Жауапкершілік жүгі қанша теңге?

Жыл соңында Денсаулық сақтау министрлігі медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру туралы заң жобасын ұсынды. Оны Мәжіліс депутаттары бірінші оқылымда-ақ қабылдады. Енді жаңа құжат аясында дәрігердің қателігі үшін сақтандыру төлемін жасап, медицина қызметкерлерінің қылмыстық жауапкершілігін жеңілдетпек. Медициналық немесе фармацевтикалық қызметкердің кәсіби міндетін дұрыс орындамағаны үшін жаза жеңілдеуі мүмкін. Себебі, заң Қылмыстық кодексінің 317-бабын ізгілендіруді көздейді. Яғни, кодекстегі санкциялық шаралар төмендетілмек. Ісіне салғырт қарап, ауруымнан айығамын деп келген адамның ауруына ауру жамап, тіпті, өмір сыйлаудың орнына өліміне себеп болған медицина мамандары қылмыстық жауапкершіліктен құтылғаны ма? Министрлік жауапкершілік жүгін қанша теңгеге бағалап отыр?

Ресми мәліметке сәйкес, елде жылына сапасыз медициналық қызмет көрсету бойынша 300-ге жуық іс қозғалады екен. Соның басым бөлігі екі бапқа негізделеді. Атап айтқанда, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 80-бабы, ол – «Медициналық көмек көрсету тәртiбiн, стандарттарын сақтамау және оны сапасыз көрсету» және Қылмыстық кодекстің 317-бабы «Медицина немесе фармацевтика жұмыскерiнiң кәсiптік мiндеттерiн дұрыс орындамауы». Министрлік осы қылмыстық бапты ізгілендіруді көздейді. Атап айтқанда, науқастың денсаулығына ауыр, орташа және жеңіл зиян келтіргені үшін жазаны жеңілдету ұсынылып отыр. Мәселен, құжат шеңберінде айыппұл мөлшерін және денсаулыққа байқаусызда орташа және ауыр зиян келтіргені үшін қамауға алу мерзімін төмендету, пациенттің денсаулығына ауыр зиян келтірілгенде немесе қайтыс болған кезде «бас бостандығынан айыру» жаза мерзімдерін қайта қараумен «бас бостандығын шектеуге» ауыстыру енгізілген. Мұны министр Ажар Ғиният медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыру және оларды әлеуметтік қолдаумен байланыстырады.

– Бұл – өте маңызды құжат. Заң жобасында дәрігерлерді қолдауға арналған көптеген шаралар қарастырылған. Мысалы, дәрігер тарапынан медициналық көмек дұрыс көрсетілмесе я болмаса, біреудің денсаулығына қатер төндірген жағдайда бірден соттамайды, сақтандыру компаниялары мен медиация арқылы көмек беріледі, – дейді Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.

Заң жобасына сәйкес дәрігердің қателігінен науқастың денсаулығына зиян келсе, сақтандыру компаниясы төлем жасауға міндетті. Министрлікте түсіндіргендей, ұсынылған міндетті сақтандырудың бейімделген моделі жұмыс істеп тұрған сақтандыру ұйымдары арқылы жасалады. Төлемнен бас тартқан және қанағаттанбаған жағдайда пациент сотқа жүгінуге құқылы. Сақтандыру жарнасының мөлшері қауіп дәрежесіне байланысты бекітілген есептеулердің негізінде медицина қызметкерінің жауапкершілік дәрежесін ескере отырып айқындалатын болады.

Құжатқа сәйкес, науқас денсаулығына келтірілген зиян 300 АЕК, ІІІ топ мүгедегі болып қалса 500 АЕК, ІІ топ үшін 600 АЕК, І топ мүгедегі болып қалса 800 АЕК мөлшерінде төлем жасалады. Ал, адам көз жұмса сақтандыру 1 мың АЕК болады. Биыл бір АЕК 3450 теңге екенін еске салсақ, адам өмірінің құны қанша екенін есептеп алу қиын емес.

SENIM Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағының Қарағанды облыстық филиалында айтқандай, бастысы науқас материалдық көмек алады.

– Әдетте дәрігерлік қателікті дәлелдеу қиын. Онымен Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті айналысады, қорытындыны сол жер береді. Алайда, ол ұзаққа созылуы мүмкін. Бұл ретте әр медициналық мекемеде ішкі аудит қызметі болады. Ол медициналық қызметкердің кінәсі бар деп есептесе, еш кедергісіз материалдық төлем жасау құқығын береді. Яғни, науқас сотқа барып, қорытынды күтіп жүрмейді, – дейді облыстық кәсіптік одақ төрағасының орынбасары Сұлтан Медеубаев.

Оның айтуынша, облыстық филиал аталған заң жобасын талқылау жұмыстарына қатысыпты.

– Біздің филиал бірнеше ұсыныс білдірді. Мәселен, бір оқиғаға қатысты бір емес бірнеше адам қатысты болса, материалдық төлемді жасау механизмі анықталуы керек. Сақтандыру төлемін 2023 жылдан бастап жұмыс берушілер жасауы керек, ал, 2025 жылдан бастап 50/50 болып жұмыскер де төлеуі тиіс. Біздің ойымызша, сол төлемдерді жұмыс берушінің өзі төлей бергені дұрыс. Мұндай сақтандыру барлық мамандарға емес, хирург, анестезиолог, акушер-гинеколог, травматолог сияқты мамандарға міндетті, – дейді Сұлтан Бейсенбайұлы.

Бір айтарлығы, дәрігерлік қателіктің әлі күнге дейін нақты анықтамасы жоқ. Әлемдегі бірде-бір мемлекеттің Қылмыстық кодексінде осыған қатысты нақты анықтама жазылмаған. Тіпті, арнайы статистикасы да жасалмайды. Біздегі сапа арызшағым санымен ғана өлшенетіні рас. Дәрігерлік қателіктің түп-тамырына қатысты сөз қозғалса, айтар себептер де дайын. Заманауи медициналық жабдықтың жоқтығы, мамандардың жеткіліксіздігі, дәрігердің әрекетсіздігі тағысын-тағы. Бұлар бәлкім жалпы жүйенің кемшілігі болар. Десе де жеке маманның кәсібилігі, оның қателігі не ұқыпсыздығы науқастың өміріне қауіп төндірмеуі тиіс-ті. Жұмысына салғырт қарау жауапсыздықты білдіреді. Себебі, оның жұмысы адам өмірін сақтаумен байланысты. Ал, Ата Заңның 1-бабында көрсетілгендей, мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары.

Жансая ОМАРБЕК.

Оrtalyq.kz