Тұсаукесер

«Жауынгерлік даңқ» – батырлық үлгісі

Елін, жерін жаудан қорғаған батыр бабаларымыздың есімі мәңгі жадымызда. Қазақтан шыққан қаһармандардың есімін ұлықтаған «Қазақ халқының мұрасы – Мәңгілік ел» кітаптар сериясының бастамасымен «Жауынгерлік даңқ» лентасының тұсауы кесілді.

Лентада сонау Сақ заманынан бастап, ел қорғауда өшпес із қалдырған Шырақ батыр, Түркі қағанатын бодандық езгісінен құтқарған Құтлық қаған, Қазақ-жоңғар соғысында қолбасшылық жасаған Бөгенбай мен Қабанбай батыр, патшалық отарлауға қарсы күрес жүргізген Исатай Тайманұлы, ұлт-азаттық көтеріліс барысында нағыз батырға бергісіз ерліктің ерен үлгісін көрсеткен Кейкі батыр, Ұлы Отан соғысында қолбасшылық дарынымен көзге түскен Бауыржан Момышұлы және барша қазақ қыздарының ел қорғаудағы өшпес жолын жалғастырған Әлия Молдағұлова, Ауған соғысында ерекше батырлығымен көзге түскен әйгілі «Қара майор» атанған Б.Керімбаев бейнеленген. Сонымен қатар, лентада Ердің бес қаруы бейнеленген. Ол қазақтың жауынгерлік салты мен жолын білдіреді. Үстіңгі жағында тұрған Қазақстанның картасы мен көтеріліп келе жатқан күн бейнесі тұр. Ал, лентаның көк түсі бейбітшілікті меңзейді.
Отан қорғауды өмірінің мәні деп өткен батырларымыздың ел алдындағы еңбегі ерен. Тәуелсіздігіміздің тірегі. Біртуар батырларымыздың жауынгерлік тарихын насихаттау мақсатында лента жарыққа шықты. Лентаға қарасаңыз, сақ заманынан бастап қазақ халқының өмірі, қиын-қыстау кезеңі ойға оралады, – дейді автор Нұржан Сұршаұлы.

Бұған дейін «Қазақ халқының мұрасы – Мәңгілік ел» кітаптар сериясымен шыққан «Тәуелсіздік лентасы», «Қазақ күнтізбесі» сынды бірегей жобалалары көпшілік жадында. Ал, «Жауынгерлік даңқ» лентасы аталмыш жоба аясында жарыққа шыққан 23-ші туынды.

Басқа материалдар

Back to top button