Жаңалықтар

Желмен жарысқан желаяқтар

Вера КАРПОВА есімі республикаға жақсы таныс. Әсіресе, спорт қауымдастығы ерекше құрмет тұтады. Жары Василий КАРПОВ екеуі өмірін жеңіл атлетикаға арнады. Бапкерлікпен айналысты. Жүздеген шәкірті дүбірлі додаларда топ жарды. Ұлдары Дмитрий Афины Олимпиадасында үздік үштікке енді. Міне, артында осындай өшпес өнеге, айшықты із қалдырған жан қандай құрметке де лайық екені сөзсіз. Сол құрметтің бір парасы – Қарағандыда төртсайыстан XVI республикалық ашық біріншілік өтті.

Қ.Нұржанов атындағы жеңіл атлетикалық манежде өткен тартысты бәсекеде 2008 жылы туған ұлдар мен қыздар мықтылық байқасты. 7 облыстан келген 100-ден астам жеткіншек жарысты. Турнирдің ашылу салтанатына облыстың дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев, облыстық мамандандырылған мектеп-интернаттың басшысы Ерден Халилин, әкелі-балалы Василий мен Дмитрий Карповтар және басқа да құрметті қонақтар қатысты.

– Турнирді үзбей өткізіп келген басқарма басшылығына алғысым шексіз. Анам шәкірттерін қаршадайынан бастап дайындағанды жақсы көруші еді. «Жастайынан үйренген бала жетіле келе үлкен белестерді бағындырады» деп отыратын. Қазір өзі дайындаған шәкірттері біршама белестерді бағындырды. Сол секілді бүгінгі жастар да үлкен жетістікке жететініне кәміл сенімдімін, – дейді Дмитрий Карпов. Былтыр аталмыш турнир пандемия салдарынан онлайн өткен болатын. Сол уақытта облыс құрамасы топ жарып, жақсы нәтиже көрсетті.

– Бүгінгі таңда жеңіл атлеттердің дайындық деңгейі жоғары. Жастар алдындағы буынға қарап бой түзеп келеді. Алысқа бармай-ақ, Қарағанды жеңіл атлетика спорт мектебінің өкілдері ересектер арасында Азия, республика чемпионатын ұтқанын айтсақ, жеткілікті. Келешекте бұдан да үлкен белестерді бағындыратынына кәміл сенімдімін, – деді жеңіл атлетикадан олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Жасұлан Жаңбырбаев.

Екі күндік турнирдің алғашқы күнінде қыздар бақ сынады. Жарыс талабы бойынша әр спортшы жеке-жеке төртсайыс бойынша сынға түсті. Әуелі 60 метрге жүгірсе, одан кейін ұзындыққа және биіктікке секіріп, өнер көрсетті. Соңында қыздар – 500 метрді, ұлдар 600 метрді жүгіріп өтті. Әр спортшының көрсеткіші жеке есептеліп, ұпай санымен бағаланды. Қорытынды көрсеткішке сәйкес, әр спортшыға жүлде табысталып, жалпыкомандалық есеп шығарылды. Айта кетейік, Карповтардың отбасылық досы Игорь Амалотов өз атынан турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне қаржылай сыйақы тапсырды.

– Жеңіл атлетикамен шұғылданғаныма 4 жылдан астам уақыт өтті. Үлкен әпкем де жеңіл атлетикамен айналысады. Сол кісіге қарап, осы спортқа келдім. Содан бері бірнеше облыстық, республикалық турнирлерге қатысып, жүлделі орындарды иелендім. Бұл жолы да мәреге бірінші келдім, – деді қарағандылық Сәния Хисамуддинова. Турнир қорытындысы бойынша қыздар арасындағы жалпыкомандалық есепте Солтүстік Қазақстан облысының спортшылары топ жарды. ІІ орынды – Ақмола облысы, ІІІ орынды қарағандылық спортшылар еншіледі. Ал, жеке сайыста солтүстікқазақстандықтар, яғни Ольга Быченко, Виолетта Заруцкая және Софья Сазонова жеңіс тұғырына көтерілді. Ұлдар арасындағы жалпыкомандалық есепте облыстық олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері жеңісті қолдан бермеді. ІІ орынды Солтүстік Қазақстан облысы, ІІІ орынды Қарағанды қалалық олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің спортшылары алды. Жекелей сында теміртаулық Георгий Козьма жеңімпаз деп танылды. ІІ орынды қарағандылық Дмитрий Прокопенко, ІІІ орынды жерлесіміз Никита Ковешников пен Владислав Калмыков еншіледі.

Ербол ЕРБОЛАТ.  

Басқа материалдар

Back to top button