Жаяу жүріп, шаң қаптырды
Қарағанды аймағы – жүздеген чемпионды дүниеге әкелген топырақ. Апта сайын жерлестер жеңіс тұғырынан көрінетін үрдіс қалыптасқан. Мәселен, Алматыда өткен халықаралық турнирде теміртаулық жаттықтырушы Ярослава Косулина скандинавиялық жаяу жүруден Әлем кубогында жеңімпаз атанды. Бәсекеге әлемнің он елінен 300-ден астам спортшы қатысқан болатын. Бұл туралы дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстан намысын Теміртау қаласының скандинавиялық жаяу жүргіншілері қорғады. Жаттықтырушысы Ярослава Косулина бастаған төрт адам бес шақырым қашықтықта бақ сынады. Тәлімгер 50-59 жас санатында бірінші, ал абсолютте екінші орынды иеленді.
– Біз өз жеріміздегі әлемнің үздік спортшыларымен бәсекелесудің бірегей мүмкіндігін пайдаландық. Команданың барлық қатысушылары өздеріне тиесілі қашықтықтарды абыроймен өткерді, – дейді Ярослава Косулина.
«54 жастағы Ярослава Косулина – күш-қуаты сарқылмайтын жігерлі жан. Ол облыстық мүгедектер спорты мектебінің пауэрлифтинг бойынша жаттықтырушы-оқытушысы. 2013 жылы Теміртауда сәбилерге арналған мектеп ашқан еді. Онда сәбиге дейін жүзіп үйренеді. Ал, 2007 жылы скандинавиялық серуендеуге қызығушылық таныта бастады. Осы спорт түрінің сертификатталған маманы», – дейді басқарманың баспасөз қызметі.
Құзырлы орындар Ярослава Косулинаның тыныс алу жаттығуларын әзірлегенін, оның ковид кезінде көп адамға көмек болғанын да ерекше атайды. Мына жеңісті жолда да жеңімпаз өзінің дем алу техникасын қолданған.
– Әлем кубогы кезеңінде қашықтықты бір деммен жүріп өттім. Өз техникаммен дем алдым. Техника маған жеңіске жетуге көмек болды. Жалпы, мен жаңалыққа ынтықпын. Мектептерімдегі, секциялардағы, үйірмелердегі пессимист адамдар көңілді, белсенді азаматтарға айналса, маған зор қуаныш, – дейді Ярослава Косулина.
Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz