Covid-19Бас тақырып

Жауапсыздық қайдан шығады?

Вакцина құжатын заңсыз жасатып, өздерін қауіпсізбін деп сезінетіндер қатты қателеседі. Олар өз басын ғана емес, жақындарының да өмірі мен денсаулығын бәйгеге тігіп отыр. Осындай қылмысқа барғандардың күн сайын ұсталып жатқандарын естіп, мұндай әрекеттің ерте ме, кеш пе әшкере болатынын аңғару қиын емес. Жалған құжатымен вирусты шынымен жұқтырып аламын ба?» деп немесе «өтірігі ашылып қала ма?» деп қорқынышпен сүрген өмір қандай болады екен?!

Өткен айдағы дерек бойынша елімізде жалған вакцина паспорты мен ПТР тестілеу құжаттарын жасаудың 65 фактісі тіркеліпті. Аймақтың Полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, қарағандылық тергеушілер COVID-19 ПТР тест нәтижесін теріске шығару фактісі бойынша екі қылмыстық істі тергеді. Бірінші факт бойынша Шахтинск тұрғыны колонияда жазасын өтеп жатқан досымен кездесу үшін басқа амал таппай, ПТР тестті оң нәтижеге түзетіп ұсынған. Облыс аймағында құрылыс-дәнекерлеу жұмысымен айналысатын Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны өзінің жұмыскерлеріне ПТР тест жасатқысы келмей, барлығына жалған құжат дайындаған. Қазіргі уақытта екі күдікті де ұсталып, өз кінәларын мойындаған. Жазасы – сот шешімі бойынша 20-30 АЕК мөлшерінде айыппұл. 87 510 теңге айыппұл адам өмірінің құны ма?

Қарапайым деген үй карантині режимін сақтай алмайтындарға қандай жаза? Жарайды, ешкімі жоқ, еріксіз дәріханаға, азық-түлік дүкеніне барсын делік. Бірақ, халыққа қызмет көрсету орталықтары, әуежай, теміржол сияқты қоғамдық орындарға барып жүргендерге не айтуға болады? Коронавирус жұқтырғаны зертханалық дәлелденіп тұрса да, емін-еркін жүргендер көп. Мұның барлығы «Ashyq» жобасын пайдалану нәтижесінде анықталған дерек.

– «Ashyq» жобасы арқылы осындай 4753 жағдай анықталды. Оның ішінде «қызыл» мәртебесі бар – 3946, «сары» мәртебесі бар – 807 адам. Карантин талабын бұзғандар әсіресе, Қарағанды, Жезқазған, Теміртау, Сәтбаев және Балқаш қалаларында көп. Осы айдың басында үй карантинін бұзған облыстың 13 тұрғынының аты-жөні жарияланды. Келесі аптада тізім жаңарады, – дейді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ресми өкілі Айгүл Шатекова.

Өкілдің айтуынша, үй карантинін бұзғаны үшін жеке тұлғаларға әкімшілік құқықбұзушылық туралы 58 хаттама толтырылған. Жалпы өндіріп алу сомасы 2,5 миллион теңгеден асады екен. Алайда, айыппұл салумен мәселе шешілер ме екен?

Денсаулық сақтау министрлігі жалған вакцина құжатын сатып алғандарды да не істерін білмей дал болып отырған сыңайлы. Қағазда вакциналанған болса да, іс жүзінде қорғалмағандар ауырып жатыр. Ол қателігін мойындап, вакцина алғысы келген күннің өзінде екпе салдыра алмайды. Себебі, ол ақпараттық жүйеде вакцина алғандардың қатарында тұр. Енді ведомствода вакцина паспортын сатып алғандарға рақымшылық жасау мәселесін талқылауда. Алматы қаласының бас санитария дәрігері Жандарбек Бекшин ол адамдар вакцинаны ақылы түрде өткені дұрыс деп санайды.

Өзін ғана емес, айналасына қауіп төндірген адамның қылмысына рақымшылық жасау қаншалықты әділетті? Мұндай жауапсыздыққа қоғамның жауабы қандай болуы тиіс? Бір жағынан, өтірікке бару тұтас вакциналау кампаниясына кесірін тигізуде. Вакцина алғаннан кейін де COVID-19 жұқтырғандар арасында оны «өтірік» алғандар да жүр. Оның қайсы шынымен алғанын, қайсы жалған құжат жасатқанын білу мүмкін емес.

– Осының салдарынан өтірік вакцина алғандар шынымен ауырып, вакцинаға сенімсіздік арта түседі. Вакцинадан кейін ауырғандар арасында оны алмай ауырғандар санын анықтай алмаймыз. Бұл вакциналаудың қарқынына, оған деген сенімінің қалыптасуына тікелей әсер ететін мәселенің бірі, – дейді қаладағы №3 емхана директорының орынбасары Виктор Музафаров.

«Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» десек те, осындай қадамға адам биліктің осалдығынан ба, адамның жауапсыздығынан бара ма?

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button