Жел мен күн – сарқылмас қуат
Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ тапсырмасымен энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту және дамыту мақсатында еліміздегі агроөнеркәсіп саласын энергиямен кідіріссіз қамтамасыз ету қарқынмен қолға алынуда. Электр көзінен алыста орналасқан шаруашылық нысандары бұл күнде жел және күннен энергия алатын қондырғыларды іске жаратуда. Қарқаралы ауданында өткен жылы 63 станция алынса, жыл басынан бері 43 қондырғыға тапсырыс беріліп, орнату жұмыстары жалғасуда.
Сатып алынған электр станциялары құнының 80 пайызын Үкімет қайтарады. Яғни, субсидия төленеді. Бұл да шалғайда орналасқан шаруашылықтар үшін өте тиімді.
Балқантау ауылдық округіндегі «Құт» шаруа қожалығының басшысы Серік Мұқанов та жел генераторы мен күн сәулесінен қуат алатын қондырғыны орнатып, игілігін көріп отыр.
Қуаттылығы 5 кВт болатын қондырғының қосымша бірнеше аккумуляторы бар. Қыстақта жарық бар, теледидар көрсетіп тұр. Телефон және су соратын шағын гибридтік станция да аталмыш қондырғымен жұмыс жасауда.
Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытында Үкімет ұсынған барлық жеңілдікті пайдаланып отырған «Құт» шаруа қожалығы әулиекөл сиырын өсірумен айналысады. Өсімтал, ауа райына жылдам бейімделетін 142 ірі қара, 25 жылқы бар.
700 гектар жайылымдық және шабындық жерден 280 тонна мал азығын дайындайды. «С-145» маркалы шөп орау техникасының көмегімен күніне 11-12 тонна шөп дайындалады. Орама шөптің тиімділігі су өтпейді, шөптің сырты сарғайғанмен, іші көк шөп күйінде ұзақ уақытқа сақталады. Әрі еңбек өнімділігін арттырып, жұмыс күшін үнемдейді. Шаруашылық биылғы қысқа 80 тонна шөптен бөлек 500 орама қосымша дайындауды жоспарлап отыр. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған жеңілдіктерді кәдеге жаратқан шаруа қожалығы жаңадан тұрғын үй, мал қоралар, шағын шеберхана, қосалқы құрылыс нысандарын салып алған. Сондай-ақ, бау-бақша өсірумен де айналысады. Картоп, қияр мен қызанақ, шалқан, тұрып, қырыққабаттың бірнеше түрі, аскөк, ақжелкен, құлпынай мен сәбіз, пияз секілді көкөністер жайқалып тұр. Иен даланың сай-саласын малға толтырып, экологиялық таза табиғи өнімді тұтынып отырған шаруашылықтың алға қойған мақсаты – айқын, жұмысы – мығым, жоспары – ауқымды.
Сағыныш ӘБІЛОВА,
«Орталық Қазақстан»