Жел диірмені – жел сөз емес!

     «Жасыл экономика» ұғымынан жаһандану жаңғырығын сезініп, күмәніміз сейілмей жүргені рас. Бірақ, Халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесін қабылдап, жаһанға жасампаз жобаларымызбен жар салғалы отырған ел үшін бұл күдік те, күмән де емес. Жарқын жоба! Жел генераторы арқылы энергия өндіру жобасы Қарқаралыда қолға алынды. Бұл туралы облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВТЫҢ өңірге жасаған жұмыс сапары кезінде мәлім болды.

Ең бастысы, бұл жобаға бюджеттің бір тиыны да шығындалмайды. Қуаттылығы 60 Мвт болатын кешеннің құрылысына «Шаңырақ» компаниясы 44 млрд. теңге инвестиция құйып отыр. Жоба таныстырылымы аудан активінің жиыны барысында өтті. Компания басшысы Мұрат Доштаев:

Біз осы жобамызды жүзеге асыру арқылы еліміздің «Жасыл экономика» бағытында дамуына өзіміздің үлесімізді қоспақшымыз. Қазіргі таңда жобалық құжаттарымыз мемлекеттік сараптамаға жіберілді. Қорытындысын күтіп отырмыз. Кешеннің құрылысын осы жылдың маусым айында бастап, 2018 жылы аяқтауды жоспарлап отырмыз. Мамандар Германияда оқытылатын болады, – дейді.

Иә, инвестиция – игілік. Халықтың игілігі. Дәл осы жобаның жергілікті халық үшін тиімділігін саусақ бүгіп санамалай беріңіз. Біріншіден, аудан халқы арзан энергиямен қамтамасыз етіледі. Екіншіден, кешен құрылысы кезінде 220 адам үшін жаңа жұмыс орны ашылады. Үшіншіден, аудан бюджетіне қосымша салық түседі. Төртіншіден, экологиялық ахуал жақсарады. Тағысын-тағы…

Сондай-ақ, «Шаңырақ» компаниясының басшылары жоба аясында кешен жұмыскерлері үшін коттедж қалашығы мен 70 орындық балабақша құрылысын жоспарлап отыр. Яғни, жел диірмені – жел сөз емес!

Жаңа жоба облыс әкімінің көңілінен шықты. Дәл осындай бастамалардың Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасындағы «Туған жер» жобасына қосар үлесі зор екенін ерекше атап өткен аймақ басшысы:

Осындай кәсіпкерлер басқаға үлгі болуы керек. Өзінің қарақан басын емес, елді, жерді ойлайтын осындай азаматтарға қолдау көрсетуге тиіспіз, – деді.

Айта кетейік, Қазақстанда дәл осындай қуат өндіретін кешеннің баламасы жоқ әзірге. Ендеше, елімізде қолға алынып жатқан «Жасыл экономика» жобасының алғашқы қарлығаштарының бірі – Қарқаралы!

Ерсін МҰСАБЕК

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.