағыз қазақы тазының ұрғашысы (қаншығы) еркегінен (арланы) гөрі алғыр әрі ширақ ке-леді. Ұрғашы тазы 7-8 айында аң алады. Еркектері 1-1,5 жасында толық жетіледі. Бұл дерек – бай-ырғының пайымы, дәлелі қазақы аңшылықта. Дәл осы тұрғыда мы-надай сұрақ туындайды. Ұрғашы тазы алғыр болса, ол күз басында жұптасып (қарығып) күз аяғында күшіктейді емес пе?! Сонда дәл қар жауған қансонарда күшіктеген күміс қарғылы қаншық желіні жер сызып аңға қалай жетпек деген. Оған Кеншоқының кесек аңшысы былай жауап қатты:– Жылына тек жасы келген қаншықтарды күшіктетуге тыры-самыз. Ал, жас тазылардың ұй-ығатын кезі басталысымен, жеке жерге 20-25 күндей босатпастан байлап қоямыз. Осы уақыт ара-лығында қаншықтың қарығы басылып, күйлеуін доғарады. Кей жерлерде ащы құрт береді немесе арнайы дәрі егіп күшік тастатады деп естимін. Мен олай қиянат қылмаймын. Түрлі дәріден зардап та көп. Ұлт құндылығына жүрдім-бардым қарағым жоқ, – деп жеткізді Асхат Аманбаев.

Асылында аңшы қолындағы тазыларды күшік кезінен егіп, алдымен ішек құрттарын түсіреді. Сосын айына үш реттен әдейі арнап дәрумендер береді. Арнайы құтырма, шошқа тұмауы секілді ауруға қарсы вакциналар да салып тұратынын да айтты. Тазыны тек қана баптап аңға салып қоймай оның денсаулығына да өте үлкен жауапкершілікпен қарайтыны исі қазақ баласын оның ішінде, аңшылыққа аңсары ауған ағайынға ақтарыла айтар мақтаныш. Осындай жанашыры бар, қабылданып жолға қойылған Заңы мен қолдауы қалыптасқан «Құтаяқтың» із-жолы құтты-қайырлы болғай!

Жан АМАНТАЙ,

Оrtalyq.kz     

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button