Жаңалықтар

Әже институты туралы ностальгия

Отбасылық құндылық қайдан шығады? Арғы-бергі салт-дәстүр, ғұрыптан. Көргеннен көңілге жиғаннан тамыр тартады. Одан ажырау – қожырау. Бұрын бізде маңызды әлеуметтік институттар мол еді. Бүгінде соның біразынан айырылып қалдық. Заман өзгерді. Сана құбылды. Оның әсері ғұрыптық институттарды күресінге шығарып тастады. Соның бірі – ата-әже институты. «Қайта құруды» басынан өткеріп, оңбай қалған институт. Содан да, осы күні жоғалу-жоғалмаудың алдындатұр. Қабырғасы қақырап, шаңырағы шайқалып, босағасы былқылдап. Біреуді сөгуге хақымыз жоқ. Мән айтуға да құқысызбыз. Тек бұрынғы әже институты қандай еді? Сол туралы ностальгия ғана. «… Керегі жоқ десе, өз сөзім – өзімдікі» (Абай).

«Әжеңді жиі айтасыз» дейді. Шын. Еріктен тыс кейде ауызға көп аламын. Жарықтық әжем – тұңғыш институтым болғаннан соң шығар. Сол кездегі сорымыз, әлде бағымыз, балабақша көрген жоқпыз. Ол уақыттағы ауыл баласының балабақшасы әжелер еді. Менің де балабақшам – әжем. Сабағым – ертегі, аңыз.

Мектепке барғанша таңертеңнен кешке дейін жалықпай әжемнің ертегісін тыңдайтынмын. Одан қалса, өзінің басынан кешкендері. Қолының тамыры ырсиып көрінген әжімдерін сипалап, «Бұл неге олай?» деген сұрақтар жаудырамын. Оған әжемнің жауабы дайын. Алғаш рет «Алпамыс батыр» жырын әжемнен 4-5 жасымда естідім. Одан соң Алдар көсені, Шық бермес Шығайбайды. Әйтеуір, есімде қалғаны – мектепке барғанда ең көп ертегі білетін мен екендігім. Сонда балалық сұмдық таңданыс туған. «Бұлар қалай ертегі білмейді? Әжелері ертегі айтпай ма сонда? Қалай?» деген. Бұл күні мұндай сұрақ қоюдың өзі біртүрлі секілді.

Көзімді ашқандағы таныған Әжем кимешек, бешпент, шапан, байпақ киетін. Кең етек көйлегін, кимешек, бешпентін, шапанын өзі тігетін. Жағасында сабақтаулы ине-жібі ұдайы жүретін. Кимешек-бешпентін өле-­өлгенше тастаған емес. Содан шығар, әженің образы санада кимешекті, бешпентті боп жатталып қалғаны.

«Әже мынадай!» дегенді ешкім миға тоқып, құймады. Бірақ іштей «Иә, әже осы!» деген бір сурет мәңгіге көңілде бекіп қалыпты. Сол суретті әлі іздейді бұл пақыр. Әжемнен соң кимешекті, бешпентті көрмей кеттік. Ғайып. (Мерекелерде көз алдауға, бір көрмеге киетін кимешек, бешпентті айтып отырған жоқпыз).

Қазір ойласақ, бойға сіңген жылт еткен жақсылық сол әжеден дарыпты. Есі енді ғана кіре бастаған кішкентай қызға «Әкең келе жатыр, тұр, төрге көрпе төсе» деген әженің қарапайым нұсқауының өзі Әкенің орны отбасында орасандығын санаға құйыпты. «Шешең жұмыстан келетін уақыт. Самаурын қой» деген зілсіз бұйрық Анаға құрметті еселей түсіпті. «Ұл балаға қол жұмсамайды, аяқ-қолың сынады» деген тыйым ойнап жүріп, шекісіп қалған қызға Аға-бауырдың қымбатын сездіріпті. «Қыз бала ер адамның алдын кеспейді, ұят болады» деп жүріс-тұрысқа шек қоюы – әдептің әліппесі екен. Қайсыбірін айтайық. Тоқсан бір жасаған әжемнің мыңдаған сабағының құрығында тоғызын бағалай алсақ, жарадық.

Дана әжеден даралық дарымаса да, бидайдың үлкендегідей ғана болса да, бір ұшқын алғанымыз өмірдегі терімқазық. Қажының келіні әжем аштықты, сұрапыл соғысты, шолақ белсенділердің «шаш ал десе, бас алған» пәтуасыз билігін өткерген еді. Балаларын, жарын жоғалтудың зіл батпан қасіретіне қайыспаған қайратты-тын жарықтық.

Кеңес кезінде де бес уақыт намаз оқитын. «Құдайдың құлымын. Мұхаммедтің үмбетімін. Шариғаттың досымын. Құдай бар. Пайғамбар хақ. Құран шын» дегенді тіліміз былдырлағаннан-ақ әжемізден жаттап алған едік.

Батагөй еді. Дастарқан басынан әжем бата жасамайынша тұрмайтын жазылмаған заң бар еді отбасында. Осы күні бата қайырмақ түгілі бетімізді сипай салуды да ұмытып кеткенбіз. Тіпті, алыстан, жақыннан әдейі бата сұрап, бата алғысы келетін адам да көп еді. Елдің бәрі «Әже» дейтін. Өйткені, басқалай атау мүмкін емес. Ол кісі Әже-тін, ақиқатында. Тізе берсем, таусылмайтын ауызша энциклопедия іспеттес. Қай сабағын тауысқандаймын?!

Бұл расымен, Әже институты екен. Осыдан соң қазіргі бұл институт қандай? Оны институт деуге сыя ма? Оны әркім өзі бағамдар…

Біздікі жәй. Отбасы күнінде ойға келген ностальгия…

Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button